Ауғанстанның көкнәр алқабы: "Талибан" тыйым салғанымен, апиын өндіру ұлғайып жатыр
Қарулы адам "Талибан" билігі есірткіге қарсы полиция деп атайтын құрылым қызметкерлері Мазари-Шариф маңындағы көкнәр алқабын қалай жойып жатқанын бақылап тұр. Балық уәлаяты, Ауғанстан, 1 мамыр, 2023 жыл
"Талибан" билігі 2022 жылы сәуірде Ауғанстанда көкнәр өсіруге тыйым салған. Бірақ ол тыйым былтыр жиналған өнімге қолданылмағандықтан, елде апиын өндірісі 32 пайыз өскен.
Сарапшылар негізгі кіріс заңсыз апиын саудасынан түсетіндіктен, қаржыға мұқтаж "Талибан" үкіметі өзі салған тыйымға атүсті қарайды дейді. Апиын өндірісінен шамамен 1,8 млрд доллардан 2,7 млрд долларға дейін кіріс түседі деген болжам бар, оның көлемі 2021 жылы Ауғанстанның ішкі жалпы өнімінің 12-14 пайызына тең болған.
2021 жылғы тамызда АҚШ пен НАТО басшылығындағы шетел әскері Ауғанстаннан шығарылып жатқан шақта билікті басып алған "Талибан" қазір көрші мемлекеттер мен халықаралық қауымдастықтың қысымында отыр. Әлем қауымдастығы радикал топты елдегі есірткі өндірісімен және оның заңсыз айналымымен күресуге үндеген.
Сарапшылардың пікірінше, "Талибан" алғаш рет 1996 жылдан 2001 жылға дейін Ауғанстанда билікте болған кезде көкнәр өндірісін едәуір қысқартқан. Бірақ 2001 жылы Ауғанстанға кірген шетел әскері "Талибан" билігін құлатқаннан кейін есірткіге салынған тыйым да тоқтады. Кейінірек тәліптер қаржы табу үшін көкнәр өсіретін диқандарға салық салды.
"Талибан" есірткіге қарсы полиция деп атайтын құрылым өкілдеріне көкнәр алқабын жоюға болысып жүрген бала.
2022 жылғы сәуірде тәліптердің жоғары билеушісі Хайбатулла Ахунзада молла есірткінің барлық түрін өсіруге, тұтынуға және саудалауға қатаң тыйым салды.
"Талибан" ішкі істер министрлігі Кабулде өткен баспасөз мәслихатында жария еткен жарлықта "Егер кімде-кім жарлықты бұзса, өнімі дереу жойылады, ал тыйымды бұзған адамға шариғат заңымен шара қолданылады" деп жазылған.
Ауғанстанда кейбір диқандар өмір сүру үшін басқа мүмкіндік берілетін болса, көкнәр егуден бас тартуға дайын екенін айтады. Бірақ, олардың сөзінше, тәліптер диқанды экономикалық ынталандыратындай мардымды ешнәрсе ұсынбайтындықтан, мысалы, бидай егумен салыстырғанда көкнәр өсіру анағұрлым табысты кәсіп болып отыр.
"Егер отбасымызға азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуға жеткілікті көмек берілсе, онда көкнәр өсіруге тыйым салуды қолдаймын" деді былтыр Азаттықтың Ауған қызметіне сұхбат берген Қандағар уәлаятында тұратын диқан Абдул Қаюм.
"Талибан" көтерілісші топ ретінде де, билеуші күш ретінде де қатаң тәртіп ұстанатынымен көпке танылған. Тәліптер Ауғанстанда билікке келген соң, алғашқы жылы-ақ кінәлі болған адамдарға жұрттың көзінше дүре соғу, тіпті өлім жазасы сияқты үкімдерді орындау кең тарады.
Экономикалық санкциялар қыспағына түсіп, халықаралық қауымдастықтан оқшау қалған "Талибан" режимі елді заңсыз есірткі айналымынан арылту үшін шетелдік көмекке мұқтаж екенін мәлімдеген.
БҰҰ-ның Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) "Талибан" билеп-төстеп отырған Ауғанстанда қайыршының күнін кешкен адамдар күнкөріс үшін не нәрсеге болса да баруға мәжбүр деп хабарлады.
"Кейбіреуі басындағы үйін, табыс әкеліп отырған жерін немесе активтерін сатуға мәжбүр болса, енді біреулер өз отбасы мүшелерін саудаға салудан басқа амал таппай отыр. Олар балаларын жұмысқа жегіп, кішкентай қыздарын біреуге әйелдікке береді" деп жазылған БҰҰДБ есебінде.