Британдық «Джейн» журналы исламдық талдау зерттеулер туралы қосымшасында Орталық Азиядан кетуге мәжбүр болған Өзбекстан ислам қозғалысы (ӨИҚ) жайлы кең көлемді талдауын жариялады. Басты сұрақ: ӨИҚ қайда және қандай себеппен кетті?
ӨЗБЕК РЕЖИМІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ
Қаңтарда жарық көрген талдау ауторларының пікірі бойынша, Өзбекстандағы ауторитарлық режимді құлатып, шариғат заңдарына бағынатын ислам мемлекетін құруға бағытталған күш ретінде пайда болған «Өзбекстанның ислам қозғалысы» (ӨИҚ) ұйымы жан сақтау үшін қалыптасқан жағдайға бейімделуге мәжбүр болды.
Қалыптасқан жағдай ұйымды бастапқы мақсаттарынан ауытқуға, тіпті қоныс ауыстыруға мәжбүрледі.
Сарапшы Марк Галеотти көптеген жылдар бойы осы ұйымның қызметін бақылап келеді, ақырында ол қай жағынан алғанда да ӨИҚ-ның болашағы идеологиялық жағынан да, географиялық жағынан да Өзбекстанмен байланысты деген тұжырымға келді.
Бұл ұйымды майдангер командир, советтік десанттық әскердің бұрынғы әскери қызметкері Жұма Намангани саяси жетекші Тахир Юлдашпен бірлесе 1998 жылы құрған еді.
Жұма Намангани 1992-1997 жылдар аралығында болған Тәжікстандағы азаматтық соғыста біріккен тәжік оппозициясы жағында ұрыс
Тахир Юлдаш, Өзбекстанның ислам қозғалысының көсемі. (Суреттің қайда және қашан түсірілгені белгісіз).
қимылдарына қатысқан. Тахир Юлдаш «Адолат» оппозициялық партиясының жетекшісі болған.Екеуінің мінез-құлқы екі түрлі болса да, өзбек президенті Ислам Каримовтың режимін құлатып, шариғат заңдарымен басқарылатын мемлекет құру мақсатына келгенде екеуінің көздегені бір жерден шықты.
1999 жылдың ақпанында Тахир Юлдашқа Өзбекстан президенті Ислам Каримовқа қарсы сөз байласу және қастандық жасауға әрекеттену айыбы тағылды. Британдық «Джейн» журналы айыптау негізіне жатқызылған қастандық жасауға әрекеттену деректері әлі күнге анық емес, бұлыңғыр күйде қалып отыр деп жазады.
Сол кездері ӨИҚ-ның жетекшілері Ислам Каримовтың жеке күзетін бұзып-жарып кіру өте қиын екенін айтатын. Жұма Намангани өзбек режимін құлату үшін лаңкестік және партизандық белсенді іс-әрекеттер жасауға Тахир Юлдашты көндірді.
ЖАҢА МІНДЕТ
Өзбекстанның ислам қозғалысы өзінің іс-қимылдарын 1999 жылы Тәжікстан аумағынан бастады. Сонымен қатар ӨИҚ Оңтүстік Шығыс Қырғызстанға рейдтер ұйымдастырып көрді, көбіне ондағы мақсаты – Өзбекстанға шабуыл жасау үшін базалар құру еді.
Қырғызстан мен Тәжікстанда база-баспана құру мақсаттары жүзеге аспады. Тахир Юлдаш «Талибан» қозғалысымен келіссөз жүргізіп, содырларды үйрету және шабуыл ұйымдастыру үшін Солтүстік Ауғанстанда базалар құруға келісті.
Географиялық өзгеріс идеологияның өзгеруіне апарып соқты. Негізінен, жаңа қамқоршының қысымы арқылы Өзбекстанның Ислам қозғалысы өз мақсатының аясын әлдеқайда кеңейтуге көшті.
2001 жылдан ӨИҚ өз атауын Түркістан Ислам партиясы деп ауыстырып, алдына жаңа міндет қойып алды – Орталық Азияда Ислам халифатын құру. Британдық «Джейн» журналы баяндағандай, сол өзгерістер барысында қозғалыс «Әл-Қаидамен» байланыс орнату жолдарын іздестіре бастаған.
