Ақпанның 12-сі күні журналистер, адам құқығын қорғаушылар облыс әкіміне «қолайсыз» сауал қойған соң жұмыстан шығарылған Лұқпан Ахмедьяровтың ісіне араласуын сұрап, мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке үндеу жолдады.
Олар, сондай-ақ, елде баспасөзге қарсы күш көрсетулер мен қысым жасау оқиғаларының жиілеп кеткенін айтады.
Орал қаласындағы «ТДК-42» телеарнасының бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров қаңтардың 29-ы күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке туыстарының облыстық бюджетті игеруге қатысы туралы сұрақ қойған еді. Осының ізінше ол жұмыстан босады. Қазақстандық журналистер мен қоғам қайраткерлері арнайы үндеу жолдап, осы мәселеге Мәдениет және ақпарат министрінің назарын аударды.
«Журналист қоғамның пікірін білдіреді және әкімге тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді қойған. Ал шенеуніктердің барлығы да ашық болулары тиіс, олардың әрекеттері – журналистердің назарында болуы керек», - делінген мәлімдемеде.
Соңғы уақытта Қазақстанда журналистерге қоқан-лоққы көрсету фактілеріне алаңдаушылығын білдірген журналистер қауымы бұған қатысты қозғалған қылмыстық істерге министрдің араласуын сұрайды.
Үндеу авторлары министр ретінде Мұхтар Құл-Мұхаммед «өз әріптестеріне ықпал етеді және оларға журналистермен қарым-қатынастың шегінен шығудың мемлекеттің, үкіметтің және парламенттің имиджіне нұқсан келтіретінін түсіндіре алады» деген үміт білдіреді.
Аталған мәлімдемеге қол қойғандардың бірі – «Тасжарған» газетінің бас редакторы Бақытгүл Мәкімбай Қазақстанда баспасөз бостандығының ахуалы өте нашар жағдайда деген баға береді. Оның айтуынша, Қазақстанда журналистерге біріншіден, моральдық-психологиялық жағынан шектеу қойылса, екінші жағынан, заңдық тұрғыда шектеу бар.
- «Дат» жобасымен шығатын газеттерде он жыл бойы жұмыс істеп келем. Сотқа шақырылмаған немесе қысым көрмеген бір жылымыз болмаған шығар. Таяқ та жедік, талай сотталдық, редакциямыздың терезесі де атқыланды, машинамызға жарылғыш зат та қойды, өзімізді аңдиды. Тіпті, қазірдің өзінде телефонмен звондап қорқытады. Тым болмай бара жатса, үйге учаскелік полиция келіп, «бұл үйде сіздер шулайды екенсіздер, көршілеріңіз шағым айтыпты» деп тексеріп кетеді. Енді Қазақстанның заңында телефон соққаннан кейін келіп, үйді тексеру деген жоқ қой. Тым болмай бара жатса, салық комитетінен шақырып, «салық төледің бе?» деп сұрайды, - дейді Б.Мәкімбай.
Оның айтуынша, жақында ғана «БАҚ туралы» заңға енгізілген өзгерістерден басылымдарға келіп-кетер пайда жоқ. «Бұрынғы заң сол күзелген күйде қалды», - дейді ол.
«Жас Алаш» газетінің Кавказдағы тілшісі Мұхтар Сеңгірбайдың ойынша, баспасөз бостандығы журналистердің азаматтық позициясына, ішкі еркіндігіне байланысты болмақ:
- Мәселен, Украинада осыдан 4-5 жыл бұрын ғана сөз бостандығының жағдайы өте жаман болған. Өздеріңіз білесіздер, ол елде Георгий Гонгадзе деген атақты журналист жауыздықпен өлтірілген. Оның басы кесіліп, денесі басқа жақтан табылған. Осындай қиындықтарға қарамастан олардың журналистері өздерінің құқықтарын қорғап, билікке өздерінің үндерін жеткізе білген. Қазір журналистері айтады: «Бізде енді Гонгадзенің оқиғасы қайталанбайды, себебі, біз ондай кедергілердің барлығын жойып, азаматтық позициямызды қорғай отырып, оны аттап өттік» дейді.
Осы айдың басында жарияланған Халықаралық баспасөз институтының (International Press Institute) баяндамасына сәйкес, Қазақстанда баспасөздің жағдайы көрші елдермен салыстырғанда тұрақты деп бағаланғанымен, цензура мен журналистерге қысым жасау жағдайлары әлі де негізгі проблема болып қалып отыр.
Сондай-ақ, аталған институт сарапшылары жергілікті ақпарат құралдарының басым бөлігінің президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қарайтынын атап көрсетеді. Ал журналист Мұхтар Сеңгірбайдың ойынша, мұндай құбылыстар көбіне, белсенділігі төмен қоғамда болады.
- Кез-келген демократиялық елде президенттің өзінің ақпараттық саясаты болады. Ал оған балама қарсы тұратын күш - белсенді азаматтық қоғам болуы керек. Сондықтан оның президент маңына шоғырлану-шоғырланбауы сол қоғамның өзінің белсенділігіне, журналистердің өзінің позициясын ұстай білуіне байланысты, - дейді Мұхтар Сеңгірбай.
Сонымен қатар аталған баяндамада «Шекарасыз тілшілер» (Reporters Without Borders) халықаралық ұйымының шолуы келтірілген. Онда баспасөз бостандығы бойынша, Қазақстан 169 елдің арасында 125-ші орында тұр.
- Менің ойымша, Қазақстан үшін бұл орын шынымен де ұятты. Олай болатын себебі, бұл дерек баспасөз бостандығына байланысты жылда келтіріліп жүр. Ал одан бір қадам алға жылжымау – ұят нәрсе, – дейді қазақ журналисті Жарқын Сәлен.
Халықаралық баспасөз институтының дерегі бойынша, 2008 жылы өзінің кәсіби міндетін атқару кезінде әлемде 66 журналист мерт болған. Оның екеуі - Ауғанстанда, 6-уы - Пәкістанда қаза тапқан.
Ал қазақстандық қоғам өкілдерінің елдің мәдениет және ақпарат министріне жолдаған мәлімдемесінде тек биылғы қыс мезгілінің өзінде Қазақстанда бірнеше журналистке шабуыл жасалғаны айтылған. Олардың арасында «Тасжарған» газетінің тілшісі Артем Миусов, «Азаттық» радиосының редакторы Ермек Болтай және «Общественная позиция» газетінен Бақытжан Нұрпейісовтің есімдері аталған.
ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, ақпанның 12-сі күні министр М.Құл-Мұхаммедтің мәлімдемесіне қатысты түсінік берген «Жайық пресс» медиа-холдингінің төрағасы Шыңғыс Мұқан «ТДК-42» телеарнасының бас редакторы Лұқпан Ахмедьяровтың қызметтен кетуі - облыс әкіміне қойған сұрақпен байланысты емес екенін айтыпты.
«ТДК-42 телеарнасының меншік иесі Серік Мерғалиев арна қызметкерінің қызметін төмендетуді өз еркімен шешкен. Кейбір басылымдар «әкім Серікке хабарласып, Л.Ахмедьяровты орнынан алуды талап етіпті-мыс» деп хабарлады. Бұл – жалған. Әкімнің бұған еш қатысы жоқ», - деген түсініктеме берген Ш.Мұқан.