Отанына еріксіз оралған ауған босқындары көмекке зәру

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі өкілі балаларға қаламсап таратып жатыр. Ауғанстан, Кабул маңы, БҰҰ босқындар лагері, 27 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Пәкістан мен Иран бастаған мемлекеттер ауған босқындарын елдеріне қайтуға мәжбүрлеп жатыр. Солайша жүздеген мың адам соғыс қалжыратқан тұрақсыз елге еріксіз қайтып келді.

Отанына оралған босқындарға баспана берілмеген, көбі ел астанасы – Кабул шетіндегі қолдан жасалған адам толы шатырларды паналайды. Пәкістаннан келген Хан атты азамат отбасының қиын жағдайын сипаттап берді.

Сахибуддин Ханның отбасында бес адам бар, олар Кабулдың сыртындағы лас лагерьде, қоқысқа толы шатырда, баспана мен тамаққа зәру мыңдаған адаммен бірге тұрып жатыр.

Соғыс күйзелткен отанына оралғысы келмесе де, Пәкістан мен Иран және Еуропа мемлекеттері ауғандарды кері қайтарып жатыр. Репартианттардың жаңа нөпірі бұл елдегі соғыс кесірінен баспанасыз қалған 1 миллионнан астам ауғанның қатарын тағы толықтырады, нәтижесінде ушығып тұрған гуманитарлық дағдарыс тіпті асқынып барады.

«БІЗДЕН ИТТІҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСЫ»

Қазіргі Ауғанстанды кедейшілік жайлаған, қауіпсіздік мәселесі шешілмеген, 2001 жылы АҚШ басып кіргеннен кейінгі кез келген кезеңмен салыстырып қарасақ, қазір Талибанның үлкен аумақты бақылап отырғанын байқайсыз. Ең қажетті өмір сүру стандарттарын сақтауға тырысқан ауған үкіметі жаппай ағылған репартианттарды қарсы алуға дайын емес.

Шатыр ішінде тұрып жатқан ауғанның босқын әйелдері мен балалары. Ауғанстан, Кабул маңы, БҰҰ босқындар лагері, 27 қыркүйек 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

«Туған елімізде тұрып жатырмыз, бірақ бізден иттің жағдайы жақсы» дейді Пәкістаннан келген Хан. Олар өздері сияқты отанына оралған 450-ден астам отбасымен бірге лагерьде тұрып жатыр, мұндағы адамдардың көбі аштан өлмеудің қамын ғана ойлайды.

Лагерьде су құбыры, электр желісі жоқ, сырқатқа шалдыққандар өте көп. Ханның алты баласының екеуі (2 және 4 жаста) өткен айда шетінеп кетті. «Қар қалың жауғанда балаларым өліп қалды. Біздің шатырда отын да, тамақ та жоқ» дейді соңғы екі айда Кабулдың шығысындағы лагерьде тұрып жатқан Хан.

Өткен жылы Хан мен оның отбасы Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Кветта қаласында, ауған шекарасына жақын жерде тұрған еді. Сол қалада 20 жылдай тұрған Ханның жеке азық-түлік дүкені болды, отбасы барынша қауіпсіз әрі жайлы өмір сүрді.

Бірақ Пәкістанда ауғандарға қарсы науқан басталғанда Хан мен оның отбасының тағдыры тас-талқан болды. Пәкістан билігі алдымен оның дүкенін жапқызды, кейін үйін тінтті. Полиция бірнеше ай бойы қорқытып-үркітіп мазасын алған соң ол дүние-мүлкін жинап, отанына оралды.

Ешқашан мұндай күйге түсем деп ойламаппын. Жаңа өмір бастау үшін бізге көмек керек.

Енді оның отбасы өз елінде қайыршының күйін кешіп жатыр. Отанына қайтқан ауғандардың көбі бастарына қауіп төнгендіктен немесе жерді тартып алу кесірінен бұрынғы үйлеріне бара алмайды, сондықтан үкімет қашан жер немесе үй береді деп күтеді.

«Ешқашан мұндай күйге түсем деп ойламаппын. Жаңа өмір бастау үшін бізге көмек керек» дейді Хан.

