Жаңа салық кодексінің жобасы талқыланды

Қазақстандық бірқатар кәсіпкерлер пайдалы мұнай компаниялары үшін қазбалар өндіруге салынатын салықты азайтуды, ал көмір компаниялары үшін мүлде алып тастауды сұрап отыр.
Бұған қоса компаниялар тарапынан үкіметке салық органдарының тексерулерін азайтуды және кәсіпкерлер табысының 30 пайызы көлемінде жиналатын корпоративтік салықтан 5 жылға босатса деген өтініш жасады.
7 тамызда Астанада жаңа салық кодексі жобасының тұжырымдамасын талқылау кезінде Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов, көмір компанияларынан салық жиналмаса көмірмен жұмыс істейтін электр компанияларына тарифті өсірмейтіндігін ескертіп, мұнай мен газ бағасының едәуір төмендейтіндігін айтты.
Премьер Мәсімов: Әлеуметтік мәселелерде өз күшімізге сенуіміз керек.
- Сондықтан біз әлеуметтік міндеттемелерді орындау жоспарында бірінші кезекте өз күшімізге сенуіміз керек.
«Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салықты көмір компаниялары үшін мүлде алып тастауды ұсынды:
- Бүгінде елдің энергетикалық саласында көмірдің үлесі 78 пайыз, оның бағасының көтерілуі барлық тұтыну тізбегі бойынша тауар мен қызмет бағасының қымбаттауына әкеп соғады..
Қазақстанның тауар өндірушілері және экспортерлері одағының төрағасы Николай Радостовец пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салықты көмір компаниялары үшін алып тастауды сұрады. Премьер Мәсімов көмір компанияларының электр энергетика саласында тарифті көтеру өтініштерін жасайтындығын еске салды:
- Сондықтан біз елдің ішіндегі тариф бойынша келісіп, бұл мәселеге қайта оралмайық, немесе ол жерде келіспесек, онда мына жерден салық саламыз.
Бұл орайда Экспортерлер одағының төрағасы Радостовец жаңа салынып жатқан электр стансалары үшін мүмкін қызықтыратын тарифтер керек шығар деген ойымен бөлісті:
- Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда инфляциялық толқындарды болдырмау керек.
Өз кезегінде «Қазэнерджи» мұнай-газ және энергетика қауымдастығының атқарушы директоры Асқар Әубәкіров премьерден пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салықты мұнай компаниялары үшін 10-30 пайыз аралығында емес, 9-30 пайыз аралығына дейін азайтуды сұрады:
Әубәкіровтің пайымдауынша, мұнай-газ компаниялары үшін салық көп салынса, олардың инвестициялық мүмкіншіліктері азаяды, қор нарығындағы жағдай нашарлайды және негізгі құралдарды жаңарту бағдарламалары орындалмайды:
- Осыдан келіп, мұнай-газ жабдықтарының тозғандығына орай апат қаупі көбейіп, экологиялық зардап ұлғаяды,- дейді ол.
Қазақстан кәсіпкерлерінің тәуелсіз қауымдастығының төрағасы Т.Ақуов шағын кәсіпорындарға салық жеңілдігі мерзімін белгілеуді ұсынды. Оның мәліметінше, Қытай кәсіпкерлері корпоративті салықтан 5 жылға босатылған.
- Қазақстан кәсіпкерлері бұл салықты төлеу керек. Ал, бұл табыстың 30 пайызы, - деді ол.
«Атамекен» төрағасы Перуашев шағын бизнеске тексерулердің көптігіне шағымданды:
- Іс жүзінде салық органдары кәсіпкерлерді жылдың 9 айында тексереді. Сондықтан барлық тексерулерді қосқандағы мерзімді нақты шектеу керек, - деді «Атамекен» төрағасы.
Перуашевтің пікірінше, жаңа Салық кодексінде салық органдары кәсіпкерлерден тым көп құжат талап етуі жемқорлыққа әкеп соғуы мүмкін. Оның сыртында, заң жобасында салық органдарына кәсіпорындарды мүлде жауып тастай алатындай өкілеттік берілуі экономикаға кесірін тигізбек. Осы олқылықтарды ескере отырып, салық заңдарымен айналысатын комиссия құрып, оған премьер төрағалық етуі керек деді Перуашев.