Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет тәуелсіздігі ғасырлар қойнауынан бастау алатынын атап айтты. Бірақ бұл сөзі осыдан 4 жыл бұрынғы өз мәлімдемесіне қайшы келіп отыр. Азаттық радиосының дөңгелек үстелінде бас қосқан сарапшылар ел басшысының осы екі тұжырымын талқыға салды.
ЕЛ БАСШЫСЫНЫҢ ЕКІ СӨЗІ
Биылғы 15-желтоқсан күні, ұлттық тәуелсіздіктің жарияланғанына 18 жыл толуына арналған Астанадағы салтанатты жиында қазақша сөйлеген сөзінде, президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Мұнан 18 жыл бұрын қазақ жерінде атқан тәуелсіздік таңы Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан мына дархан даланың төсін қанымен, терімен суарған ата-бабаларымыздың қасиетті күресінің заңды жемісі, нақты нәтижесі дейміз», – деп атап көрсетті.
Президент бұған дейін, 2005 жылдың 24-тамызында, теледидардан көрермен қойған сұраққа тікелей эфирде орыс тілінде берген жауабында: «Қазақстанның, қазақтардың ешқашан шекарасы болған емес. Бүгінгі күні белгіленген шекара аумағында ешқашан ешқандай мемлекеттік болған емес», – деп мәлімдеген еді.
Сонда Қазақстанда 1989 жылдан бері билік басында отырған басшының қай сөзі – тарихи ақиқат? Егер президенттің 2005 жылғы сөзі тарихи ақиқат болса, онда Жәнібек-Керей, Қасым хан, Есім хан, Абылай хандар билеген тарихи кезеңдерді айтпағанда, 1917-1920 жылдардағы Алаш-Орда автономиясы мен советтік Қазақстанның да мемлекеттік шекарасы болған жоқ па?
Міне осындай сауалмен Азаттық радиосы дөңгелек үстел талқылауын өткізді.
Оған «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Байменов, тарих ғылымдарының докторы, Мемлекет тарихы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары профессор Ханкелді Әбжанов, белгілі қоғам қайраткері, кезінде «қазақтың мемлекеттігі болған емес» деген сөзі үшін президент Н.Назарбаевтың үстінен сотқа шағымданып, өзі сотты болған, «Жаса, Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлі және «Абырой» жастар қозғалысының төрағасы Азамат Жетпісбаев қатысады.
Дөңгелек үстелге парламент сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов шақырылған болатын. Алайда сенатор қатысудан бас тартты.
Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосының қызметкері Сұлтанхан Аққұлұлы жүргізеді.
АҚИҚАТҚА ЖАҚЫНЫ ҚАЙСЫ?
Жүргізуші:
– Сонымен, бірінші сауал: Қазақстан президентінің жоғары келтірілген екі пікірінің қайсысы тарихи ақиқат? Әңгімені, Жасарал мырза, сіз бастасаңыз.
Ж.Қуанышәлі:
– Баршаңызға бір сәлем! Жаңағы әңгімеге байланысты айтарым, Назарбаевтың соңғы айтты деген сөзі – ақиқат. Оған ешқандай талас жоқ. Бұл кісі 2005-жылдың 24 тамызы күні тікелей эфирде «Хабар», «Қазақстан» және басқа телеарналар арқылы «Қазақта ешқашан шекара болған жоқ, бүгінгі шекара шегінде ешқашан мемлекет болмаған» деп айтып, қазақ халқына жала жапты, шындықты бұра тартып, ақиқатқа қиянат жасады.
Мен өзімнің 2005-жылдың 5-қазан күні Жоғарғы сот және Қазақстанның Бас прокуратурасына Назарбаевты жауапқа тарту жөніндегі берген талап-арызымда былай деп жаздым: «Бұл айтылған сөзі басқаның емес, ел басқарып отырған адамның бүкіл тарихымызды ортасынан бір сызып, жоққа шығарды, ұлттың бетіне түкірген мәлімдемесі ешқандай ақылға да, қалыпқа да сыймайды. Сондықтан бұл кісі жауапқа тартылуы керек».
«Мемлекеттік опасыздық» және «ұлттық сатқындық» деген негізде ҚР Конституциясының 47-бабы мен ҚР Қылмыстық кодексінің 165-бабы бойынша жауапқа тартуды сұрадым. Ақыр аяғында менің өзімді Бас прокуратураның тапсырысымен ҰҚК жауапқа тартып, үстімнен қылмыстық іс қозғады.
