Биыл 20 ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толып отыр. Осыған орай, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Шабанбай би ауылы тұрғындары қайраткерге арнап ескерткіш мүсінін орнатты. Ауыл азаматтары оған өз ақшасын жұмсады. Ескерткішті ашу рәсіміне қатысқан Алаш қозғалысын зерттеуші ғалымдар әрі қарай Әлихан Бөкейханның ата-анасы мен туыстары жерленген Талдыбейіт қорымына барды.
Шабанбай би ауылынан 30 шақырым жерде, Жіңішке өзенінің жағасында жатқан қорым ел ішінде "Бөкейхандар әулетінің қорымы" деп те аталады. Осы қорым басында Азаттық тілшісі әдебиеттанушы, Алаш қайраткерлері жөніндегі бірнеше зерттеудің авторы Сағымбай Жұмағұловпен сұқбаттасты.
Азаттық: Талдыбейіт бір әулеттің қорымы ма, әлде сол төңірекке ортақ қорым ба?
Сағымбай Жұмағұлов: Бұл қорым – 20 ғасырдың алғашқы жартысында жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, тарыдай шашырап кеткен Бөкейхан әулетінің қорымы. Осы өңірдегі айрықша тарихи-мәдени ескерткіш. Мұнда Әлихан Бөкейханның әкесі Нұрмұхаммед, атасы Мырзатай, анасы Бегімай, туған бауырлары Әзіхан, Тәтіхан, Смахан және жалғыз қарындасы Нұрбек жерленген. Биік дуалмен қоршалған қорым ішінде осы әулетке қарайтын өзге де адамдардың бейіті бар. Бірақ аты-жөні жазылмаған.
Азаттық: Талдыбейіт аталуының сыры не?
Сағымбай Жұмағұлов: Әлихан Бөкейханның әке-шешесінің қабірі шетке қарай, оқшау жатыр. Дәл соның түбінде ағаш өсіп тұр. Ол ағашты Әлихан Бөкейханның өзі отырғызған. Әкесі қайтыс болғанда жете алмай, кейіннен келіп осы ағашты отырғызған екен. Ағаштың көшетін Омбы жақтан әкелген деседі. Бұл өңірде мұндай ағаш жоқ. Бұл ағаш Әлихан Бөкейханның өз қолынан қалған көрнекті тарихи белгі ретінде де құнды. Қорымның Талдыбейіт атанғаны да осы талға байланысты болса керек.
Азаттық: Әлихан Бөкейханның бас киімі де осы қорымға жерленген дейді.
Сағымбай Жұмағұлов: Иә, бұл да нәубетке ұшыраған әулеттің амалсыз әрекеті. Әлихан Бөкейханның туған інісі Смахан төре ағасы жазықсыз атылып, сүйегі қайда қалғаны белгісіз болған соң, оның бас киімін әулет қорымына кәдімгідей лақаттап жерлеген.
Азаттық: Әлихан Бөкейханның өмірінің соңында киген бас киімі ме?
Сағымбай Жұмағұлов: Ол жағы белгісіз. Әлихан өмірінің соңына қарай елмен хабарласатындай жағдайда болған жоқ. Смахан төре Әлиханның ұрпақтарымен жалғасып алдырды дейін десең ол әулет бірінен бірі көз жазып қалған кезі. Сондықтан дәл мына бас киімі деп айту қиын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әлихан Бөкейхан Нығмет Нұрмақовпен бірге Мәскеуде жерленгенАзаттық: Басқа туыстарына қарағанда Смахан төре туралы жиі айтылатыны байқалады. Ол кім болған?
Сағымбай Жұмағұлов: Смахан төре Әлихан Бөкейханның 1881 жылы туған інісі. Әлихан қуғынға ұшырағанда саяси қуғын-сүргіннен сескеніп, Жетісу бойына қоныс аударған. Бірақ ол жақта да тыныш қоймай тұқындап, Сібірге жер аударған. 1953 жылы Сталин өлген соң қайтып келіп, Балқаш өңіріне тұрақтаған. Әлихан тұлғасын тануда Смахан төренің орны ерекше. Ол "Әлекеңнің өмірі" деп аталатын 18 дәптерден тұратын өте құнды естелік қалдырған адам. Төте жазумен жазылған қолжазбаныың алғашқы он дәптерін Әлихан Бөкейханды зерттеуші Сұлтан-Хан Аққұлы 1996 жылы "Жұлдыз" журналына жариялады. Қалған 8 дәптері де 2003 жылы осы журналға шықты. Күнделікте Әлихан Бөкейханның кір жуып, кіндік кескен атамекені, бала кезден, ұсталғанға дейінгі кездегі өмірі түгелге жуық суреттеледі.
Әлихан Бөкейхан өзінен кейінгі інісі Смахан төреге ерекше үміт артқаны байқалады. "Смахан сені Мәскеу, Петербор, тіпті Стамбулға да жіберіп, оқыта аламын, бірақ сенің ел арасында болғаныңды қалаймын" дейтіні бар.
Смахан төре әлеуметтік қоғамдық істерге белсене араласқан. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтар шығарған атақты "Қазақ" газетіне "Сұңқар" деген бүркеншік атпен біраз мақаласы шыққан. 1918-19 жылдары Қарқаралы земствосының уездік басқарма мүшесі болған.
Потанин Ақтоғай өңіріне келгенде Смахан төре қарсы алған. Потанин оны Сібір географиялық қоғамында жасаған баяндамасында атап өтіп, "досым Әлиханның інісі Смаханның ауылына барғым келді" деп жазады.
