Айсұлтан Назарбаевтың өлімі автократтың әлсіздігін көрсетті ме?

Айсұлтан Назарбаев.

2020 жылы 16 тамызда Лондон саябағынан Қазақстанның бұрынғы президентінің немересі 29 жастағы Айсұлтан Назарбаевтың денесі табылды. Ол қайтыс боларынан бірнеше ай бұрын жақын туыстарына қарсы өткір мәлімдемелер жасап, оларды "жемқор", "ашкөз" деп айыптаған. Бұл мәлімдемелер елдегі ең ықпалды отбасының беделіне қалай әсер етті? Айсұлтанның өлімінен кейін саяси сахна сыртындағы әлемнен хабар алу қиындады ма?

МАҚТАНЫШ ПЕН ӨКІНІШ

"Айсұлтан, үмітімізді ақтадың, жетістіктеріңді мақтан тұтатынымды жасырмаймын. Алған білімің мен бойыңа жиған көшбасшылық қасиеттерің өміріңдегі жаңа белестерді бағындыруға көмектеседі деп сенемін". 10 жыл бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания корольдігінің "Сандхерст" әскери академиясын бітірген немересіне жіберген құттықтау хатына осылай жазған. Бұл атақты оқу орнында Ұлыбритания патшайымының немерелері, Люксембург герцогі, Катар әмірі, Бахрейн королі және басқа елдерден келген ақсүйектер оқыған.

Айсұлтан ақсүйектер отбасынан шықпаса да, оның жақындары сол кездің өзінде елдегі ең ықпалды адамдар саналатын. Атасы – шопан, өзі – қатардағы металлург болған Нұрсұлтан Назарбаев совет одағы тұсында Коммунистік партияның арқасында қарапайым жұмысшыдан саяси бюро мүшесіне дейін өсті. СССР тарағаннан кейін тәуелсіз Қазақстанды басқарып, билігін одан әрі нығайта түсті. 2010 жылы (Айсұлтан "Сандхерст" академиясын осы жылы бітірді) Назарбаев "ұлт көшбасшысы" мәртебесіне ие болды. Бұл оған өмірлік билік құзыретін сыйлап, өзі және отбасы мүшелеріне қудалаудан қорғануға, активтерін сақтап қалуға кепілдік береді.

Айсұлтан Назарбаев (төменгі қатарда) "Сандхерст" академиясының кадеттерімен бірге.

Ол кезде әскери академияда "бейбіт кезде және соғыс жағдайында қолбасшылық жасап, ұрыс айласын дайындауды" үйренген Айсұлтан Назарбаевты непотизм (биліктегі адамдардың жақындарына айрықша басымдық беру) дамыған елде үлкен биіктер күтіп тұрғандай көрінді. Ұлыбританиядағы оқуын бітіргеннен кейін 20 жастағы Айсұлтан Қазақстан қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының штатына қабылданды. Бір жылдан соң кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың қызына үйленді. Алматыда өткен салтанатты тойда америкалық рэпер Канье Уэст пен Ресей жұлдыздары өнер көрсетті.

Осындай "алтын бала" Назарбаев отбасының бас ауруына айналып, туыстарының "сараңдығы мен ашкөздігін", олардың жемқорлық істерге қатысы барын жайып салады деп ешкім ойлаған жоқ. Бірақ солай болды.

Нұрсұлтан Назарбаевқа немересіне артқан үміті ақталмағанын мойындауға тура келді.

2020 жылдың соңында Назарбаев өзі туралы кезекті бір фильмге берген сұхбатында "Оны ешқайда жібермеуге болар еді. Бірақ ұстап отыру мүмкін болмады, осы істің құлына айналды, тоқтай алмады" деді.

Бұл Назарбаевтың басы даудан арылмай, президенттің ондаған жыл бойы қалыптасқан "ұлт көшбасшысы" мәртебесіне нұқсан келтірген немересі туралы айтқан бірінші және әзірге соңғы пікірі болды.

Назарбаевтың "осы іс" деп отырғаны – есірткіге тәуелділік. Айсұлтан есірткіге әуестігі барын 2017 жылы мойындаған. Ол әкесі Рахат Әлиевтің өлімінен кейін бәрін ұмытқысы келгенін айтқан (дәрігер мамандығы бойынша білім алған Рахат Әлиев күш құрылымдарын басқарып, дипломатиялық қызметте істеген. Бірақ қайынатасына қарсы шыққаны үшін қуғынға ұшыраған. Осыдан кейін оны әйелі Дариға Назарбаевадан ажыратып, сырттай түрме жазасына кескен. 2015 жылы Вена түрмесінен қазақстандық екі банкирді өлтірді деген айыппен сот отырысын күтіп отырған Әлиевтің денесі табылған. Австрия билігі Әлиевтің өзіне қол салғанын айтқан). Айсұлтан Facebook парақшасына есірткіге тәуелділіктен құтылуға атасы (Назарбаев) көмектескенін жазған. Бірақ ол есірткіні біржола тастай алмаған сияқты.