Ұзақ тергеу жұмыстары нәтижесінде Медеу аудандық соты істі қарап, ешқандай дәлелге, айтылған уәждерге қарамастан жоғарының тапсырысын орындап, 2006-жылдың 31-шілдесі күні үкім шығарды. Үкім бойынша мені 2 жылға бас бостандығымнан айыру шешімі қабылданды. Құдай сақтаған болу керек, мені түрмеге жаппады.
Сол талап-арызымда да, басқа жағдайда да айтып келе жатқан менің «Назарбаевтың ешқандай тиянағы жоқ» деген пікірім бар. Бұл кісінің қай уақытта не айтатындығын алдын ала болжап білу мүмкін емес. Ылғи да алғашқы сөздерінен ауытқып, қарама-қайшы мағыналы бірдемелерді айтып отырады. Біз қазір соның куәсі болып отырмыз. Қазіргі айтқан сөзі бұрынғы айтқан сөзіне қарама-қайшы әрі бірін-бірі жоққа шығарады. Әлбетте, бұл біздің елімізге, халқымызға өзінің үлкен нұқсанын келтіріп отыр. Бізді ұятқа қалдырып отыр деп есептеймін.
Жүргізуші:
– Әлихан мырза, сөз кезегі өзіңізде.
Ә.Байменов:
– Келтірілген екі мысалда қоғамдық саяси кеңістігіміздің екі үлкен мәселесі көрініс тауып отыр.
Біріншіден, біздің саясаткерлердің бәрі елбасынан бастап екі тілде екі түрлі сөйлейді. Қазақ және орыс тіліндегі сөздерінің стилі мен мазмұны әртүрлі. Қазақ тілінде жеку, дидактикалық бағытта сөйлеу көп орын алған.
Назарбаевтың мына сіз айтқан екі сөзі екі тілде сөйленген болып отыр. Бұл – біздің әлі де отарлық санадан айыға алмай отырғанымыздың, деколонизацияға толық ұшырамағанымыздың белгісі.
Екіншіден, біз өзіміздің мемлекеттігіміздің толық әрі кешенді тарихын әзірлеп, көпшілікке ұсынбай отырмыз.
Біз, алыс ғасырларды қойғанда, ХХ ғасырдың 20-40 жылдар аралығындағы көптеген ұлы азаматтарымыздың өзін толық ашпаған, советтік дәуірге толық саяси баға бермеген мемлекеттің біріміз.
Тарих оқулықтарын алып қараңыз. Онда адамзат тарихындағы бір халыққа қарсы жасалған ең үлкен қылмыс – екі рет әліппені ауыстыру жазылмаған, болмаған оқиға секілді. Біздің балаларымыз «Біз кириллицамен әлімсақтан келе жатырмыз» деп ойлайды.
Үшіншіден, біз қазір мемлекеттіктің жаңа түрін қалыптастырып келе жатқан елміз. Иә, Қазақстан Республикасы деген атаумен бұрын бізде мемлекет болған жоқ. Бірақ бұл далада, біздің қазақтың жерінде талай түрлі мемлекеттік болды.
Оны болмады деп айту немесе ХХ ғасырдағы қалыптасқан ұғыммен шекаралары болмады, бекітілмеді деп айту – сол орта ғасырлардағы мемлекеттердің тарихын, олардың өзара қарым-қатынас эволюциясын түсінбеу, оның ішінде көшпенді мемлекеттердің ерекшелігін түсінбеу. Сондықтан мемлекеттік болған жоқ деген пікір – қате ұғым деп санаймын.
Ол уақытта ешқандай мемлекеттің ортасында дәл бүгінгідей шекаралар демаркациясы, делимитациясы болған жоқ. Егер осындай қисынмен келетін болсақ, онда Шыңғыс ханның да мемлекеті болған жоқ деп айтуға болады.
Иә, біздің Қасым хан, Есім хан, Жәнібек пен Керейдің кезінде мүмкін мемлекеттіктің ортақ қаржы сынды кейбір функциялары болмаған
Егер мемлекеттік болмаса, онда Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісі де болмас еді. Ол мемлекеттігімізді қалпына келтіреміз деп ойлады ғой.
Біз қазір жаңа мемлекетті қалыптастырып келе жатқан буынбыз. 200 жылдай үзілістен кейін жалғасқан ортақ тарих – мемлекетіміздің тарихы және біздің этнопсихологиямыздың үлкен бір факторы.