Бірнеше жылдан бері Исламабад ауған босқындарын еліне қайтуға шақырып келді, дегенмен саяси қысым жасамаған еді. Бірақ 2014 жылдың желтоқсанында Пешавар мектебінде 150-ден астам адам (көбі оқушылар) қырылғанда билік қаһарына енді. Ауған босқындары пәкістандық «Талибан» қылмысы үшін жапа шектік дейді.

ПӘКІСТАНДАҒЫ ҚУДАЛАУ

Өткен жылы Пәкістан үкіметі «барлық ауған мигранттары мен босқындары еліне қайтсын» деп бұйырды. Билік өкілдері үйлер мен дүкендерді тінте бастады. Хан тәрізді репартианттар полицияның қудалағанын, өздерін тұтқындап, орындарды жалға алу шарттарын жарамсыз етіп тастағанын айтады.

2016 жылдың екінші жартысында Пәкістан елде тіркелген 1 жарым миллион ауған босқынының 365 мыңға жуығын шығарды. Нью-Йорктегі Human Rights Watch (HRW) ұйымының дерегі бойынша, 1 миллионға жуық ауғанның 200 мыңы Пәкістаннан кеткен. 1980 жылдары Пәкістан 5 миллион ауған босқынын совет әскеріне қарсы соғысқан ауған партизандары ретінде паналатқан еді.

Тіркелген босқындарды күштеп шығарған Пәкістан халықаралық құқықты бұзды.

HRW аға ғылыми қызметкері және босқындар құқығы жөніндегі қорғаушысы Джерри Симпсон «Тіркелген босқынды тікелей немесе жанама түрде болсын, мәжбүрлеп еліне қайтару халықаралық құқықты бұзу. Тіркелген босқындарды күштеп шығарған Пәкістан халықаралық құқықты бұзды» дейді.

Ақпанның 13-і күні жарияланған баяндамада HRW ауған босқындарының Пәкістаннан кетуін «әлемдегі соңғы уақытта болған ең ірі мәжбүрлеп кетіру оқиғасы» деп атады. Исламабад босқындардың өз еркімен кеткенін және «барлық босқындар еліне кетсін» деген бұйрықты 2017 жылдың соңына дейін ұзартқандарын айтады.

Құқық қорғаушылар бұл мерзімді кем дегенде 2019 жылға дейін созу қажет екенін айтады. Ханның отбасы тұратын жұпыны лагерьдің тұрғындары «ресми көмектің жоқ екенін» айтып күйінеді. Шетелдік көмекке қатты тәуелді ауған үкіметі босқындарға жер береміз деп уәде еткен еді, уәдесінде тұруға тырысып жатыр.

HRW өкілі Симпсон 2016 жылы еліне келген ауғандардың ешбірі жер алмағанын айтады. Босқындар ісі және ауғандарды репатриациялау жөніндегі министрлік кеңесшісі Хафиз Ахмад Миахел «Адамдарға жер беру процесі кейбір облыстарда басталды, бірақ заңға сай рәсімделгенше біраз уақыт өтеді» дейді.

Бала көтерген ауған босқыны. (Көрнекі сурет)

Ол босқындардың жаппай ағылып келіп жатқанын мойындайды, бірақ «Кабул үкіметі қолынан келетін азғантай көмегін аяған емес» дейді. HRW өкілі Симпсон ауған үкіметінің «қателік жасап, жалған уәде» бергенін айыптайды. Ол «биліктің жомарт уәдесіне сенген босқындар еліне келіп, сенделіп қалды» дейді.

Оның сөзіне қарағанда, «жер беру - ұзаққа созылатын процесс, оның қиыншылықтары жемқорлықпен, дұрыс әрекет етпеу және қаражаттың тапшылығымен байланысты».

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі «тіркелген репартианттардың қолына 400 АҚШ долларын береміз» деп мәлімдесе, Миграция жөніндегі халықаралық ұйым «бір отбасына 300 доллар және мұқтаж жандарға азық-түлік пен негізгі керекті заттардың берілетінін» айтады.

Шын мәнінде көмек алған репартианттар аз. Солардың бірі үш ай бұрын жеті адамнан тұратын отбасымен бірге Пәкістаннан келген 14 жасар Самех, ол да қазір Хан паналаған лагерьде тұрады. «Қиыншылықтарымыз басымыздан асады. Отын мен тамағымыз жоқ. Айналаның бәрі лас, менде киім де, аяқ киім де жоқ» дейді ол.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.