Британдық журналдың айтуынша, Өзбекстанның Ислам қозғалысының жаңа міндет белгілеуінен кейінгі жай-күйі ұйымға барынша пайдалы болды. Ұйым өз туының астына билікке өкпелі көптеген өзбекті жинап, күштерін төрт мың содырға дейін көбейтіп алды.
Қозғалыс мультиұлттық ұйымға айналды. Британдық «Джейн» журналының пікірінше, оның қатарының өсуі ӨИҚ-ның алысты көздеген мақсатына жігер берді.
ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ОҚШАУЛАНУЫ
Вашингтон Өзбекстанның Ислам қозғалысын «лаңкестік ұйым» деп жариялады. «Талибанның» одақтасы ретінде ӨИҚ 2001 жылы Ауғанстанға кірген Американың жетекшілігіндегі коалицияның біріккен әскері үшін тікелей нысанаға айналды.
Жұма Намангани өлтірілді. Қозғалыс бөлшектеніп кетті. Тахир Юлдаш бірнеше жүздеген содырларымен бірге паналайтын басқа бір жер іздеуге мәжбүр болды.
Олар Пәкістанның солтүстік-батысына, Уәзірстан өңіріне қоныс тепті. Қозғалыс жаңа жерде өзін ұлттық оқшаулықта әрі жергілікті патшасымақтарға және «Талибанға» тәуелді сезінді.
Ақыр аяғында Өзбекстанның Ислам қозғалысы жалдамалылар тобына айналды. Кейбіреулері «Әл-Қаидамен» араластығы тереңдеп, өзін-өзі жарып жіберетін адам ретінде лаңкестік шабуылдарға қатысты.
Мұндай іс-қимыл Өзбекстанның Ислам қозғалысына тән емес еді. Ұйым өзінің аутономиялық базасын жасауға ұмтылып көрді, бірақ бұл ұмтылыс топты одан сайын оқшауландырды. Пәкістанның қауіпсіздік күштерінің қолдауымен жергілікті тайпалар өзбектерге қысым жасап, Уәзірстаннан ығыстыра бастады.
ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛУ
Британдық «Джейн» журналының айтуынша, Пәкістаннан жеткен жаңа деректер адамы 1200-ден аспайтын ӨИҚ-ның қатарындағылардың рухы түсіп, қажу мен торығуға бой алдырғанын айтады. Олардың үштен бірі жаралы.
Өзбекстанның Ислам қозғалысын белсенді түрде қолдайтын «Талибан» жетекшісі Байтулла Мехсуд 2009 жылдың тамызында опат болғаннан кейін ахуал нашарлады. Оның ізбасары Хакимулла Мехсуд, хабарларға сәйкес, бұл ұйымның жартылай аутономиялық мәртебені иеленуіне мұрсат беруге құлықты емес көрінеді.
Былтырғы жылдың қыркүйегінде пәкістандық БАҚ, тіпті ресми адамдар зымырандық соққы нәтижесінде Тахир Юлдаштың өлімші болып жараланып, келесі күні жан тапсырғанын хабарлады. «Джейн» британдық журналы Өзбекстан Ислам қозғалысындағы дерек көздерінің Тахир Юлдаштың жараланғанын басында растағанын, бірақ, артынан жоққа шығара бастағанын баса айтады.
2010 жыл басталуының дәл қарсаңында әлгі дерек көздері Тахир Юлдаштың аман-сау екенін әлі де растайтын. Бірақ Өзбекстан Ислам қозғалысының көп мүшелерін ол қаза болды және оның орнын ұлты татар Абдур Рахман басты деген сенім жайлап келеді. Жаңа басшы жихад соғысын жақтаушылар мен пантүріктік көзқарастың өкілі.
«Джейн» журналының пікірінше, Абдур Рахман идеологиялық тұрғыдан «Әл-Қаида» мен «Талибанға» жақын және ол Тахир Юлдаш өмірде жоқ деп санайтын ӨИҚ-ның Орталық Азиядағы жақтастарымен байланысуда.
Абдур Рахман ӨИҚ-ның жетекшісі болды ма, жоқ па, қалай болғанда да оның атының шығуы Өзбекстан Ислам қозғалысының стратегиясы мен басты мақсаттары қандай болу керек деген сыңайда өзара дау болып жатқандығын аңғартады.
Енді ӨИҚ Пәкістандағы өзі паналаған жерден шығуға талпынып отыр. Ол турасында біз келесі мақаламызда әңгімелейтін боламыз.