Басқалар тіпті жоғын бар қылып көрсеткісі келіп, мың жыл бұрынғыларын, хандарын, мемлекет қайраткерлерін көтеріп жатқан кезде біздің барымызды жоқ қылып көрсету – біздің қоғамда сана тәуелсіздігін қалыптастыруға кері әсер ететін құбылыс.
Сондықтан Назарбаевтың желтоқсанның 15-күні айтқан сөзі ақиқатқа жақын, ал 2005 жылы 24-тамызындағы сөзі ақиқаттан алыс деп бағалау керек.
АЗАТТЫҚТЫҢ ҮШ САТЫСЫ
Жүргізуші:
– Азамат мырза, сіз не айтасыз?
А.Жетпісбаев:
– Мемлекетіміздегі сөз бен істің сәйкес келмеуі – жаңалық емес. Көп жағдайларды біз байқап жатамыз. Оған жеке өзім басым таңғалмаймын. Ол – бүгінгі біздің жүйенің үлкен кемістігі.
Әлихан мырза жалпы тарихқа байланысты айтып отыр ғой. Мысалы, қазірдің өзінде 1986-жылғы оқиғаның тарихы, шындығы, ақиқаты ашылмай отыр. Жастардың наразылығын басуға қатысқан адамдардың көбі бүгін билікте отырғандықтан, оның шындығы әзірше ашыла қоймайды. Мұндай шындықты қаламайтын тұлғалар биліктен кетпейінше біздің соңғы жылдардағы тарихымыздың шындығы ашылады деп айту қиын.
Жүргізуші:
– Профессор мырза, тарихшы ғалым ретінде сіз не уәж айтасыз: ел президентінің 2 пікірінің қайсысы тарихи ақиқат?
Х.Әбжанов:
– Бір ұстанымға келісіп алайық. Біз үлкен арнада тұрған соң біреуге қатты-қатты сөз айтудың, сатқын екен, пәлен екен деп анықтама берудің қажеті жоқ. Сөзіміздің негізді, дәйекті болғанына мән берсек деп отырмын.
Мен өзім Назарбаевтың алғашқы пікірінің жартысына қосыламын, жартысына қосылмаймын. «Бізде шекара болған жоқ» дегенге қосыламын, ал «мемлекет болған жоқ» дегенге қосылмаймын.
Ол уақытта шекара деген ұғым, түсінік те жоқ. Біз бүгінгі ұғыммен 5-6 ғасыр бұрынғы құбылысты бағаламайық. XV-XVIII ғасырдағы әдебиетті қарап отырсаңыздар, Асан Қайғы, Қазтуған, XVIII ғасырдағы Бұқар жыраулардан болсын «шекара» деген сөзді таппайсыз.
Онда «Жер» деген мәселе тұр. Ол уақытта қазіргідей шекараға мемлекеттік белгі қойып, оған әскер ұстап, шырмау құру деген болған жоқ. Жерді сақтау, бөтеннің басқыншылығынан қорғану деген болды.
Мәселен, Бұқарда мынадай сөздер бар:
Қалған елді тастаңыз.
Бөтен елмен үйір боп,
Іргеңізді қоспаңыз, – дейді.
«Ірге» деген мәселені айтып отыр.
Елбасының 24-тамыздағы сөзінде шекараның болған жоқ дегеніне бүгінгі шекара ретінде қарамау керек. Ол уақытта Қазақстандай ұлан-ғайыр жерді алып отырған халық та көп емес-тін.
Қазіргідей көрші мемлекеттер арасында мынау сенің шекараң, мынау менің шекарам дейтіндей мәселелер көтерілген жоқ. Ал мемлекетке келсек, иә, мемлекетіміздің болғаны рас.
Тағы бір ескертейік, мынау елбасының аузынан шыққан пікір емес. «Қазақтарда, жалпы көшпелілерде мемлекет те жоқ, тарих та жоқ» деп дәлелдегісі келген ғалымдар әлемде толып жатыр. Тойнбилер де осылай айтқан болатын.
Елбасының аузынан шыққан сөз – ғылыми жаңалық емес. Бұл – өмірде, ғылыми әдебиетте кездесіп жатқан әңгіме. Мен ешкімге адвокат
Назарбаевтың 15-желтоқсанда айтылған сөзі – тарихи ақиқат, дәл тұжырымдалған ой-пікір.