АЙСҰЛТАНҒА ҚАТЫСТЫ ДАУ ЖӘНЕ ОҒАН РЕАКЦИЯ

2019 жылы Айсұлтан британдық таблоидтардың басты тақырыбына айналды. Басылымдар оның Лондонда бөтен пәтерге кіріп, балконнан айқайлап, өзін ұстауға келген полицейге қарсылық көрсетіп, оның қолын тістеп алғанын жарыса жазды. Ұлыбритания соты Айсұлтан Назарбаевты шартты жазаға кесіп, айыппұл төлеуге және есірткіге тәуелділіктен арылу үшін ем қабылдауға міндеттеді. Сотта айыптау тарабы болған оқиғадан кейін Қазақстан билігі Назарбаев отбасын ұятқа қалдырмау үшін "істі жылы жауып тастауға" тырысқанын, бірақ Лондон полициясы келісімге келуден бас тартқанын айтқан.

2019 жылы Қазақстанда кей саясаттанушы "басқарылатын транзит" немесе "жартылай транзит" деп атаған жағдай болды. Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кетіп, орнына парламент сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырды. Ал Тоқаевтың орнын Дариға Назарбаева басып, билік иерархиясындағы екінші тұлғаға айналды. Назарбаев мемлекеттік аппаратқа ықпал ету тетігін өз қолында сақтап қалды.

Лондондағы соттан кейін Айсұлтан біраз уақыт қоғам назарынан жоғалып кетті. 2020 жылы қаңтардың соңында Facebook-те қайта көрінген Айсұлтан отбасы мүшелерінің қазақстандық газдың айналасындағы көп миллиардты құрайтын жемқорлыққа қатысы барын жазды (өткен жылдың соңында Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың баю жолдары туралы материал жариялаған британдық зерттеуші Том Берджес өзі зерттеген құжаттардың Айсұлтанның сөздеріне сәйкес келетінін айтты. Құлыбаев Берджес ұсынған жемқорлық сызбаларына қатысы барын жоққа шығарды).

Айсұлтан Дариға Назарбаеваның сиқырмен айналысатыны туралы бірнеше түсініксіз жазба жариялаған. Соңында ол "анам атамды үнемі уысында ұстап келді, өйткені мен – оның ұлымын" деп жазып, өміріне қауіп төніп тұрғанын хабарлады.

Бұған дейін Айсұлтанның бір де бір жазбасына не Лондондағы дауға қатысты ашық пікір білдірмеген Қазақстан билігі бұл жазбаның "белгілі бір адамдардың манипуляциясымен жазылғанын" мәлімдеді. Осылай деген сол кездегі ақпарат министрі Дәурен Абаев бұрынғы президенттің немересін кім басқаруы мүмкін екенін ашып айтпады, бірақ "бұл тақырыпты жабуға", есірткіге тәуелді адамның мәселесін пайдаланып, "арзан рейтинг" қумауға шақырды.

Көп ұзамай Дариға Назарбаева сенат төрайымы қызметінен кетті (мамыр айында Тоқаев жарлық шығарып, оны депутаттық құзыретінен айырды). Бақылаушылар бұл жағдайды Айсұлтанның айналасында туған даумен және Дариға Назарбаеваның Лондондағы қымбат мүлігіне қатысты сот ісімен байланыстырды. Ұлыбританияның қылмысқа қарсы күрес агенттігі ел астанасындағы офшорлық компанияларға тіркелген зәулім үйлерге ордер салып, бұл мүліктің заңсыз ақшаға сатып алынғанын айтты. Бірақ Назарбаева сотта өз мүлкін қорғап қалды.

Сәуірде Айсұлтан өз парақшасында анасынан, отбасы мүшелері мен осыған дейін аттары аталған адамдардан кешірім сұрады.

Төрт айдан кейін, 2020 жылы 16 тамызда Лондон саябағынан Айсұлтанның денесі табылды. Назарбаевтар отбасының бақылауындағы ақпарат құралдары Айсұлтанның жүрегі тоқтап қайтыс болғанын жазды. Дариға Назарбаева халықты "отбасының қайғысына түсіністік танытып, құрметпен қарауға" шақырды. Ол ұлынан айырылғаны туралы жалғыз сөйлемде "отбасымыз сүйікті Айсұлтанымыздың қазасына байланысты аза тұтып отыр" деп жазды.

