«Жас Алаш» газеті редакциясына сойқан салған шетелдіктің келтірген шығынын отандасы қалтасынан төлеген

Редакция ғимаратының сынған терезесі. «Жас Алаш» газетінің суреті.

Сейсенбі күні түнде «Жас Алаш» газеті ғимаратының есік-терезесін шағып кеткен жігіттің Қытай азаматы екендігі белгілі болған. Редакция ұжымы мұны өздеріне «сес көрсету» деп бағалайды, бірақ екінші тарап бұл пікірмен келіспейді. Қазір бұл іс тергеліп жатыр.

ЕСКЕРТУ МЕ, ӘДЕТТЕГІ БҰЗАҚЫЛЫҚ ПА?

Наурыздың 30-на қараған түні сағат 22:30 шамасында белгісіз адам Алматыдағы Мақатаев көшесінің бойындағы газет редакциясының ауласына кіріп, ғимараттың терезесін шағып, есікті сындырмақ болған.

– Күзетші басқа жаққа кеткен кезде, аулаға кіріп екі терезені сындырған, одан өзге есікті сындырмақ болған. Арақ ішіп алғандығы көрініп тұрды, дегенмен есін білмейтіндей мас емес. Өз сөзіне қарағанда, Қытай азаматы, жасы жиырмада, аты – Ян Шаолян екен. Осыдан 4-5
Қытай азаматы Ян Шаолян өзінің мас болғанын айтып, жасаған қылығы үшін кешірім сұраған. «Жас Алаш» газетінің суреті.
ай бұрын Қазақстанға келген. Алғашында «мен тігін бұйымдарын сатумен айналысамын» деген еді, одан кейін тергеу органдарына берген жауабында ол Алматыдағы қытай асханаларының бірінде аспазшының көмекшісі болып қызмет ететіндігі жайында айтты, – дейді оқиға орнына жедел жеткен басылымның бас редакторы Рысбек Сәрсенбай.

Оның айтуынша, оқыс оқиға болған күннің ертесінде редакцияға өзін «Алматыдағы Қытай мәдени орталығы төрағасының орынбасарымын» деп таныстырған бір кісі келіпті. Ол бұл істі насырға шаптырмай, құқық органдарын араластырмай-ақ «бейбіт жолмен шешуді» ұсынған.

– Бізбен келісуге келген азамат редакцияның шығынын, яғни 90700 теңгені (617 АҚШ долларындай болады) өз қалтасынан төлеп кетті. Бірақ мен бәрібір бұл істің сот арқылы шешілгенін қалаймын. Бізге келген азаматтың айтуынша, ол әлгі ойран салған бұзақыны мүлдем танымайтын көрінеді. «Онда неліктен ол үшін ақша төлеп жатырсыз?» деген менің сұрағыма: «ол қытай ғой» деп жауап берді, – дейді басылымның бас редакторы.

Рысбек Сәрсенбай бұл оқиға кездейсоқ жайт дегенге сенбейтіндігін айтады.

– «Жас алаш» газетінде Қытайдың жүргізіп отырған саясатына қатысты, Қытайдың өз ішінде болған қанды оқиғаларға, ұйғырлармен қақтығыс туралы, сондай-ақ Қазақстандағы шикізатты игерудегі қытайлардың астамшылдығы, Қытайдағы қазақтардың жағдайының ауырлап бара жатқандығы, сондай-ақ жақында Ақтөбедегі Қытайдың мұнай өндірушілерінің озбырлығы туралы мақалалар жарияланды. Одан өзге Қытайдың Қазақстаннан жер сұрауына қатысты наразылық шарасын өткізгеніміз де бар. Осының барлығын естіп-білген Қытай билігі «Жас Алашты» зерттегені анық. Дегенмен бұл дәл олардың тарапынан жасалған әрекет деуге де дәлел жоқ. Бірақ бұның өзі бізді секем алдырады... бәлкім ескерту ретінде жасаған шығар, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

«ІСТЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰРАМ ТАБЫЛМАДЫ»

Осы іс бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатқан Алматының Медеу аудандық ішкі істер басқармасының тергеушісі Нұрлан Рысдәулетов тергеу аяқталып қалғандығын жеткізді.

– Бұл істің материалдарын бүгін-ертең қалалық әкімшілік сотқа дайындап жатырмыз. Тергеудің құпиясы деген бар бізде, сондықтан өзге мәліметтерді айта алмаймын. Қытай азаматы Ян Шаолянның әрекетінен қылмыстық құрам табылмағанан кейін, бұл істі әкімшілік сот қарайтын болады. Қазір ол азамат бізде қамауда отыр, – деді тергеуші Азаттық радиосына.

«БІР ҚАРЫН МАЙДЫ БІР ҚҰМАЛАҚ ШІРІТЕ МЕ ДЕП ҚОРҚАМ»

Азаттық радиосы осы істі «бейбіт жолмен шешпек» болған Алматыдағы Қытай мәдени орталығы төрағасының орынбасары Джанг Джиан Чао мырзамен хабарласқан еді. Азаттыққа берген түсініктемесінде ол бұл істің астарынан ешқандай саясат іздеудің қажеті жоқ дегенді айтты.

– Маған оқиға болғаннан кейін қытай ұлтының келіншегі келді. Ол бұзақылық жасаған Ян Шаолянның танысы екен. Ол кісі маған бұл істі бейбіт жолмен шешуге көмектесуімді сұрап өтініш айтты, себебі өзі орысша білмейді екен. Ол келіншектің айтуынша, қаланың мүлдем басқа жағында достарымен мейрамханада болған, сосын Көк базар маңында тұратын үйіне дейін такси ұстаған. Алайда редакцияға қалай барып, неліктен бұзақылық жасағанын білмейді, есінде жоқ көрінеді, – деді Чао мырза Азаттық радиосына.

Оның пікірінше, бұл іс «кәдімгі бұзақылық, сондықтан оны дабыра қылудың қажеті жоқ».

– Мен редакцияға барып келіскім келді. Бірақ, мен ойлағандай болмады. Басылым редакторына тақырып қажет, сәті түсіп ақымақ, былайша айтқанда, мәдениетсіз жерлесімнің осындай әрекеті оған жақсы болды. Егер ол кешірмей, іс сотқа жетсе, онда мен ешнәрсе істей алмаймын. Менің қорқатыным – осындағы бір қытайдың мәдениетсіздігінен ара-қатынасымыз бұзылып кетпесе болғаны, – деп қынжылады Джанг Джиан Чао.