"Талибан" шабуылынан тіксінген халық жаппай қарулануға кірісті

Гузара ауданында тұратын қарапайым халық өз жерін қорғау үшін Ауғанстанның үкімет күштерімен тізе қосып, "Талибанға" қарсы тұратынын айтады. Герат аймағы, 23 маусым 2021 жыл.

АҚШ өз әскерін әкетіп жатқан Ауғанстанда күні кеше ғана түсірілген фотолардан "Талибан" қозғалысы шабуылын үдеткеннен кейін жерін қорғауға бекінген қарапайым азаматтардың қолға қару алып, жасаққа бірігіп жатқаны байқалады.

Ауғанстан қауіпсіздік күштеріне қосылған қарулы жасақ ел астанасы Кабулда өткен жиында тұр. 23 маусым 2021 жыл.

23 маусымда Герат уәлаятының батысындағы Гузара аймағында түсірілген тағы бір суретте қарапайым ауған азаматтары елдің қауіпсіздік күштерімен тізе қосып, "Талибанға" қарсы күресуге ант беріп тұр.

23 маусымда түсірілген мына суретте "Талибанмен" күресу үшін қолға қару алған Гузара аймағының 500-ге жуық тұрғынының кейбірінің Ауғанстан үкімет күштері сарбаздарымен бірге жүрген сәті бейнеленген.

Қыркүйекке дейін Ауғанстаннан өз әскерін түгел әкеткелі отырған АҚШ қазірге дейін оның жартысынан астамын шығарып үлгерді. Бұл жағдай қауіпсіздікті әлден қиындатып отыр. Шетел әскері кете бастасымен "Талибан" да белсенді іс-қимылға көшіп, ондаған ауданды өзіне бағындырды. Бұл аудандардың көбі елдің солтүстігінде орналасқан.

Қатар еліндегі АҚШ әскери-әуе күштері ұшқыштары Ауғанстаннан АҚШ әскерін шығару операциясына қатысатын әскери ұшаққа отырып жатыр. 27 сәуір 2021 жыл.

Азаттыққа сұхбат берген Кабулда тұратын Муниса Рашид ел астанасында АҚШ әскерінің жоқтығы қазірден байқалады дейді. Оның айтуынша, "адамдар әр үйде, әр кеңседе, дос-жаран және туған-туыстарымен әңгіме-дүкен барысында қауіпсіздік ахуалының нашарлап бара жатқанын жиі сөз ететін болған". Дүниежүзілік банк бөлген қаржыға Кабулда іске асырылып жатқан жобада жұмыс істейтін Рашид: "Кейбіреулер "Талибанның" Кабул маңына келгенін көзімен көріпті" дейді.

"Талибан" басшысының орынбасары молла Абдул Ғани Барадар (ортада) 2021 жылғы наурызда Мәскеуде өткен конференция кезінде.

"Талибан" қозғалысы жетекшісінің орынбасары молла Абдул Ғани Барадар "Франс Пресс" агенттігіне берген сұхбатында АҚШ күштері Ауғанстаннан шыққаннан кейін барлық азаматтардың, соның ішінде әйелдердің де құқықтары "шұғылалы ислам діні" мен ауған дәстүріне сай қорғалатын болады деп мәлімдеген.

1990-жылдардың аяғында, "Талибан" Ауғанстанды билеп тұрған кезде, бұл исламшыл топ әйелдердің жұмыс істеуіне, саяхатқа шығуына, киім киісі мен жүріс-тұрысын қатаң шектеу қойған болатын. Мұндай шектеулер кейінгі жылдары Ауғанстанда "Талибан" бақылауына алған жерлерде тұратын адамдарға әлі де қолданылады.

"Талибанға" қарсы күресуге бел буған қарулы жасақ мүшесі Ауғанстан президенті Ашраф Ғанидің үлкен суретінің алдында тұр. Герат уәлаяты, 23 маусым 2021 жыл.

Қарапайым ауған әйелі ретінде Муниса Рашид үкімет пен "Талибан" көшбасшылары арасында бітім жасалуы мүмкін деп үміттенеді. Бірақ "өз пікірімді айтуға жүрексінемін, біздің білім алу немесе үйден шығу, кеңсеге баруға байланысты жағдайымыз қалай болады, оны білмеймін... Кейінгі кезде ауған әйелдерінің өмірі едәуір жақсарды, бірақ ахуал өзгерген кезде олар өз-өзіне сенуден қалып, үйінен шығуға қорқатын болады деп сенімді түрде айта алам" деп ағынан жарылады ол.

"Талибанға" қарсы тұруға даяр екенін мәлімдеген қарулы адамдар үкіметтің қауіпсіздік күштерімен бірге тұр. Кабул маңы, 23 маусым 2021 жыл.

Ұлты хазар қарулы жасақ мүшелері Ауғанстанның Майдан Вардак уәлаятында "Талибаннан" қорғану мақсатында күзетке шығуға дайындалып жатыр. 2021 жылғы қаңтар.

Кабулдың батысындағы Майдан Вардак уәлаятындағы таулы аймақты жүздеген адамнан тұратын қарулы хазар жасағы бірнеше ай бойы "Талибан" тарапынан төнетін шабуыл қаупінен қорғап келді. Бірақ хазарлардың Ауғанстан үкіметі қарулы күштерімен қарым-қатынасын аса жақсы деуге келмейді.

Қарулы хазар жасағы өздері тұратын Майдан Вардак аймағында жолды күзетіп тұр.

Қарулы хазарлар мен үкімет күштері қақтығысып қалған жайттар да болған, бұл Ауғанстанда 1990 жылдары болған азамат соғысы кезіндегі ұрыстарды еске түсіреді. Ол уақытта ішінара ұлтына және тайпасына қарай жік-жікке бөлінген қарулы топтар жерге таласып бір-бірімен соғысты, қарапайым жұрт қатты зардап шекті. Кейбіреулер соғыстан әбден титықтаған елде тағы да қантөгіс бола ма деп қауіптенетінін айтады.