Ауғанстанның жер байлығы бағы ма, соры ма?

Ауған әйел балаларымен Турхам кен орнының қасынан өтіп барады. Нангархар, 5 қазан 2011 жыл

Саманган провинциясында қыркүйектің 14-і күні жарылыс болып, 28 кенші өлді. Бұл елде өндіріс қауіпсіздігі дұрыс сақталмайды. Одан бөлек, ресурстарға талас басталған.
Ауғанстан қазба байлықтары арқылы экономиканы тұрақтандырғысы келеді. Бірақ мемлекеттің бақылауындағы қазба байлықтары мен мұнай кеніштері аз, осы аз ресурстың өзі Кабулға пайдадан гөрі зиян тигізетін сияқты.

Теорияға сүйенсек, ұқсата алса жер байлығы тұрақты экономика мен ұлттық қауіпсіздік қорының және мемлекеттік тұрақтылықтың тірегіне айналады.

Бірақ осы табиғи ресурстар құнды активтерді шетелдіктерге арзан бағамен сатуға жол ашатын жемқорлықты күшейтуі, тіпті қақтығыстардың жаңа себептеріне айналуы мүмкін.

Кен өндіру ісін бақылайтын сарапшылар «Табиғи ресурсқа бай болса да, жемқорлық кесірінен кедейшілікке ұрынған елдердің жолына Ауғанстанның да түсіп кетуі ықтимал» деп болжайды.

ҮКІМЕТ СЕКТОРДЫ БАҚЫЛАЙ АЛМАЙ ОТЫР

Кен және мұнай министрлігі «Ауғанстандағы мұнай, газ, темір рудасы мен мыс, алтын қорларының жалпы құны 1 триллион АҚШ доллары шамасында екенін» айтады.

Кабул алдағы онжылдықта кен және энергетика саласындағы өндірістен жыл сайын 4 миллиард доллар табыс көруді көздейді. Алайда 2012 жылы аталған екі сектор бірлесе отырып, небәрі 150 миллион доллар пайда әкелді.

Ауғанстандағы алтын кенішінің қарауылы күзетте тұр. 6 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Табиғи ресурстар, сыбайлас жемқорлық және қақтығыстар арасындағы байланысты зерттейтін лондондық ҮЕҰ Global Witness компаниясының Ауғанстандағы жетекшісі Стивен Картердің айтуынша, «үкімет табиғи ресурстарды қажетті деңгейде бақылай алмай отыр».

- Сектор мүлде бақылаусыз жұмыс істеп тұр. Бұл салада қадағалау жоқ. Біз бұл жерде «осыдан өз пайдамызды көріп қалайық», «барынша жылдам қимылдайық» деген бір теріс ниетті әрекеттер бар ма деп қауіптенеміз. Егер бұл сектордағы бақылау осы күйінде қала берсе, мұның соңы жақсылыққа соқтырмайды, - дейді Картер.

Ауғанстан үкіметі кен өндіру ісін дамытуды негізгі мақсат ретінде белгілеген. Кабул 2014 жылы елден шетелдік әскерлер шығарылып, халықаралық көмек ұйымдары кеткен кезде табиғи ресурстарды өндіру арқылы табыс түсіріп, жұмыс орындарын ашамыз деп жоспарлап отыр.

Бірақ қазірдің өзінде бұл ресурстарға этникалық және саяси топтардың таласып отырғаны байқала бастады.

ДУСТУМ МЕН КАРЗАЙДЫҢ ҚАҚТЫҒЫСЫ

Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан Бадахшан провинциясында жергілікті лидерлердің алтын мен асыл тастар саудасын бақылауға таласып отырғаны білінді.

Бамиан провинциясында жергілікті тұрғындар қауіпсіздік сақшыларымен кен орнын иелену мәселесінде қақтығысып қалды. Пактия провинциясында жергілікті қарулы топтар көмір шахтасын бақылау үшін өзара қақтығысты.

Ауғанстан президенті Хамид Карзай (оң жақта) қорғаныс министрінің орынбасары, генерал Абдул Рашид Дустумның жанында тұр. Мазари-Шариф, 21 наурыз 2002 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазба ресурстары бар аймақтарда орталық және провинциялық басшылар мен тайпа жетекшілерінің арасында талас туындап отыр.

