"Батысқа қарап бой түзейміз". Әлихан Бөкейханов және оның демократиялық Қазақстан құру идеясы

Әлихан Бөкейханов

1917 жылдың қазан-қараша айларында қоғам қаймақтары бұрын-соңды қазақ даласында болмаған әлеуметтік эксперимент жасап, демократиялық құқықтық мемлекет — Алашорда автономиясын құруды бастады.

Журналист, этнограф және Бірінші Мемлекеттік дума депутаты Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен Алаш автономиясы екі жыл бойы біресе "Орыс", біресе "Сібір" үкіметін Батыс құндылықтарына иек артатын, өзін-өзі басқаратын автономия құру қажеттігіне көндіруге тырысты. Көндіре алмады. Колчак үкіметімен бірге Алаш автономиясы да құлап, оның орнына большевиктер Қырғыз (Қазақ) автономиялық республикасын құрды.

Тарих шартты райға бағынбайды десе де, жекелеген тарихи оқиғалардың қасіретін тек шартты рай арқылы ғана сезінуге болады. Алаш автономиясы жобасы іске асқанда, Қазақстан жүз жыл бұрын-ақ Батыстың үздік дәстүріне сай демократиялық құқықтық мемлекет құрған болар еді. Онда екінің бірін жалмаған 1930-жылдардағы ашаршылық, одан кейінгі сталиндік лагерь мен ядролық полигон да болмас еді, ауыр посткеңестік транзит кезеңін бастан кешпес едік.

ХХІ ғасырдың басында Орталық Азияның жүрегінде жүз жылдық демократия тарихы мен 50 миллион халқы бар Қазақстан болғанда, әлем де басқаша болар еді. Өкінішке қарай, олай болған жоқ.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ СӘТСІЗДІК

Петроградтағы Қазан төңкерісінен кейін бір жарым ай өткенде, 1917 жылғы 13 желтоқсанда Орынборда Екінші жалпықазақ съезі өтіп, онда жер-жердегі жағдай баяндалғаннан кейін (жер-жерде халық ашығып, бір-бірімен жауығып жатқан-ды) аштыққа ұшырағандарға әр қазақтан бір рубльден жинап, оларға нан жеткізетін түйе бөлу туралы шешім қабылданды. Съез делегаттары қазіргі Қазақстан шекарасында Алаш автономиясы – тарихтағы алғашқы қазақ мемлекеті құрылғанын жариялады. Мемлекет атауын қазақ аңызына сай алты Алашты құраған тайпалардың түп атасының құрметіне қойды.

Осы кезде бұрынғы Ресей империясы аумағында өтіп жатқан толып жатқан басқа жиындармен салыстырғанда, қазақ құрылтайы толыққанды заңды жиын болатын — оған Бүкілресей құрылтай жиынының 43 депутаты және облыстық қазақ комитеттері мен уездерінен сайланған екі өкілден қатысты.

Автономияның үкімет басына келгендер де осал емес еді. Үкіметтегі 15 адамның сегізінің заң саласынан жоғары білім болса, төртеуі — Мемлекеттік думаның бұрынғы депутаты, тағы бесеуі Уақытша үкіметтің бұрынғы комиссарлары болатын. 15 адамның бәрі де Құрылтай жиынына төте және еркін сайлауда оза шапқан депутаттар.

Автономияны Шыңғыс ханның ұрпағы, Ресейде білім алған жүздеген қазақтың бірі, бірінші Мемлекеттік дума депутаты, Кадет партиясы орталық комитетінің бұрынғы мүшесі, Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы бұрынғы комиссары (осы қызметтегі бірінші мұсылман), публицист, Брокгауз бен Ефрон сөздігінің редакция алқасының мүшесі, "Ресей халықтарының Ұлы Шығысы" масон ұйымының мүшесі Әлихан Бөкейханов басқарды. Бір сөзбен айтқанда, бәрі де Батысқа қарап бет түзеген қазақ интеллигенциясының қаймағы болды. Құрылтайда бір айдың ішінде автономия көшбасшылары заңмен байланысты мәселенің бәрін шешіп, Құрылтай жиналысының отырысына (мұны большевиктер де жоспарлап отырған) дейін автономияның Конституциясын дайындайтын болып келісті.

Әлихан Бөкейханов Павлодар түрмесінде, 1908 жыл.

