"Ауғанстанда жұрт зорға өмір сүріп жатыр". Кабул қазағы елдегі жағдай жайлы не дейді?

"Талибан" басқыншылығынан қашқан жұрт. 8 шілде 2021 жыл.

АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетіп жатқан тұста "Талибан" қозғалысының басқыншылығы күшейіп, ауған елінің біраз бөлігіне бақылау орнатты. Елде тәліптер мен үкімет әскері арасындағы қақтығыс күннен-күнге үдеп барады. Кабул қаласында тұратын қазақ Зияболқақ Мүсілімбек Азаттыққа елдегі қазіргі жағдайды сипаттап, Ауғанстандағы қазақтардың өмірі жайлы айтып берді.

Кейінгі күндері "Талибан" (БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұл қозғалысты террористік ұйым деп таныған) Ауғанстанның солтүстігіндегі провинцияларға шабуылды үдетіп жатыр. Қазір елдегі 423 провинцияның үштен бірі тәліптердің бақылауына өткен. Яғни, халықтың 40 пайызы "Талибанның" қол астында өмір сүріп жатыр.

Тәліптердің Тәжікстан мен Түркіменстан, Өзбекстанмен шекарадағы аумақтарды да басып алуы Орталық Азия елдерінің алаңдаушылығын тудырды.

Ауғанстанда "Талибан" мен үкімет әскері арасында қақтығыс күшейген тұста тәліптердің делегациясы Мәскеуге және Ашғабатқа барып, келіссөз жүргізген. Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, "Талибан" Орталық Азия елдерінің шекарасы мен Ауғанстандағы елшіліктерге тиіспеуге уәде берген. Ал Ашғабатта тәліптер мен Түркіменстан билігі "экономикалық, саяси қарым-қатынас, шекара мен қауіпсіздік мәселесін талқылаған".

АҚШ пен оның одақтастары 20 жылдан соң Ауғанстаннан әскерін әкете бастаған тұста "Талибан" шабуылды күшейткен. Ал АҚШ президенті Джо Байден Америка Ауғанстаннан әскерін тамыздың соңына дейін толық әкететінін айта келе "ауған халқы өз болашағын өзі шешу керек" деді.

Кабул қаласының тұрғыны, этникалық қазақ Зияболқақ Мүсілімбек Азаттыққа берген сұхбатында елде жағдай шиеленісіп тұрғанын айтады.

"ҚАЗАҚСТАНҒА КЕТУДІ ОЙЛАП ЖҮРГЕН ҚАЗАҚТАР БАР"

Азаттық: Ауғанстандағы қазіргі ахуал, жұрттың көңіл-күйі қалай?

Зияболқақ Мүсілімбек: Өкінішке қарай, қазір Ауғанстанда жағдай өте нашар. Кабулдан басқа қалалардың барлығында саяси жағдай шинелісіп тұр. Провинция орталықтарының біразы және басқа кішігірім қалалар түгел "Талибанның" қолына өтті. Тек ел орталығы - Кабулды үкімет өз қолдарында ұстап тұр.

Кабул қаласында тұратын қазақ Зияболқақ Мүсілімбек (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

Неге екені белгісіз, ұлттар арасындағы келіспеушілік күшейіп кетті. Мәселен, "сен тәжіксің", "сен ауғансың" деген сияқты көзқарастар пайда болды. Бұрын да бар еді, бірақ кейінгі кезде мүлдем күшейіп кетті. Бұл өзара бір-біріне деген жеккөрініш тудырып жатыр. Былайша айтқанда, адамдар Ауғанстанда зорға өмір сүріп жатыр. Егер кез келген бір ел «келіңдер, баспана береміз» десе ел түгел кетуге дайын.

Қазір Ауғанстанның барлық аумағында соғыс. Әсіресе кішкентай қалалардың барлығын тәліптер басып алған. Соғыстың үні естіліп тұрады. Кей күндері тыныш өтсе, кей күндері екі-үш жерде бомба жарылып жатады. Мысалы, Кабулдың Даште Барчи деген ауданында екі күн бұрын бомба жарылды. Жапа шеккен де қарапайым халық. Кейбір жарылысты тәліптер өз мойындарына алса, кейбірін мойнына алмайды. Кімге сенерімізді білмейміз.