АВТОКРАТТЫҢ ӘЛСІЗ ТҰСЫ – ОТБАСЫ

Айсұлтанның қазасы туралы хабардан кейін қоғамда оның жұмбақ жағдайда қаза тапқаны туралы айтыла бастады. Оның отбасына қарсы жасаған өткір мәлімдемелерін алға тартып, бұл сахна сыртындағы күрестің нәтижесі болуы мүмкін деп топшылағандар да табылды.

Бірақ 2021 жылы наурызда Айсұлтанның өлімін зерттеген британдық коронер марқұмның қанынан шектен тыс кокаин мөлшері табылғанын, оның "табиғи өліммен" өлгенін айтып, күмәнді нұсқаларды жоққа шығарды.

Қазақстандық журналист, оппозициялық "Дат" газетінің басшысы Ермұрат Бапи Айсұлтанның өлтірілгені туралы нұсқалардың пайда болуын қоғамның билікке сенбеуінен көреді.

– Отбасы Айсұлтанды өлтіруге, нақтырақ айтқанда, оны қоғамнан алшақ ұстауға мүдделі болды [деген нұсқалар айтылды]. Айсұлтанның интернетте отыруы отбасына тиімсіз еді. Тағы бір нұсқаға сәйкес, мұны жағдайды пайдаланып, Назарбаевтар отбасын кінәлі етіп көрсеткісі келген үшінші күштер істеген болуы мүмкін. Мүмкін олар отбасына кек қайтарып, бұл үшін Айсұлтанды пайдаланғысы келген шығар, – дейді Ермұрат Бапи. Ол Айсұлтанды әкесінің өлімінен кейін жалғызсырап қалған, отбасына ренжулі адам деп сипаттайды.

Қазақстанда туған, қазір Ресейде тұратын журналист, "Новая газета" басылымының редакторы Вячеслав Половинко Айсұлтанның өліміне қатысты конспирологиялық нұсқаларға Назарбаевтың қарсыластарының өзі сене қоймағанын айтады.

– "Отбасына оның өлімі тиімді болды" деп ойламаймын: Айсұлтанның өлімінен кейін өзім көріп, естіп, оқыған дүниелерге қарап, маған Нұрсұлтан Назарбаев немересінің өмірден ерте қайтқанына шын жүректен қайғырып жатқандай көрінді. Ол бұл үшін өзін басқалардан артық кінәлауы мүмкін. Өйткені ол ел басқаратын көшбасшы болғанымен, өз жақынын бақылауда ұстай алмады. Осыған қарап, "автократтың әлсіз тұсы – отбасы" екеніне қалай сенбейсің? – дейді Қазақстандағы саяси оқиғаларды бақылап отырған Половинко.

Нұрсұлтан Назарбаев (президент болып тұрған кез) әйелі Сара Назарбаева және жиені Айсұлтанмен бірге ойын-сауық орталығының ашылуында тұр. Алматы, 1997 жыл. Сурет Ақорданың Instagram-дағы парақшасынан алынған.

Автократтардың отбасы олардың әлсіз тұсына айналады және бұған көбіне көшбасшылардың өзі кінәлі болады.

"Бір тұлғаға байланған режимде көбіне билеушілер өз туыстарына үлкен ресурстар беріп, оларды қорғауына алып, отбасын күшті еткісі келеді. Бірақ осы арқылы керісінше, өзін әлсіретеді", – қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Сарапшының пікірінше, ресурсқа бай клептократияларда демократиялық процедуралар мен биліктің ауысуы болмағандықтан, мемлекет басшысының айналасындағы адамдар ойына келгенін істеуге үйренеді. Тарихта мұндай мысалдар жетіп-артылады.

Димаш Әлжанов Ангола мемлекетін мысалға келтіреді. Онда "африкалық ханшайым", бұрынғы президент Жозе Эдуарду душ Сантуштың қызы Изабель душ Сантуш әкесі мұнайға бай, бірақ халқының көп бөлігі кедей елді билеген жылдары миллиардтаған активтерді басқарған. Кейін ол жемқорлық айыбымен елден кетуге мәжбүр болып, туған жеріне қайта орала алмаған.

Тағы бір мысал: Зимбабвені 37 жыл басқарған марқұм Роберт Мугабенің отбасы. Африка мемлекетінің көп тұрғыны әзер күн көріп жүргенде, президенттің әйелі қымбат киімге миллиондаған қаржы жұмсап, ұлдары бай-бағландарға арналған түнгі клубтардан видео түсірген. Мугабенің ұлы Instagram-ға бриллианттан жасалған қол сағатына қымбат шампан құйып жатқан видеосын салып, "әкең ел басқарса, білегіңе 60 мың доллар тағып жүресің" деп жазған.