Құрылтай жиналысы ештеңе шешкен жоқ, бірнеше аптадан кейін оны большевиктер қуып таратты. "Алаш" көсемдері большевиктер жетекшілері Ленин мен Сталин, Самарадағы Құрылтай жиналысы комитетінің мүшелері мен тіпті Қытай республикасы үкіметінің арасында келіссөз жүргізіп, ақырында 1918 жылдың маусым айында Омбыда құрылған Уақытша Сібір үкіметіне арқа сүйейтін болып шешті. Сібірліктердің көшбасшысы, үкіметтегі негізгі адамның бірі Григорий Потанин Бөкейхановтың ұстазы іспетті еді әрі Бөкейханов 1917 жылдың қазан айында құрылған Уақытша Сібір үкіметінде министр болып үлгерген.

1918 жылғы 11 маусымда Алаш үкіметі Қазақстан аумағында совет билігінің барлық шешімін жойып, Уақытша үкіметтің шешімін қалпына келтірді (оның ішінде сөз бостандығы да бар). 24 маусымда жерге жеке меншікті алып тастап, жерді орыс переселендерінен тартып алып, қазақтарға берді. Сот пен халық милициясын құрды. "Алаш ұлттық шаруашылық пен фабрика-зауыт өнеркәсібін дамыту одағы" деген атаумен Мемлекеттік жоспарлау комитетін құрды. Өзінің Қорғаныс министрлігін — Әскери кеңесін құрды. Дін мемлекеттен бөлек деп жариялап, тіпті көптеген "өркениетті елден" көп бұрын ер мен әйел тең деп мәлімдеді.

Бар айыбы, олар одақтастарының заңнан аттамайтынына және ниеті түзу екеніне сөзсіз сеніп қалды. Алдымен Уақытша Сібір үкіметі, ал 1918 жылдың қыркүйек айында "біртұтас және мызғымас Ресейге" құлай сенген Колчак үкіметі ресми түрде барлық автономияны таратты. Ал елдік мәселемен келіп отырған Бөкейхановты болмашы нәрсені айтуға келген адамдай бірінен біріне итерді.

Большевиктерде ешқандай да принцип болған жоқ әрі олар соғыста барлық тәсілді пайдалануға болады деп санады. Соның салдарынан алдымен Сталиннің ықпалына түскен Алашорданың бір бөлігі совет билігімен келісімге келсе, 1919 жылдың желтоқсан айында бүкіл Алаш автономиясын Қызыл армия күшпен алды. Большевиктер де, әлбетте, автономия құруға уәде берді, алайда Қазақстанда туып-өскен алғашқы басшы елді басқарғанда 1940-жылдардың соңы болған еді, бұған дейін елді аштық жайлап, қаншама халық қырылып қалды. Совет билігі осындай революция желігімен көшпелі тұрмыс пен отырықшы шаруашылықты теңестірді. Ал жүз жыл бұрынғы Еуропаның озық либерал-демократиялық дәстүріне сай қазақ мемлекетін құру идеясы жүзеге аспады.

ЖОҒАРЫ БІЛІМДІ, ХАН ТҰҚЫМЫ

Әлихан Бөкейханов 1866 жылы қазіргі Семей мен Балқаштың ортасындағы қазақ ауылында дүниеге келді. Бөкейханов болғаны беріде – 24 жасында арғы атасы, Шыңғыс ханнан тарайтын, 1815-1817 жылдары Орта жүзді билеген Бөкей ханның құрметіне тегін ауыстырды.

Бөкейханов дүниеге келген тұста Ресей Қазақстан аумағын біртіндеп отарлап болып, ендігі отарлық режим енгізіп үлгерген: сырттан келген, елдің тілін білмейтін шен-шекпендіге мәселесін жеткізе алмай ғаріп болған жергілікті халықтың құқығы аяққа тапталды. Бөкейханов 1910 жылы "Қырғыздар" деген жазбасында қазақ даласындағы жағдайды сипаттай келе, "Орыстан көршің болса, айбалтаң қойныңда болсын" деп, орыстың қазаққа күн бермесіне біраз мысал келтірді.

Ол уақытта қазаққа бұйырғаны, тіпті ол Шыңғыс ханның тұқымы болса да, әрі кеткенде бір уездің болысы болу еді. Алайда, туабітті талантының арқасында Әлиханның жолы болды. Қазақ балаларына арналған мектепте оқып жүрген жерінен Омбы губерниясының генерал-губернаторы алып кетіп, Омбы техникалық училищесіне орналастырды (Әлихан губернатордың жасырған есебін дәл тапқан еді). Сол жерден "үздік үлгерімі мен үлгілі тәртібінің" арқасында Санкт-Петербургтегі императорлық орман шаруашылығы институтына түсті.

ХІХ ғасырдың соңында жоғары білімді қазақтардың саны шамамен 120 адамдай болды. Бөкейханов солардың бірі еді.

Омбы қаласы, ХХ ғасырдың басындағы фото.

