АҚШ пен Ресей өзара тыңшы алмасты

АҚШ пен Ресей ұшақтары Вена әуежайына қонды. 9 шілде 2010 жыл.

АҚШ пен Ресейдің арнайы ұшақтары Австрия астанасы Венаға келіп жетті. Екі ел “Қырғи қабақ соғыс” аяқталғаннан бергі ең ірі тыңшы алмасу операциясына дайындалып жатыр. АҚШ-та тұтқындалған ресейлік он тыңшы мен Батыстың барлау агенттіктерімен байланысы үшін Ресейде түрмеге жабылған төрт адам айырбасқа түсіп отыр.

АЙЫБЫ ЖЕҢІЛ АГЕНТТЕР


Жұма күні АҚШ пен Ресейдің тыңшылар тиелген ұшағы бір мезгілде Вена әуежайына келіп қонды. Нью-Йорктен жеткен ұшақтың ішінде ресейлік он агент болды. Тоғызы – Ресей азаматы, біреуі – тегі перулік АҚШ азаматы. Олар Ресейде түрмеде отырған батыстық тыңшылармен айырбасталмақшы.

Алайда мәскеулік ұшақтың ішінде кімдер бар екені әзірге белгісіз. Дегенмен Ресейдің айырбасқа беретін төрт тұтқыны Батыстың барлау қызметімен байланыста болған деген күдікпен сотталғандар. Олардың арасында белгілі ядролық ғалым Игорь Сутягин бар.
Нью-Йорк қалалық газеті ресейлік тыңшының суретін жариялады. 30 маусым 2010 жыл.

Қырғиқабақ соғыстан бері бірінші рет өткізілген бұл тыңшыларды айырбастау шарасы маусымның 27-де ресейлік он тыңшы АҚШ-та ұсталған соң жүзеге асты.

Ресейлік жансыздардың бәрі он жылдан артық Америкада тұрып, көбісі бүркеншік есім пайдаланып жүрген.

Бейсенбі күні Нью-Йорк соты оларға шетелдік үкіметтің тіркелмеген агенттері ретінде әрекет етті деген айып таққан. Бұл тыңшылық жасады деген айыптан жеңілірек.

Сот құжаттарында Ресейден келген тыңшылардың мақсаты – Ресей үшін қажетті ақпарат алу және саяси жағдайды біліп отыру үшін АҚШ-тың саяси шешімдер жасайтын ортасына еніп, жергілікті ақпарат құралдары мен ғалымдарымен біте қайнасып араласпақшы болған деп айтылған.

АҚ ҮЙ АҒАРҒАН КҮЙІНДЕ, КРЕМЛЬ ҚЫЗАРҒАН КҮЙІНДЕ ҚАЛДЫ

АҚШ-та ұсталған ресейлік агенттердің бірі Анна Чэпманның адвокаты бейсенбі күні журналистерге берген сұқбатында, енді бұл келісім бойынша өзінің қорғауындағы адам Вашингтонның арнайы рұқсатынсыз ешқашан Америка Құрама Штаттарға кіре алмайтынын айтты:

«Қол қойған келісімге сәйкес, енді ол Құрама Штаттарға тек АҚШ үкіметінің арнайы рұқсатымен ғана қайта алады. Олардың ондай рұқсатнама беруі екіталай. Менің қорғауымдағы адамның әлі де АҚШ-та қалып, жұмыс істегісі келеді».
Анна Чэпманның адвокаты Роберт Баум Манхэттен Федералдық сотының алдында баспасөз мәслихатын өткізіп тұр. Нью-Йорк, 8 шілде 2010 жыл.

Тыңшы ретінде белгілі болған Чэпман – қозғалмайтын мүлік саласында жетістікке жеткен кәсіпкер. Енді оның бизнесінен біржола айрылуы мүмкін.

Тыңшылар тобында ресейлік емес жалғыз адам Нью-Йорктегі испан тілді газетте жұмыс жасаған Вики Пелаестің адвокаты Джон Родригес журналистерге берген сұқбатында, өзінің қорғауындағы перулікке екі елдің арасында жасалған айырбас келісімінің бір бөлігі ретінде Мәскеу зейнетақы мен Ресейден баспана ұсынғанын айтты:

«Ресей үкіметі менің клиентіме 2 мың доллар көлемінде зейнетақы мен қалаған жерінде тұруға уәде беріп отыр. Ол Ресейге барып, кейін ол жерден өзі барғысы келген басқа елге кете алады. Бұл жағдайда ол Перуге бармақшы.»

Ал АҚШ-қа айырбас ретінде Мәскеу босатайын деп отырған төрт тұтқынның үшеуі Батыстың пайдасы үшін тыңшылық жасады деп сотталған. Олар Игорь Сутягин, Александр Запорожский, Сергей Скрипал мен заңсыз қару иеленді деген айыппен түрмеге жабылған Геннадий Василенко.

Ресейдің мемлекеттік «РИА новости» агенттігі Ресей президенті Дмитрий Медведевтің өкілі Наталья Тимакованың президент ол төртеуге рақымшылық жариялау жөніндегі құжатқа қол қойды деген сөзіне сілтеме жасаған.

Сутягиннің адвокаты Анна Ставицкая 2005 жылдан бері солтүстіктегі түрмеде болған ғалым психикалық дертке ұшыраған деп отыр.
Ресейлік ядролық қару бойынша сарапшы Игорь Сутягин Мәскеу қалалық сотында, 7 сәуір 2004 жыл.

Сутягин Ресейдің стратегиялық ядролық күштері жөнінде жарық көрген кітаптың авторы, бұрындары Ресейдің Ғылым академиясында Америка Құрама Штаттары мен Канаданы зерттеу бойынша жұмыс істеген. Оған Лондонда орналасқан фирмаға құпия мәліметтерді берген деген айып тағылған. Бірақ ол өзінің құпия емес, еркін бұлақтардан алынған ақпараттарды жеткізгенін айтады.

Запорожский болса Ресейдің сыртқы барлау қызметінің бұрынғы полковнигі. Сондай-ақ Скрипал да Ресейдің әскери барлау қызметінің бұрынғы полковнигі болған. Ал Василенко бұрынғы КГБ-ның агенті.

Бұл тұтқындарды айырбас шарасы - АҚШ пен Ресей арасындағы бұзыла жаздаған қарым-қатынасты қалпына келтіретіндей көрініп отыр. Осының алдында Ресей президенті Медведевтің Ақ Үйге болған сәтті сапарынан соң-ақ АҚШ-та ресейлік тыңшылар қамауға алынды деген жаңалық Мәскеуге оңай тимеген еді. Енді бұл айырбас келісім арқылы екі елдің ресмилері Мәскеу мен Вашингтон арасындағы байланысты дамытуға шынайы мүдделі екендіктерін танытып отыр.