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова да бір кездері билікте қалатын ықтимал мұрагер болып көрінген. Бірақ әкесінің көзі тірі кездің өзінде батыс елдерінде Каримоваға қарсы жемқорлық бабы бойынша іс қозғалғаннан кейін, ол экономикалық қылмыс жасады деген айыппен Ташкентте үйқамаққа алынған. Каримова әкесі қайтыс болғаннан кейін үш жылдан соң түрмеге жабылды. Ол әлі күнге түрмеде отыр.

"ТУЫСТАРЫНЫҢ БЕДЕЛІ МЕН МАНСАБЫНА СОҚҚЫ БОЛДЫ"

Вячеслав Половинко "Каримованың ісі – сирек кездесетін жағдай. Авторитар басшылар әдетте жақындарының көп қателігіне көз жұма қарайды" деп есептейді.

– Осыны сезген туыстары бетімен кетеді. Олар осылай авторитар басшының әлсіз тұсына айналады. Айсұлтанның әрекеті Назарбаевтың жеке басына табыну мәдениетіне қарсы ойнады, бірақ бұл шешуші рөл атқаратын дүние болды деп айта алмаймын. Көбі Айсұлтанға атасының призмасымен қарамады, ол "өз алдына жүрген" тұлға болды. Жеке басым Айсұлтан оғаш әрекеттерге барған кезде ешкімнен "атасын масқара қылды" дегенді естіген жоқпын. Иә, Айсұлтан Enfant terrible (ерке, шолжаң) болды, оның әрекеттері саяси тұрғыда Назарбаевтың отбасын бақылауда ұстауға қабілетсіздігі сияқты көрінді. Бірақ бұл жеке басқа табыну мәдениетіне нұқсан келтіретін оқиға болған жоқ. Назарбаевтың жеке басына табыну жойылған да жоқ, – дейді Половинко.

Орталық Азия бойынша сарапшы және Азаттық радиосының шолушысы Брюс Панниер былтыр Айсұлтанның өлімінен кейін марқұм немересі Назарбаевтың беделіне қауіп төндірген қайшылықты тұлға болғанын, оның елесі әлі ұзақ уақыт бойы отбасының қыр соңынан қалмайтынын жазған. Панниер Айсұлтанның өлер алдында жасаған мәлімдемелері анасының және басқа да тұлғалардың карьерасына үлкен соққы болғанын айтады.

– Дариға Назарбаева ұзақ жылдар бойы жоғары қызметте қалып, Нұрсұлтан Назарбаевтың өлімінен кейін әкесінің мұрасын сақтап, отбасының мүддесін қорғайды деп күтілген. Көбі Дариға парламент спикері қызметінен кеткеннен кейін [белсенді] саясатқа оралады деп ойлады. Бірақ олай болмады. Әрине, бұған бір жағынан оның Ұлыбританиядағы мүлкі туралы ақпарат әсер етті. Назарбаевтың жақында 81 жасқа толғанын ескерсек, қазір Дариғада Қазақстанның саяси сахнасында қалыптасқан жағдайды өзгертуге аз уақыт қалды. Айсұлтанның өлімінен кейін Дариғаның мәртебесі тым төмендеп кетті. Бұл Назарбаевтар дүние салғаннан кейін оның отбасын жақсы нәрсе күтпейтінін көрсетеді, – дейді сарапшы.

"ЖАБЫЛҒАН ТЕРЕЗЕ" НЕМЕСЕ "СЫНЫҚ АЙНА"?

Журналист Ермұрат Бапи Айсұлтанның қазасынан кейін билеуші элитаның өмірі мен олардың сахна сыртындағы күресін тамашалау мүмкіндігі жойылғанын айтады.

– Айсұлтанның қазасы бәрін дұрыс жолға салды деп ойламаймын. Бейберекетсіздік жалғасып жатыр, тек біз бұл туралы білмейміз. Қоғам болып жатқан оқиғалар туралы режимнің соңғы биологиялық нүктесі қойылған кезде бір-ақ біледі, – дейді Бапи.

Вячеслав Половинко Айсұлтан саяси биліктің әлеміндегі "терезе" емес, "қисық айна" болды деп бағалайды.

– Біз бұрмаланған көрініске куә болдық. Бірақ мұны тамашалау қызық көрінді. Тәуелділігі бар адамның оғаш әрекеті кез келген отбасыға қолайсыздықтар туғызатыны сияқты, бұл жағдай [Назарбаевтар] отбасы үшін де жағымсыз болды, – дейді Половинко.

Димаш Әлжанов "Айсұлтанның жағдайы қоғамға "елде не болып жатыр, оны кім және қалай басқарады, ресурстар қалай бөлінеді?" деген ой салуы керек" деп есептейді.

"Терезе" іздеудің орнына автократтардың басқару тізбегінен шығу керек", – дейді саясаттанушы.