Ауғанстанның оңтүстігіндегі тәліптердің отаны саналатын Қандағар қаласы елдің бейресми астанасына айналды. Тәліптердің қазіргі басшысы осы қалада тұрады. Оның билігі күшейген сайын қаланың да рөлі артып келеді.
Ауғанстанның оңтүстігіндегі Қандағар тәліптердің тарихи отаны әрі саяси орталығы деп есептеледі. Елдегі екінші ірі қала тәліптер билігі тұсында бейресми астанаға айналды.
Талибан үкіметінің бірнеше мүшесі Ауғанстан астанасы Кабулдан Қандағарға көшті. Тәліптердің көшбасшысы мулла Хайбатулла Ахунзада осында тұрады және туған қаласынан алысқа ұзап шыға бермейді.
Сарапшылар Ахундзаданың бірнеше өкілетті тұлғаны Қандағарға көшіруін билігін күшейтуге талпыныс деп бағалады. Бұл Кабулдағы кей министрлер мен Қандағардағы Ахундзаде бастаған дінбасылар қауымы арасында келіспеушіліктер бар деген ақпаратпен тұспа-тұс келіп отыр.
"Саяси билік Кабулдан Қандағарға ауысқан сияқты. Ахунзада Кабулдағыдай әкімшілік құрып жатыр" дейді Ауғанстанның ардагер журналисі, 1990-жылдардан бері тәліптерді зерттеп келе жатқан сарапшы Сами Юсуфзай.
Кейінгі айларда тәліптердің жоғары шенді шенеуніктері Ахунзаданы "биліктің бәрін өз қолына шоғырландырып, ультраконсерватив, экстремистік көзқарастағы дінбасыларға көп құқық пен мүмкіндік беріп қойды" деп сынаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ауғанстанның "бас көсемі" Малави Ахунзада туралы не белгілі?Ахунзаданы репрессив саясаты ауғандар арасында қолдау таппай, халықаралық деңгейде мойындалмаған Талибан үкіметін оқшау мемлекетке айналдырды. Ол әйелдер құқығы мен баспасөз еркіндігін қатаң шектеп, адам құқықтарын бұзды.
Дінбасы әрі бұрынғы судья Ахунзада елдегі барлық маңызды шешімді өзі шығарады.
2021 жылы тәліптер билікті басып алғаннан кейін Талибан үкіметін министрлер басқарды. Бірақ кейінгі айларда Ахунзада мемлекет істерін жергілікті деңгейде жүргізуге тырысты.
"Қазір ол аудан басшылары мен әртүрлі ведомство директорларына дейін өзі тағайындайды. Барлық жерге өзіне адал адамдарды қоюға тырысып жатыр" дейді Юсуфзай.
Ақпарат және мәдениет министрлігінің ресми өкілі Абдул Матин Канидің мәліметінше, 6 сәуірде тәліптердің бас өкілі Забихулла Муджахид Кабулдан Қандағарға қоныс аударған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәліптер деген кім және оларды кім басқарады?Жақында Талибан үкіметіндегі тағы бір өкілетті тұлға, Ақпарат және медиа орталығының басшысы Иннамулла Самангани да Қандағарға көшкен.
Қандағар – Ауғанстандағы тарихи маңызы жоғары саяси орталықтардың бірі. 1747 жылы салынған қала біраз уақыт Ауғанстан астанасы болған. 1973 жылы монархия жойылғанға дейін елді басқарған патшалардың көбі Қандағардан шыққан.
Тәліптер 1990-жылдардың ортасында азаматтық соғыс кезінде Қандағарда пайда болды. Талибан қозғалысының негізін қалаушы мулла Мұхамед Омар 1996 жылы Кабул тәліптер қолына өткеннен кейін де Қандағарды іс жүзіндегі астанасы ретінде қалдырды. 2001 жылы Ауғанстанға АҚШ әскері кіріп, тәліптерді биліктен қуып шықты.
Вашинтондағы Бейбітшілік институты сараптама орталығының Ауғанстан бойынша аға сарапшысы Эндрю Уоткинстің айтуынша, Муджахидтің көшуі Ахунзада өз ықпалын күшейтіп жатқанын көрсетеді.
Муджахид Қандағарға көшу себебін тәліптер басшысы өткізетін жиындарға жиі қатысу ниетімен түсіндірді.
"Біздің көшуіміз Ауғанстан астанасы Кабулдан Қандағарға ауысты дегенді білдірмейді" деді Муджахид.
Бірақ сарапшылар пікірі өзгерген жоқ.
"Тәліптердің өз ішінде көбірек билікке қол жеткізгісі келетін топтар бар. Бұл тәліптердің болашағына алаңдауға негіз барын дәлелдейді" дейді Еуропада тұратын ауған саясаттанушысы Тарик Фархади.