Менің пайымымша, азаттықтың үш сатысы бар. Бірі – номиналды, деклоративті азаттық. Ол – азаттығын жариялағанымен, әлі кешегі қожайынның ықпалынан шықпаған кезең. Екіншісі – өз жолыңды тапқаныңмен әлі басқалардың өктемдігінен толық құтылмаған кезеңдегі сындарлы азаттық. Үшіншісі – шынайы азаттық. Бұл уақытта ішкі-сыртқы саясаттың бәрі өзіңнің қалауыңмен, өзіңнің мүддеңмен жүреді.
Біз сындарлы азаттық дәуіріне келіп кірдік. Яғни біздің тәжірибеміз де, басқа құндылықтарымыз да азаттыққа сай келетіндей енді-енді ғана қалыптасып келе жатыр. Осыны ескеруіміз керек. Бәрін бірдей жоққа шығарып, ауызды қу шөппен сүрткен «Көрмес түйені де көрмес» деген мақалды еске түсіреді.
ХАЛҚЫ КЕДЕЙ ДӘУЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН
Жүргізуші:
– Қадірлі қонақтар, тәуелсіздіктің 18 жылдығына арнаған 15 желтоқсандағы сөзінде президент Н.Назарбаев: «Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін», деген едім. Сол айтқаным келді!» деп мәлімдеді. 18 жылдан кейін бірінші және қазіргі қазақ президентінің сөзі толығымен келді ме? Азамат мырза, бұл жолы сіз бастасаңыз.
А.Жетпісбаев:
– Азаттыққа байланысты айтатын болсақ, бүгінгі күнде қазақтар өз мемлекетінде өмір сүру деңгейі бойынша 5-ші орында тұр. Сондықтан
Біз номиналды азаттық кезеңінде тұрмыз. Құжат жүзінде азаттығымыз бар. Бірақ халық сол азаттықтың нақты жемісін, дәмін көре алмай отыр.
Мен Ханкелді ағамыздың айтқанымен толығымен қосыламын. Біз номиналды азаттық кезеңінде тұрмыз. Құжат жүзінде азаттығымыз бар. Бірақ халық сол азаттықтың нақты жемісін, дәмін көре алмай отыр.
Бүгінгі күнде саналы азаматқа сай келмейтін көптеген ұсыныстар айтылып жатыр. Мысалы, Қазақстан халқының ассамблеясына, мемлекет құраушы ұлт емес, басқа ұлт өкілдеріне «Ел бірлігі» доктринасын жасату – ақылға кіріп-шықпайтын нәрсе.
Жүргізуші:
– Профессор мырза, сөз өзіңізде.
Х.Әбжанов:
– Мен бұл сөздің жұлдызы жоғары болатынына, солай болды дегеніне қосыламын. Қазақстанды азат, тәуелсіз мемлекет ретінде әлемнің мойындағаны деп айтпай-ақ қояйық, танығаны – жұлдызымыздың жарқыраған сәті. Ал дәулет пен сәулетке келсек, әрине, әлі кедейшілік те бар, әлі шешілмеген жұмыссыздық та бар. Бұл толық шешілген емес.
Дәулет пен сәулет – өктем, байлығы шалқыған Америкада орныққан жұмақ емес. Дегенмен ертеңгі күннен үмітін үзбеген халықпыз ғой. «Таңғы ас тәңірден» деген сияқты. Біз дәулет пен сәулетті бірінші орынға қойып, руханият, имандылық жағын ұмытсақ, нағыз дағдарысымыз, кері кеткендігіміз сол сәттен басталады.
Дәулетіміз бен сәулетіміз, рухани имандылық қасиетіміз теңдей шалқыса, біз сонда ғана шынында да азаттықтың әкелген жақсылық-шарапатын көретін боламыз. Дәулет пен сәулетті қуамын деп мына адамның жан дүниесінің байлығы, адамгершілік мәселесін ұмыт қалдыруға болмайды. Бұл екі мәселе де әлі шешілмеген деңгейде қалып отыр.
Жүргізуші:
– Әлихан мырза, сіздің не айтарыңыз бар?
Ә.Байменов:
– Біздің басынан бастап ұстанған қағидамыз – «жетістікті көрмеу – соқырлық, кемшілікті көрмеу – жаны ашымағандық». Егер біз формалды түрде әлемге танылғанды айтсақ, Совет Одағы тарағаннан кейінгі 15 мемлекеттің барлығы қазір әлемге танылды.
