Баспаханалар «Республика» атауы бар қос газетті басып шығаруға жүрексінеді

«Республика» газеттер жобасы бас редакторының орынбасары Оксана Макушина (сол жақта) және «Голос республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева. Алматы, 17 наурыз 2010 жыл.

«Голос республики» және «Моя республика» басылымдарын елдегі баспаханалардың ешқайсысы басып шығарғысы келмейді. Бұл үшін Қазақстанның жоғары билік орындарын кінәлаған газет редакциялары үкімет пен бірқатар мемлекеттік мекемелерді сотқа берді.

БИЛІК ПЕН БАСПАХАНАЛАРДЫ СОТҚА БЕРУ

Жарты жылдан бері «Голос республики» және «Моя республика» басылымдары қарапайым кеңсе құрылғыларының көмегімен қағазға басып шығарылып, онан кейін қолмен түптеліп, сол күйінде өз оқырмандарына жетіп отыр. Ал Қазақстанда ешбір баспахана, тіпті қаржылық қиындықтар көріп отырғанына қарамастан, бұл екі газетті басудан үзілді-кесілді бас тартумен келеді дейді аталған басылымдардың редакциясындағылар.

Олар өздері кезігіп отырған бұл проблемаға биліктің қатысы бар деген күдік айтады. Наурыздың 17-сі күні Алматыда баспасөз-мәслихатын жинаған екі басылымның редакция өкілдері бірқатар мемлекеттік органдардың үстінен сотқа шағым бергендерін мәлімдеді.

«Үкіметтен бөлек, мемлекеттік органдардан жауапкер ретіндеҚазақстан президентінің әкімшілігін, бәсекелестікті қорғау жөніндегі
«Голос республики» газетінің заңгері Сергей Уткин. Алматы, 17 наурыз 2010 жыл.
агенттікті, бас прокуратураны сотқа бердік. Бұлар біздегі заңның орындалуын қадағалауы тиіс органдар. Айталық, біз аталмыш агенттікті не үшін жауапкер ретінде алып отырмыз? Республикадағы барлық баспалардың бір газетті алалауы – бұл отандық ақпарат құралдарының бірін жасанды жағдай тудырту арқылы нарықтан ығыстырып шығарып тастау. Бұл жерде әрине, ақпарат және мәдениет министрлігі жетіспейді. Қазір ол тарап кетті. Ал қызметіне енді кіріскен жаңа министрліктің үстінен шағым тастауды жөн көрмедік», – деді «Голос республики» газетінің заңгері Сергей Уткин.

«Республика» жобасы жетекшілерінің айтуынша, олар сондай-ақ, газетті басудан бас тартқан Алматыдағы ондаған баспаханалардың үстінен де шағым түсіріп отыр. Сергей Уткин басылымның шағым берудегі мақсаты – «Республика» атауы бар газеттерді басуға баспаханаларды мәжбүр ету емес, тек оларды басып шығару үшін қандай шарт қойып отырғанын білу екенін айтады.

«Біз негізі барлық баспаханаларды жауапкерлер қатарына кіргізгіміз келген. Бірақ шағымда тек Алматыдағы баспаханалардың тізімі ғана бар. Шағымда оларға біз жеңіл талап қойып отырмыз: баспахана иелеріне газетті А2 немесе А3 форматында апта сайын 20 мыңдық тиражбен басып шығарудың шарттарын шағымданушыға жазбаша нұсқада жіберуді міндеттеу. Біз іс жүзінде барлық шарттарға келісіп жүрміз. Өкінішке қарай, бізге ешбір баспахана ондай мүмкіндікті ұсынбай отыр. Біздің болжамымыз бойынша, жоғарыда аталған мемлекеттік органдардың осыған қатысы бар болуы мүмкін», – деді заңгер Сергей Уткин.

БҰЙРЫҚ БЕРГЕН КІМ?

Осыған дейін аталмыш басылымдардың өкілдері бірқатар мемлекеттік органдардан, атап айтқанда Ішкі істер министрлігінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Қазақстан президентінің әкімшілігінен және т.б. ресми орындарға газетті баспау жөнінде бұйрыққа ол мекемелердің қатысы бар-жоқтығын сұраған кезде әлгілердің барлығы бір ауыздан «жоқ» деп жауап беріпті.

Әйткенмен, кейбір баспахана өкілдері биліктің бұл сөзін жоққа шығаратынын айтады «Голос республики» газетінің бас редакторы Татьяна Трубачева.

«Кейбір баспаханалар бізді саяси себеппен баспай отырғанын ашық айтып отыр. Атап айтқанда, Тараздағы баспаханалардың бірімен сөйлестім. Сынақ ретінде өзімді басқа басылымнан екенімді айттым. Олардың маған қойған ең әуелгі сұрағы газеттің форматы, тиражы жайында емес, «оппозициялық басылым емессіздер ме?» деген сауал болды. Ол тіпті, оппозициялық басылымдарды санамалап берді. Олардың арасында «Голос республики» де бар. Сонан соң оппозициялық басылымдарды баспайтынын айтты. Мен одан себебін сұрадым. Ол «республикада баспаханалардың жағдайын өзіңіз де біліп тұрған шығарсыз» деп жауап қатты. Біздің болжамымыз бойынша, газетті баспау жөнінде бұйрық тікелей президент әкімшілігінен немесе тікелей үкіметтен беріліп отыр. Естеріңізде ме, президенттің қазіргі кеңесшісі Ермұхаммет Ертісбаев мырзаның өзі кезінде «ешқандай баспахана газетті басып, сау басына сақина тілегісі келмейді» деп дәл айтқан болатын», – дейді Татьяна Трубачева.

«Республика» газеттер жобасы бас редакторының орынбасары Оксана Макушина басылымның сапасыз күйде шығуының зардабы оның оқырмандарына да әсер етіп отырғанын айтады.

«Газет оқырмандар қолына тиіп отырғанымен оны басып шығару өте мехнатты іс болып отыр. Іс жүзінде оны қолмен шығарып отырмыз десек те болады. Газет беттерін реттеу аз болғандай, оларды қолмен қысқышпен қысамыз. Оның үстіне біз іскерлік басылымбыз. Біз оқырмандар арасында арнайы сауалнама жүргізген кезде, бұл газеттің беделіне нұқсан келтіретінін де байқадық. Бұл жай ғана сөз болмас үшін біз сұралған адамдардың барлығын видеоға жазып алдық. Соны үкіметтің үстінен беретін шағымға қосымша материал ретінде ұсынып отырмыз», – дейді Оксана Макушина.

Дәл осы мәселеге қатысты шағымда көрсетілген баспаханаларға хабарласқанымызбен олардың ешқайсысы түсінік беруге құлық танытпады.