Азаттық: Талдыбейіттегі көктастарды Смахан төре қойған ба?
Сағымбай Жұмағұлов: Смахан төренің өзі Сталин өлген соң айдаудан қайтты емес пе? Қуғын-сүргінге ұшыраған бірқатар қоғам қайраткерлері Сталиннің жеке басына табынуды айыптаудан кейін ақталғанда Әлихан да ақтала ма деген үміті болғанға ұқсайды. Бірақ совет кезінде Алаш қайраткерлерінің ешқайсысы да ақталмады. Оның үстіне Смахан төренің өзі де айдаудан қайтқан, қартая бастаған шағы. Сондықтан Бөкейхандар әулетіне көктас қоюды өзіне міндет санаса керек. Сөйтіп, ағасының, елдің алдындағы басты миссиясын орындады. Талдыбейіт қорымын бүкіл елге қастерлі киелі орынға айналдырды.
Азаттық: Ол кез Әлихан Бөкейханнның атын атауға да тыйым салынған кез емес пе?
Сағымбай Жұмағұлов: Иә, Әлиханның ғана емес, басқа да Алаш қайраткерлерінің атын атауға қатаң тыйым салған кез. Бірақ бұл Смахан төренің ағасы алдындағы соңғы парызы еді. Оның үстіне қанша қуғындалса да, рухын жоғалтпағаны байқалады. Ол кісіні көргендер "ұзын бойлы, денелі, рухты адам болды, кез келген адамның мысын басып тұратын еді" деп суреттейді. Совет өкіметі оның зират басына қойған көктасынан да шошыды. Кешегі ұлтшыл, алашордашылдарды насихаттап жатыр деп жоғарыға арыз жазылған, "Индустриальная Караганда" дейтін газетке мақала да жарияланған. Ақыры көктастың біріне қашалған жазуды шолақ белсенділер қырағылық танытып, өшіріп тастаған. Тастағы жазуды өшіру де оңай емес. Бірақ барлық тасқа емес, бір тастағы жазуды ғана өшірген. Совет өкіметі 1953 жылы Мәшһүр Жүсіптің көктасын да әдейі жермен жексен етті емес пе? Бұл да соған ұқсас.
Азаттық: Өшкен жазуды қалпына келтіруге бола ма?
Сағымбай Жұмағұлов: Әзірге оны ешкім құнттап жүрген жоқ. Астанада Кенесары сарбаздарының қорымы бар. Соның өшіп бара жатқан жазуын қалпына келтіріп оқыды. Бірақ тасқа кері әсер етіп, зақымданғаны байқалады. Сондықтан бұл жазуды қалпына қалай келтіру мәселесін мұқият ойланған дұрыс.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Алашорданың" мерейтойы лайықты аталды ма?Азаттық: Өзге тастарда не жазылған?
Сағымбай Жұмағұлов: Тастың бірінде: "Қыр баласы, ел ағасы, қазақтың болған панасы, жел жағында қаласы, ұмыта ма Әлиханды қазақтың баласы" деген сөз бар. Әрине, совет кезінде мұндай сөзге жол берілмейді. Бірақ бұл сөз өшірілмеген. Ал өшірілген таста не жазылғанын кім білсін?
Сол жазу "1899 жылы Жер ғылымын бітірген. Үкітай Әлихан баласы 1957 жылы 1 желтоқсанда көмілді, қызы Лиза, жаздырған Смахан" деп әрі қарай жалғасады. Тастың тағы бірінде Әлиханның әулет шежіресін Шыңғысханнан таратып, 23-ұрпағы деп көрсетеді.
Азаттық: Әлихан Бөкейханның ұрпақтары бұл қорымға келді ме?
Сағымбай Жұмағұлов: 1992 жылы Ақтоғайда үш арыс – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбайұлы, Әлімхан Ермековке ас бергенде Әлиханның ұлы Сергейдің баласы Евгений мен Петр Мәскеуден Талдыбейітке келіп, ата-бабаларының рухына тағзым етті. Сергей 1932 жылдары Қаныш Сәтбаевпен қатар жұмыс істеп, бір бөлмеде жатқан. Кейін Әлиханның баласы ретінде шетқақпай көріп, Хакасияға кетіп, 1950 жылы сонда қайтыс болды. Өз ажалынан өлген жоқ деген пікірлер бар. Әпкесі Елизавета Смағұл Сәдуақасұлының әйелі. Екінші дүниежіүзілік соғысқа қатысқан.
Бұл қорым тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қамқорлығына алынуы тиіс деп ойлаймын. Жидебайдағы Абай мемориалдық қорымы секілді қоршап, абаттандырылса ел тарихының куәсін көргісі келетіндер көбейер еді. Аудан орталығы Ақтоғайға дейін ескі асфальт, одан Шабанбай би ауылына дейін қиыршық тас төселген жол. Шабанбай биден Талдыбейітке дейін кәдімгі қара жол. Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхан өскен өңірге келушілерге бұл да бір кедергі. Қарап отырсаңыз бұл өңірде Алаш қайраткерлерінен қалған тарихи басқа із көп. Әлихан Бөкейханнан өзге Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков секілді мемлекет қайраткерлері осы өңірде дүниеге келген. Олардың туған, өскен жерлерінің арасы қозы көш жер ғана.
Азаттық: Сұқбатыңызға рақмет.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Алаш мұрасы әлі толық ашылмады"