Кішкентай, ешбір жерасты байлығы жоқ мемлекеттер де танылды. Оны жетістік деп айту қиын болар. Бірақ менің ойымша, Қазақстанның жетістігі деп Қазақстанның Ресей және Қытаймен шекараны бекітіп алуы және ішкі тұрақтылықты айтуға болады.
Десе де осындай жерасты байлығы бар халық өзінің еңбегіне лайық өмір сүріп жатыр ма? Жоқ. Бізде бай мен кедейдің арасындағы алшақтық өте үлкен. Ат төбеліндей ғана топ билікпен ауызжаласып алып, Қазақстанның жерасты байлығының қызығын көріп жатыр. Бұл – біздің шешілмей тұрған өзекті мәселеміз.
Екінші үлкен мәселеміз – моральдық азғындау. Бізде: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – деген сөз бар ғой. Сол
Қазақстанның жетістігі деп Қазақстанның Ресей және Қытаймен шекараны бекітіп алуы және ішкі тұрақтылықты айтуға болады.
Елдегі саясатта да, экономикада да теңдіктің жүзеге аспай тұрғаны – үшінші үлкен мәселе. Төле би: «Теңдік болмай елдік болмайды», – деп текке айтпаған болар.
Сонымен қатар, тағы бір үлкен мәселе – өткен екі ай бойы үлкен әңгіме болып келе жатқан біздің руханиятымыздың, тіліміздің 18 жыл болса да тиісті деңгейіне көтерілмей келе жатқаны.
18 жылдан кейін президент Қазақстан халқы ассамблеясында: «Біз бір-бірімізбен бүгін қай тілде сөйлесеміз, орыс тілінде сөйлесеміз», - деп мойындап отыр. Бұл 18 жылғы еңбекке өзінің берген теріс бағасы деп білемін.
Жүргізуші:
– Жасарал мырза, әңгімені қысқаша ғана сіз түйіндесеңіз.
Ж.Қуанышәлі:
– Мен профессор мырзаға өтініш айтқым келеді. Бұл жерде біз ешкімге кімнің не айтуы жөнінде нұсқау бермейік. Әркім өз ойын өзі айтады. Мен бұрынғы сотқа берген мәселені айттым. Сонда «мемлекеттік опасыздық» пен «ұлттық сатқындық» деп ресми түрде айтылған.
Шекара жөнінде айтпай кете алмаймын, шекара болған. Шекара, шек деген сөз қайдан шықты. Мемлекет қалай шекарасыз болады?! Шекарасыз мемлекет болмайды. Біздің батырларымыз, қолбасшыларымыз, жасақтарымыз шекарасын білмесе нені қорғаған?!
Ала баған болмаған, қазіргідей ит жетектеген шекарашылар болмаған. Оның орнына белгілер, қарауыл төбелер және т.б. болды. Сондықтан о заманның шекарасы болды. Меніңше, оны жоққа шығарудың ешқандай ғылыми негізі жоқ.
Ал Назарбаевтың әлгі айтқан әңгімесіне келетін болсақ, біз көп ұлтты мемлекет емеспіз. Біз – унитарлық, бір ұлтты мемлекетпіз. Қазақ ұлты – өз атын осы мемлекетке берген мемлекет құраушы ұлт. Қалғандары – диаспора. Оны мың-миллион рет айтып, замандастарымыздың миына қондыра алмай жүргеніміз басқа мәселе.
Ал біздің өркендеп өскеніміз жөнінде менің айтар ұғым-түсінігім – осында айтылған кейбір пікірлерден мүлде алшақ. Инеге байланған
Инеге байланған нашақор сияқты мұнайға, шикізатқа байланған, сол тұрғыда дамыған мемлекетпіз.
Олардың бағасы қалай құлдырап түссе, біздің «экономикамыз» да құлдырайды. Оны дағдарыс шет-жағалап көрсетті де. Сондықтан ол ешқандай да, ешкімнің де еңбегі емес, Алла тағала бұйыртқан астатөк жерасты және жерүсті байлығы.
Соны малданып, жарнамалап отырған жағдай бар. Басқасын мен көріп отырған жоқпын. Егер біз шын мәнінде дамыған болсақ, онда неге біздің «Шаңырақ», «Бақайларымыз» болуға тиіс. Бұл – қолдан жасалған қылмыс.