Азаттық: Ауғанстандағы қазақтар Қазақстанға кетеміз демей ме?

Зияболқақ Мүсілімбек: Өзім жақсы танитын 25 қазақ отбасы бар. Одан басқа да қазақтар бар. Бірақ олар өз ана тілдерін ұмытқан, жергілікті халыққа сіңіп кеткен. Ал соғыс қимылы күшейіп, "Талибан" күш ала бастаған кезде кейбір қазақтар Қазақстанға кетіп үлгерді. Мысалы, менің ата-анам қазір Түркістанда тұрып жатыр. Ал екі ағам Құндызда. Құндыз қазір "Талибанның" бақылауына. Бірақ әзірге оларға ешкім тиіскен жоқ. Ағаларымның Құндызда да тіршілігі, мал-мүлкі бар. Жерді немесе малды сату түгілі тегін беремін десең де алмайды. Себебі ешкім ертеңінің қалай болатынын білмейді. Әркім өз жанымен әлек. Тағы бір айтатын жайт, қазақтар мекен ететін аумақтардың көбі тәліптердің қолында. Сондықтан олар да ашып ештеңе айта алмайды. Егер сізге, журналистерге жауап бермей жатса, оларды қинамаңыздар. Сөйлеуге қорқады.

Қазір консулдықтан көмек сұрап, Қазақстанға кетуді ойлап жүрген қазақтар бар. Қазақтар ғана емес, қолында мүмкіндігі бар өзге ұлт өкілдері де Ауғанстаннан кетіп жатыр.

Азаттық: АҚШ әскері Ауғанстаннан кете бастаған кезде "Талибан" бірден күш алып кетті. Жергілікті тұрғындар АҚШ әскерінің кетуін қалай қабылдады?

Зияболқақ Мүсілімбек: Қарапайым тұрғындардың көбі о бастан АҚШ әскерінің Ауғанстанда жүруін қолдаған жоқ болатын. Сондықтан олардың кеткеніне қуанбаса, ренжіген жоқ. Екіншіден, "Талибан" мен Ауғанстан үкіметінің әскері осылай соғысып келе жатқанынан бірнеше жыл болды. Біз оқ дауысын естіп, жарылған снарядты көріп өстік. Ал АҚШ әскерінің тек өздері орналасқан аумақтан әрі әрекет еткенін көргеніміз жоқ. Яғни, "Талибан" әскерлерінің тұтас елді басып алуын тек АҚШ әскерінің кетуімен байланыстыруға болмайды. Үшіншіден, "Талибанды" қолдап, оқ-дәрімен қамтамасыз етіп отырған өзге де елдер бар. Яғни, "Талибанның" билік басына келуіне мүдделі елдер бар.

"Талибан" делегациясы Мәскеуде. 9 шілде 2021 жыл.

Азаттық: Ал АҚШ әскерінің кетуін қолдаған жұрт "Талибан" содырларының аймақтарды басып алуын қалай қабылдады?

Зияболқақ Мүсілімбек: Жұрт АҚШ әскерінің Ауғанстанда қалуына қаншалықты қарсы болса, тәліптердің билікке келуіне де соншалықты қарсы. Бірақ тәліп әскерлері бұл жолы басқаша саясат ұстанып, қарапайым халықтың сеніміне кіруге тырысып жатыр. Тіпті "Талибан" басып алған жерде тыныштық орнап, ұрлық-қарлық тыйыла бастады. Мысалы, менің жақындарым Құндызда тұрады. "Талибан" әскері жергілікті жұртқа ешқандай қысым жасаған жоқ. Керісінше сіздерді қолдаймыз, тиіспейміз деп жатыр. Осыған байланысты жергілікті жұрттың арасында алауыздық пайда болды. Халық екіге бөлініп алды. Біріншісі "Талибанның" билік басына келуіне қарсы болса, екінші топ оларды қолдап отыр. Меніңше, бұл – уақытша жағдай. Тәліптер халықтың сеніміне толық кіргеннен кейін өз дегендерін жасайды. Өздерінің ұстанған идеологиясын жүзеге асырады. Арты жаман бола ма деп қорқамын. Осы жерде тағы бір нәрсені айта кетейін, бұған дейін билік басында отырған пуштундар Ауғанстанда өмір сүретін өзге ұлттарға оң көзбен қараған жоқ. Екінші орынға қойды. "Талибанда" да сондай ұстаным анық аңғарылады. Яғни, олар жергілікті пуштундарға ("Талибанның" негізі пуштундардан тұрады – Ред.) ғана жылы қабақ танытып отыр.