Өткен айда Әмудария бассейнінде, өткен жылдан бері мұнай өндіріп жатқан Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) инженерлері мен ауғандық жұмысшыларына жергілікті милиция шабуыл жасап, өндіріс тоқтап қалды.

Үкімет милицияның әрекетіне бұрынғы әскери қолбасшы, қазір Ауған ұлттық әскерінің біріккен комитетінде штаб жетекшісі қызметін атқаратын өзбек генералы Абдул Рашид Дустумның қатысы бар деп отыр. Кабул оны «CNPC қызметкерлерінен заңсыз төлемдер талап еткен» деп айыптады.

Дустум президент Хамид Карзайдың өзін айыптап шықты. Ол «Карзай отбасына қатысы бар Watan Group ауған компаниясының мүддесін қорғап, CNPC-мен кен орнын бұрғылау құқығын бөлісіп отыр» деп мәлімдеді.

ӘР ТОП ӨЗ МҮДДЕСІН КӨЗДЕЙДІ

Картердің айтуынша советтік басқыншылық пен азамат соғысы кезіндегі тәрізді қазір де Ауғанстанның табиғи ресурстарын әскери топтар қақтығыстарды қаржыландыруға пайдаланады. Ол кезде де әртүрлі моджахедтер тобы асыл тастар мен мәрмарларды, басқа да пайдалы қазбаларды Пәкістанға контрабандалық жолмен сатып, қаржы табуға тырысқан.

- Шығыс Ауғанстанда ағашты контрабандалық жолмен сатып, бүлікшілерді қаржыландырып жатыр. Жергілікті сарбаздар да хромитті саудалап, көтерілісшілерді қаржыландырады. Үлкен мұнай операциясында ішкі бәсекелес топтардың да қақтығысуы мүмкін екенін естен шығармау керек, - дейді Картер.

Балаларын ерткен әйел карьер жанынан өтіп барады. Ауғанстан, 5 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Елдегі үлкен үш кен орны – шығыстағы Логар провинциясындағы Айнак мыс өндіру кеніші, Бамиан провинциясындағы Хаджигак темір кені және елдің солтүстігіндегі Әмудария мұнай жобасы – салыстырмалы түрде тыныш аймақтарда орналасқан.

Бірақ бұл облыстарда да толқулар байқалып қалып жүр. Себебі қарулы содырлар мемлекеттің кіріс көзін азайтуға тырысады және негізгі салаларға шетелдіктердің келгенін қаламайды. Тіпті биліктің өз ішінде Ауғанстанның қазба байлықтары мен энергетикасына таласып жатқандар бар. Осының бәрі Кабул билігін әлсіретеді.

«ЖАРИЯЛЫЛЫҚ КЕРЕК»

Кен өндіру саласын реттеп, инвесторларды тартуға арналған жаңа заң жобасы бір жылдан бері парламентте жатыр, себебі министрліктердің барлығы бұл секторды бақылағысы келеді. Бұл заң жобасы бойынша бір мәмілеге келу қиындап кеткен.

Integrity Watch Afghanistan үкіметтік емес ұйымының өкілі Джавед Нуранидің айтуынша, «жариялылықты күшейту арқылы сыбайлас жемқорлықты азайтуға болады».

- Сыбайлас жемқорлықтың деңгейлері көп. Үкімет келісім-шартқа отыру үшін компанияларды іріктеген кезден-ақ коррупцияға жол ашылады. Келісімге қол қойып жатқанда да жемқорлық қатар жүреді. Коррупцияның кіретін 100 есігі бар шығар, - дейді ол.

Нуранидің пікірінше, үкімет келісім-шарттарды, кен орындарынан түскен табысты жариялауы керек. Шетелдік компаниялардың төлемдері мен түскен пайданың қалай жұмсалып жатқаны туралы ел алдында есеп берілуі тиіс.

- Тек жариялылықты таңдау арқылы ғана Ауғанстан табиғи ресурстарға бай, бірақ халқы кедей елдердің жолына емес, даму бағытына бұрыла алады, - дейді ол.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.