Жерді жеке меншікке беріп, сауда-саттық объектісіне айналдыру – халыққа қарсы жасалған қылмыс. Оның барлығын айтпай жауырды жаба тоқитын болсақ, онда біз кім боламыз?
Ата-бабаларымыз ешуақытта жер сатпаған. Біздің кешегі заңғар азаматтарымыз, ұлттың шынайы көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және т.б. «Жер сатушы болма, қазақ! Сататын болсаң – құрисың», – деп айтып кеткен.
Бұл – оны мансұқтап, олардың өсиетін аяқасты қылған саясат. Халықты қорлап, сорлы қылып отырған саясат. Қаншама халық қара шай мен қара нанға қарап отыр ғой. Мұны кім есепке алып отыр?! Бүкіл байлықтың 90 пайызы үркердей топтың қолында.
Содан қалғанын халыққа бөліп көр?! Сондықтан мұның барлығы да – алдау саясат. Оны жылтыратып көрсетудің еш қажеті жоқ. Меніңше, Назарбаевтың бұл сөзі – жалған.
СОВЕТ ҮКІМЕТІНЕН ҚАЛҒАН МҰРА
Жүргізуші:
– Құрметті қонақтар, кешегі тоталитарлық советтік жүйеден бүгінгі тәуелсіз қазақ еліне қандай теріс, ауыр мұра қалды? Жерге де бар, табиғи байлығы да шексіз, білімі де ешкімнен кем емес қазақ елінің шынайы азат, экономикасы дамыған әрі нағыз демократиялық ел болуына не немесе кім бөгет болып отыр? Профессор мырза, әңгімені сіз бастасаңыз.
Х.Әбжанов:
– Менің пайымымша, бізге қазір ең үлкен бөгесін – халықтың санасындағы, пікіріндегі, жан-дүниесіндегі советтік утопияға сенген әдет-ғұрыптың, түсініктің жойылмағаны.
Кешегі совет заманында «коммунизм құрамыз», «бүгіннен ертең жақсы тұрасың, бүрсігүні одан да әдемі өмір болады», «Совет Одағында
Ең үлкен бөгесін – халықтың санасындағы, пікіріндегі, жан-дүниесіндегі советтік утопияға сенген әдет-ғұрыптың, түсініктің жойылмағаны.
Міне, осы утопия біздің халқымыздың санасынан, жүрегінен әлі толық кеткен жоқ. Әлі де сондай ертең жұмақ келе қалатындай сенетін, соны бір өзінің жанына, санасына азық қылатын адамдар қауымы бар. Советтік мұраның ең ауыры, менің түсінігімше, санадағы адасу, елес қуу.
Осыдан біз арылмай және осының артында саяси мәдениетімізді, саяси белсенділігімізді көтермей азаттығымыздың баянды болуына, елімізде шын мағынасындағы заң мен құқықтың жұмыс істеуіне серпін бере алмаймыз.
Өйткені тарих жасайтын әлгі меншік емес, тарих жасайтын тап күресі емес, тарихты жасайтын – адам, адамның ақыл-мінезі, адамның әрекеті. Оның бәрі санаға байлаулы.
Біздің мәселелерді асқындырып тұрған кешегі совет заманынан қалған санадағы ауыр мұра – санадағы жалған қияс пікір, елес қуушылық деп айтар едім.
Жүргізуші:
– Жасарал мырза, кезек сізде.
Ж.Қуанышәлі:
– Профессордың бұл пікірімен мен түбегейлі келіспеймін. Утопия да жоқ, ештеңе де жоқ. Халық өз орнында. Өз орнында болмай тұрған – билік. Биліктің саясаты. Бізге отаршылдықтан қалған зардаптар. Сол зардаптарды жою бағытындағы саясаттың жүрмегендігі – ең негізгі біздің осал жеріміз осы.
Басқа елдер, әсіресе, Балтық бойы тәуелсіздік алғаннан кейін бірден отарсыздандыру бағдарламасын жасап, сол негізде жұмыс істеді. Бізде оның біреуі де болған жоқ. Маңайына жолаған жоқ.
Халықаралық отарсыздандыру, деколонизация нормалары – оның барлығы керек болмады бұл билікке. Соның зардабын шегіп келе
Халықаралық отарсыздандыру, деколонизация нормалары – оның барлығы керек болмады бұл билікке. Соның зардабын шегіп келе жатырмыз.