"АУҒАНДАР ТӘЛІПТЕРДІҢ БИЛІККЕ КЕЛГЕНІН ҚАЛАМАЙДЫ"

Азаттық: Халықаралық сарапшылар "Талибан" түбі Ауғанстанда билікті қолға алады дейді. Ертең тәліптер билікке толық келсе, жағдай қалай өзгереді деп топшылайсыз?

Зияболқақ Мүсілімбек: Әрине, ауған жұрты тәліптердің билікке келгенін қаламайды. Егер олар үкімет басына келіп, билікті толық қолына алатын болса, Ауғанстанның жағдайы бұдан да нашарлай түседі. Өзара ішкі соғыс басталуы мүмкін. Яғни, тәліптер бір жақ, үкімет бір жақ, қарапайым халық бір жақ болып соғысуы мүмкін. Қай жерде пуштундар тұр, сол жерде тыныштық. Қай жерде басқа ұлт – өзбек немесе тәжік отыр, ол жерде қиын. Қиыншылық болғанда, тәліптер тарапынан қысым болып жатыр. Осы мәселе ертең ұлтаралық соғысқа түрткі болуы мүмкін. Тәліп билігі орнаған жағдайда әйелдерге білім алуға, мектепке баруға тыйым салына ма деген қорқыныш та бар. Тіпті көшеге шыққан жағдайда да жалғыз емес, қасында жақын туысқаны болып келетін ер адам жүруге мәжбүр болады. Қазір Ауғанстан әйелдері өте жақсы жетістікке қол жеткізген. Білімді әйелдер бар, тіпті саясатқа араласып жүрген әйелдерді де кездестіруге болады. Осындай белсенді әйелдер қазір жергілікті телеарна арқылы билікке үндеу жасап, берілмеуге шақырып жатыр. "Ауған әйелдерінің жағдайы қиын болады" деп халықаралық ұйымдардан көмек сұрап жатыр. Әрине, тәліптер билікке келген жағдайда ең алдымен қиындық әйелдерге туады. Тіпті қазірдің өзінде сол қауіптен қашып, Еуропаға, АҚШ-қа кетіп қалған бірнеше белсенді әйелді білемін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Талибан" шабуылынан тіксінген халық жаппай қарулануға кірісті

Азаттық: "Талибан" елде шенеуніктерді, билік әскерилерін, полицейлерді және журналистерді жиі нысанаға алады. Тәліп содырларының қолынан талай журналист мерт болды. Жалпы жергілікті телеарналар Ауғанстандағы қазіргі жағдайды қалай сипаттап жатыр?

Зияболқақ Мүсілімбек: Әрқалай. Кейбір жергілікті телеарналар тәліптерді жақсы жағынан сипаттап берген сәті болды. Бірақ үкімет кімде-кім талибтерге жақтасып жаңалық таратса, солардың айыбы ауыр болатынын ескертті. Содан кейін барып жағдай түзелді. Көпшілік ақпарат құралдары болып жатқан жағдайды сол қалпында беруге тырысады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тәліптер келе жатыр. Орталық Азия мен Ресейге қауіп бар ма?"Тәліптермен соғысу өлімге бас тіккенмен бірдей". Ауған сарбаздары Тәжікстанға қалай қашты?Талибан содырлары Орталық Азия шекарасына келді