Адвокат қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов түрмеде азаптау мен қысымға ұшырап жатқанын мәлімдеді

Дәулетмұрат Тәжімұратов

28 наурызда ташкенттік адвокат Сергей Майоров түрмедегі қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратовтың жағдайы туралы мәлімдеме жасап, оның азаптау мен қысымға жиі ұшырайтынын жеткізді. Адвокаттың сөзінше, ол соңғы рет Тәжімұратовқа 24 наурызда кіріп шыққан.

Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптарды Өзбекстан Конституциясында сақтап қалуды талап еткен наразылыққа байланысты ұзақ жылға сотталған белсенді түрмеде адвокаттың сөзінше, физикалық және психологиялық азаптауға ұшырап жатыр. Айтуынша, Өзбекстанның әнұранын, патриоттық әндерін айтуға міндеттейтін ереже болмаса да, түрмеде сотталушыларды, оның ішінде белсендіні де түрме әкімшілігі соған мәжбүрлейді. Ал мұны орындамағандарды "жазалайды".

"Түрме әкімшілігі барлық тұтқынға өздерінің лайықты жазасын алып отырғандарын, ендігәрі мұндай қылмыс жасамауға уәде бергізіп, ата-анасынан, түрме мен президенттен, махалладан жасаған қылмысы үшін кешірім сұрауға мәжбүрлейді. Ал менің қорғауымдағы азамат түрме әкімшілігінің бұл талабын орындамайды. Ол мұндай ант бермейді. Нормативтік құжат бойынша, өзге тұтқындар сияқты оның да мұны орындауы шарт емес" деді адвокат Сергей Майоров мәлімдемеде.

Оның сөзінше, бұған қоса түрмеде әкімшілікке болысатын "белсенді-сымақтар" бар. Олар Дәулетмұрат Тәжімұратовты тұрақты түрде ұрып-соғады және соққанда да денесінде із қалмайтындай соғады.

"Бұл мен қорғап отырған азаматты азаптаудың жалғыз түрі емес. Әсер етудің басқа да түрлері бар. Колония қызметкерлерінің нұсқауымен Дәулетмұраттың жеке жазбалары мен жеке заттары ұрланып, оның маңында күрделі, қиын жағдай туғызады. Және олар оны ауық-ауық ұрып-соғады" деді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, белсендінің туыстары мен жақындарына сегіз рет қоңырау шалуына құқығы болса да, оның бұл құқығы іс жүзінде жүзеге аспайды. Одан бөлек, оған түрмедегі ең лас, иісі мүңкіген көрпе беріп те "рухын сындыруға тырысып жатыр" дейді адвокаты.

Белсенді шағымдануға тырысқанмен оның шағымы түрме шеңберінен шықпайды. Адвокат мәлімдемесінде Өзбекстан омбудсмені және прокуроры, өзге де құзырлы органдардан белсендінің шағымына назар аударуды сұраған.

Өзбекстанның құзырлы органдары әзірге адвокаттың мәлімдемесіне жауап бермеді.

Былтыр белсендінің туыстары Науаи қаласындағы қатаң режимдегі колонияда отырған Тәжімұратовтың денсаулығы қатты нашарлағанын айтқан еді.

2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Мұның соңы қақтығысқа ұласып, ресми дерек бойынша 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті.

Кейін жыл соңында наразылыққа қатысты ондаған адамға үкім оқылған. "Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты", "билікті басып алу мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, 16 жылға сотталды. Қорғау жағы үкімді апелляцияға бергенмен өзгермеген. Тәжімұратов қазір Науаи облысындағы №11 колонияда қамауда отыр.