Бүгінге дейін тіл деп зарлауымыз, дін мәселесіндегі жасалып жатқан былықтар, жер мәселесі, басқа да жағдайлардың барлығы содан туып отыр. Егер, мысалы, сол отарсыздандыру бағдарламасы жасалып, билік тарапынан іске асырылған болса, көптеген зардаптардан біз әлдеқашан құтылып отырар едік.
Ол болмай мәселе түзелмейді. Сол тұрғыда, әлбетте, ең алдыменен бәріне кінәлі – билік. Біздің халқымыз – құдайға қараған, ешуақытта ешкімге зиян ойламаған, ешкімге зиян жасамаған халық. Ол егер дұрыс басшылығы болса, не нәрсені болса да алып кетеді.
Егер мына жеке билік режимі өзінің саясатын осылай жалғастыра берсе, ақыры не болатынынан мен қорқамын. Сондықтан тезірек осы Назарбаевтың жеке билік режимінен құтылу керек.
Халыққа қызмет етуге тиіс ақылды, адал, таза, парасатты азаматтар ел басына келіп, билікті қолына алатын болса, барлығы өз ретімен шешіледі.
Жүргізуші:
– Азамат мырза, сөз өзіңізде.
А.Жетпісбаев:
– Мен былай айтар едім. Саясат сол кешегі күндегідей қалды. Саяси саладағы әділ бәсекелестіктің жоқтығы бүгін де бар.
Біз өте көп нәрсені жоғалттық. Ең басты жоғалтқан нәрсеміз – сенім. Тағы бір айтатын мәселе, бүгінгі күнде қарапайым халықтың басым көпшілігінің бастарына қиындық түсуіне байланысты қазір байқалып жатқан тенденция – жастардың көбі дінге беріліп жатыр.
Бұрынғы кезбен салыстырғанда мешіттерде қарасаңыздар көбі жастар. Көбі түңіліп Алладан көмек сұрап, қол ұшын бер деп дінге жығылып жатқандарын көруге болады.
Біріккен Ұлттар Ұйымында мынадай есеп бар екен: кез келген мемлекет адам басына шаққанда жылына бір тонна мұнай және бидай
Біз кедей халқы бар бай мемлекетпіз.
Біздің мемлекетте, өзіңіз білесіз, өткен жылы 70 млн. тоннаға таман мұнай өндірілді, 20 миллиондай астық өндірдік. Сол көрсеткішке қарағанда біз кедей халқы бар бай мемлекетпіз.
Оны ұялмай бүгінгі күнде бәрі айтып отыр, біз кедейміз деп. Өйткені, бүгінгі күні билік халықтың пайдасына жұмыс істеп жатқан жоқ.
Жүргізуші:
– Әлихан мырза, әңгіменің тоқетерін өзіңіз айтсаңыз.
Ә.Байменов:
– Совет дәуірінің, оның алдындағы патша дәуірінің қоғамдық мұрасы – біріншіден, біздің мәдени-рухани құндылықтарымыз шайылып жетті. Шайылған мәдени құндылық қалды. Оның ішінде тіл де, дін де барлығы.
Екіншіден, қоғамда үрей қалған. Үшіншісі – сенімсіздік. Мына қоғамның ішінде белгілі бір деңгейде сенімділік болмай қоғам өзі әлеуметке және әлеуметтік күшке айналуы кешуілдеп жүреді.
Бірақ әрдайым ел серкелері, билік біз тәуелсіздікті аңсадық деп айттық. Сол ата-баба аруағының алдындағы парызы, келер ұрпақ алдындағы парызы – осы кемшіліктерді жойып, жаңа құндылықтарды дұрыс қалыптастыру керек еді.
Оның орнына бүгінгі билік сол өткеннен қалған мұраны пайдаланып, кейде одан әрі теріс жолға салып жатыр. «Мұрның барда бір сіңбір» – бүгінгі биліктегілердің баршасына ортақ қағида осы деп ойлаймын.
Оның бір себебі, бізде әлі де болса билік басындағылар кезіндегі комсомол, партияның басшылары болды да, олардың көпшілігі үшін
Билік басындағы кезіндегі комсомол, партияның басшылары үшін тәуелсіздік – кабинеттегі маңдайшаны ауыстыру боп қана қалды.
