Ерғанат Тараншиев: «Халық жыламаса болды»

Арон Атабек, Ерғанат Тараншиев, Құрманғазы Өтегенов сот залында, Алматы қаласы, 5 қазан, 2007 жыл

Жауапқа тартылған 25 жігіттің қоғамдық қорғаушысы болған саясаткерлер де қақтығыс кезінде зардапшегіп,12 күннен соң ауруханада көзжұмған Әсет Бейсеновті кімдердің өлтіргенін Алматы қалалық сотында дәлелденбегені туралы аз айтқан жоқ.
Одан соң, өткен айдың басында «Шаңырақ» ісіне байланысты өткен сотта басты куәгер болған ағайынды Ибрагимовтар да, өздерінің сөздерін қайтып алып, Жоғарғы соттың төрағасы мен Бас прокурорға хат жазды.
Бірақ, аппеляциялық шағымдарды қараған Жоғарғы сот - Арон Атабек, Құрманғазы Өтегенов, Ерғанат Тараншиев және Рүстем Тұяқовқа байланысты шығарылған үкімді өз күшінде қалдырды.
Сейсенбі күні түрмеде отырған жігіттердің екеуімен хабарласудың сәті түсті. «Азаттық» радиосына телефон шалған Құрманғазы Өтегенов пен Ерғанат Тараншиев болған іске өкінбейтіндіктерін, қазіргі билік басында отырған басшылар ауысып, олар құрған Қазақстандағы жүйе өзгеретін болса, әлі-ақ ақталып шығатындарына сенімді екендерін айтты.
Құрманғазы Өтегенов, «Шаңырақ» ісі бойынша 16 жылға бас бостандығынан айырылған азамат:
«Мен сол күні халықпен бірге көшеге шығып, өз баспанамды қорғадым. Ал маған Қазақстанның соты – адам өлтірді деген айып тақты. Мен еш уақытта соттың бұл үкімімен келіспеймін. Сондай-ақ, өзіммен бірге түрмеде отырған жігіттер де адам өлтірді дегенге сене алмаймын. Күніге кездесіп, көріп жүрген түрме қызметкерлерінің өздері де бізге жанашырлықпен қарап, соттың шығарған шешімі тым қатал болғанын жасырмайды.
ҚАЗАҚСТАНДА АДАМ ӨМІРІНІҢ ҚҰНЫ ЖОҚ
Біз жатқан жерде жазасын өтеп отырғандарға ешқандай жағдай жасалмаған. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, 14 адамға арналған түрменің камерасында 25 адам тұрып жатырмыз. Мүмкін, Қазақстанның түрмелерінде осылай болу керек шығар. Бірақ, 14 төсекке 25 адам қалай сияды? Енді басқа амал болмаған соң, кезектесіп ұйықтауымызға тура келеді.

Полиция қызметкері Әсет Бейсеновке көмек көрсетілуде, Алматы қаласы, 14 шілде, 2006 жыл
Біздің үстімізден жалған куә берген Айбатырға ренжігенімнен не пайда? Құқық қорғаушылардың қысымына шыдап беріп, жалған сөз айтпағанда, жазамыз бұдан гөрі жеңілірек болар ма еді, кім білсін? Бар үмітім Жоғарғы сотта болған еді.
Ол жақта ағайынды Ибрагимовтардың сөзін тыңдаған соң, тірідей жесір қалған әйеліммен және бала-шағаммен кездесетін күнім жақындай түсетін шығар деп ойладым.

Бірақ, осы жерде отырған барлығымыздың да үмітіміз ақталған жоқ. Қазақстанда адамның өмірінің, адамның тағдырының құны жоқ екеніне көзім жетті.
Осыдан екі жыл бұрын халықпен бірге көшеге шығып, полицейлермен жаға жыртысып жатып, өз баспанамды қорғағаныма өкінбеймін.

Бір өкінішім бар. Бала-шағамның алдына әкелік борышымды өтей алмайтын болдым. Мен түрмеден шыққанша, «Шаңырақ» оқиғасы кезінде жөргекте жатқан балам – 18 жасар ер азамат болады екен. Екі қызым одан да үлкен болады.
Солардың қызығынан айырылатын болдым.

Ал биліктің оспадарсыз бұл әрекетіне ренжімеймін де, олар мені сындыра алған жоқ. Ең бір ұятты жағдай – сол күні қазақтың балалары бір-бірінің жағасын жыртты. Басқа айтарым жоқ. Алдағы күн жаратушыдан».
Ерғанат Тараншиев, «Шаңырақ» ісі бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылған азамат:
«Астанадан үкім келу керек. Сол қағаз келетін болса, қайда баратынымыз белгілі болады ғой. Ал осыдан екі жыл бұрынғы оқиға туралы айтатын болсам, осы уақытқа дейін өкінген емеспін және өкінбеймін де. Бастысы – жер халықта қалды.

Және, солар жыламаса болды. Өз басым кез келген ауыртпалықты көтеруге дайынмын. Полиция қызметкерін кім өлтіргенін әлі күнге дейін ешкім білмейді. Бұл барлығымыз үшін жұмбақ болып қалды. Негізі, ол жігіттің де кінәсі жоқ, басшылары бар деді, барды. Бір атап өтерім, ол тура 12 күннен кейін қайтыс болды.

ШАҢЫРАҚТА АРАНДАТУШЫЛАР БОЛҒАН ЖОҚ
Осы тұста мені мазалайтын бір нәрсе - денесін күйік шалған адамның ауруханада тым ұзақ жатуы. Сол жігіттің демін біреулер әдейілеп үзіп жіберді ме деп те ойлаймын.
Ал сол күні полицейлер бізбен бірнеше рет келісімге келгенімен, сөздерінде тұрмай, халыққа қарсы қайта-қайта шабуыл жасады. Қазір кейбір үлкен кісілер айтып жүр ғой, халықтың арасында арандатушылар болып, бағанада байланып тұрған Әсет Бейсенов жана бастаған соң, шетелдік көліктерге мініп, белгісіз жаққа қашып кетті деп. Негізі ондай ештеңе болған жоқ.

Шаңырақтың тұрғыны полиция қолына түсті
Көшеге шыққан үш мыңға жуық адамның барлығы өз баспанасын қорғады. Міне, сол ауыртпалықты біз көтеріп отырмыз. Бастысы – қарапайым халық жыламасын.
Ибрагимовтарға ренжімеймін. Олар әлсіздік танытты. Мәселен, милициялар бізге де істемегенді істеді.

Тіпті, жанымызды көзімізге көрсетті. Ұзаққа созылған азаптаудың салдарынан қабырғаларым сынып, 10 күн бойы төсектен тұра алмай жаттым. Сол кезде тергеушілер маған да, неше түрлі ұсыныстар айтты. Мен де қиыншылыққа шыдай алмай, басқа жігіттердің үстінен бәле жапқанымда, бүгін түрмеде отырмас едім.
Олар өзінің жандарын және отбасын қорғау үшін осындай іске барды. Бірақ, мұндай адамдарды сатқын деп айтады. Ол қазір бізді ғана емес, билікті де сатып отыр. Дегенмен оларға тіс қайрап отырған жоқпын. Бар айтарым, ұяттары білсін.

Қара жерді баспағаныма бірталай уақыт өтті. Оны айтасыз, күннің сәулесін көрмегеніме бір жылға жақындап қалыпты.