Менің есіме бір оқиға түсіп отыр. 1999-жылы мемлекеттік қызмет реформасын жасағанда мен мынандай ұсыныс жасадым: азаматтардың еңбек өтелімін есептегенде жалақыға әсер ететін кезіндегі комсомолда, партияда істеген күндерін есептемесін деп.
Себебі, өзі қызық екен. Мысалы, бас инженер, бас мамандікі есептелмейді екен де, ал сол ұйымның комсомол хатшысы, партия хатшысынікі есептеледі екен. Сонда менің сол ұсынысымды президент әкімшілігі, үкімет аппараты өткізбей тастады. Себебі, олардың басым көпшілігі – сол комсомол мен партиядан шыққандар еді.
Ал енді сол адамдар үшін кешегі тәуелсіздік күнгі төрт күн бұл – өткен ата-баба аруағы алдындағы есеп күндері емес, демалыс күндер. Оның бір дәлелі желтоқсанның 16-да былтырғыдай тағы да Астанада гүл шоғын қоюға барып едік «Ақжол» партиясының белсенділері.
Былтыр да тып-тыныш, ешкім жоқ, жым-жырт ескерткіштің маңайы. Биыл да ешкім жоқ. Яғни, олар үшін 15 күнгі салтанатты жиналыспен бітті барлығы. Ал билік әлі күнге дейін өзін «халықтың бастығымын» деп есептейді. Бізде «бастық» деген сөздің өзін ауыстыру керек келешекте. Жетекші, көсем, серке дегендер бар ғой.
Сонан соң тағы бір шешілмей тұрған үлкен мәселе – біз әлі де болса Ресейге ақпараттық тәуелдіміз, халықтың көпшілігі әлемге әлі де
Біз әлі де болса Ресейге ақпараттық тәуелдіміз, халықтың көпшілігі әлі де болса әлемге Ресейдің көзімен қарап отыр.
Бұл тәуелділіктен арылуға билік ешқандай қадам жасамай отыр. Не себептен осындай ақша бола тұра, «Хабар», «Қазақстан» арналары әлемнің түпкір-түпкірінде тілші ұстамайды?
Себебі, бұл – Ресейдің сол көзімен қарағанға мүдделі болып отыр. Осының салдарынан мемлекеттің қалтасынан, халықтың қалтасынан ақша шығартып, Абылай ханды Чингачкук қып көрсетті, кеше Мұстафа Шоқайды қолынан дым келмейтін адам қылып көрсетті фильмде.
Міне, осының бәрі бір қисынды жұмыстар секілді. Бізде 1991 жылға дейін ешкім болмаған дегенді халықтың санасына сіңіргісі келетін секілді.
Кешегі мына «Қазақ елі» монументінің маңайындағы оқиға да соның дәлелі. Ал енді сол билікті кейде қолдап кететін ғалымдарымызға таңғаламын. Кеше біреулер «бұл ескерткіштер Жәнібек пен Керейге ұқсамайды» дегендей уәж айтты, құдды бір Жәнібек пен Керейдің барып түрін көріп келген адамдардай!
Сол себептен бұның совет дәуірінен ауыр мұра боп қалғаны сөзсіз. Бірақ ел серкелерінің парызы – осы ауыр мұрадан тезірек халықты арылтып, тәуелсіз санаға қол жеткізу. Осы кезде әлі де көптеген атқарылмаған шаралар бар. Атқарылған іс олардың қасында аз ғана.
2007 жылы мен депутаттық 7 ай мерзімді пайдаланғанда үкіметке, мемлекеттік хатшыға хат жолдап, бұл жыл – 1837 жыл басталған Кенесары көтерілісін де еске алатын жыл, 1917 жылғы Алаш үкіметін де еске алатын жыл, 1937 жылғы қуғын-сүргіннің шыңырау шегіне жеткенді еске алатын жыл екендігін айттым.
Сондықтан Алаш тағылымдары деген циклмен көптеген лекциялар, кітаптар шығару керек дегенде бір сорақы жауап келді. «Біз ондай оқиғаларды әрбір 25 жыл сайын ғана атап өтеміз» деген. Міне, биліктің сипаты осы жауапта жатыр.
Жүргізуші:
– Құрметті қонақтар, Азаттық радиосы «Президент Назарбаевтың қай сөзі тарихтың ақиқаты?» деген тақырып бойынша өзінің дөңгелек үстелін осымен аяқтайды. Баршаңызға көп рақмет!