Оқуын бітіргеннен кейін Омбыға оралды. Омбыда жүріп көп жазды, біраз жылын Қазақстанның шаруашылығын зерттеген экспедицияларға арнады, сібірліктермен достасты, 1913 жылы "Қазақ" газетінің белсенді авторы болды. Дала халқын орыс шенділері "қырғыз" деп атаған тұста басылымның "Қазақ" деген атауының өзі режимге деген қарсылық еді.

Бірінші орыс революциясы кезінде Бөкейханов Батысқа біржола бет бұрған, бірақ өз елінің ерекшелігін жақсы түсінетін адам. Бір жағынан: "Біз Батысқа қарап бой түзейміз. Халықты мәдениетке баулу үшін Шығысқа, Моңғолияға қарамаймыз, онда мәдениет жоқ екенін білеміз. Біздің назарымыз Батыста", – деп жазды.

Ал екінші жағынан қандастарына Петерборда болған жайтты қарапайым тілмен ұғындырып, енді патшаның да күні өткенін жеткізді.

Қазақтар мұны түсініп, Бөкейхановты Ресей империясының бірінші Мемлекеттік думасына депутат етіп сайлады. Сібірден сайланған тағы бір депутат – Уақытша Сібір үкіметінің болашақ төрағасы Петр Вологодский арада 15 жыл өткенде Бөкейхановты қабылдау бөлмесінде күттіріп, ақыры қазақтарға автономия беруден бас тартты. Ал әзірге олар тең, екеуі де депутат және екеуі де Петербургке жетіп үлгермеген еді. Бұл уақытта бірінші Дума таратылды.

Бұдан кейін оны бірнеше рет саяси қызметі үшін қамауға алды, "ерікті-келісімді" түрде Самараға (сайлаушыларынан алысқа) жер аударды. Ақпан төңкерісін Бөкейханов Батыс майданның штабында қарсы алды – 1916 жылдың маусым айында "бұратана" халық өкілдерін тыл жұмысына алатын болып, Әлихан майданға шақырылған отандастарының құқығын қорғаумен айналысып жүрген еді.

Уақытша үкімет Бөкейхановты Торғай облысының комиссары (қазіргі Қазақстанның Қостанай облысы деуге болады) етіп тағайындады, ол мұндай қызметке тағайындалған алғашқы мұсылман еді.

Елден шыққан көптеген зиялы қауым өкілі секілді Бөкейхановқа да бұл публицист және зерттеуші ретінде жазған ойдағы жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігі болды.

"Қазақ" газетінің негізін қалаушы, "Алаш" партиясының жетекшілері (солдан оңға қарай) Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақын Дулатов.

ҚАЗАҚ ҰЛТЫ

Біріншіден, өз алдыңа қазақ деген ұлт екеніңді жариялау канадалық немесе француз екеніңді жариялағанмен бірдей. Бөкейханов пен оның үзеңгілестері он бес жылдай уақыт бойы дәл осы аумақта дәл осындай ұлт тұратынын дәлелдеумен болды.

Сонау 1905 жылы Ресейде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезінде сөз алған Бөкейханов ұлт мәселесі Польша мен Финляндияда ғана емес, қазақ даласында да бар екенін жайып салды:

"Мұнда сөйлеген поляктарды, латыштарды, тағы басқа халықтарды тыңдап отырып, ескі кітап оқып отырғандаймын. Бізде де қырғыз тілінде білім беретін мектептерді қудалау бар, сөз бостандығы жоқ. Міне, 13 айдан бері, мәселен, Крыловтан аударған 46 мысалды бастыруға рұқсат ала алмай жүрмін".

Дәл сол 1905 жылы "Семипалатинский листок" газетінде Бөкейхановтың Абай Құнанбаев туралы қазанамасы жарияланады – осылайша көзі ашық жұрт қазіргі Қазақстанның әр қаласында ескерткіші тұрған қазақтың ұлы ақыны туралы туралы білді.

1913 жылы Бөкейханов "Қазақ" газетінің негізін қалаушылардың бірі болды. Бір жылға жетпей газетке 3 мыңнан астам адам жазылды, олар Семейден Варшаваға дейінгі көзі ашық қазақтар еді. Газетті "Қазақ" деп атауды да Бөкейханов ұсынды. Қазақ мемлекетінің шекарасын анықтаған да Бөкейханов болды. Ол шекара қазіргі Қазақстан Республикасының аумағымен дәлме-дәл келеді деп айтуға болады.

1910 жылы жазған "Қырғыздар" еңбегінде Бөкейханов қазақ даласында екі бағыттағы интеллигенция барын айтады. Біріншісі – "еуропалық мәдениетке сенетін, елінің бақытын Батыс мәдениетінен көретін зиялы қауым", Ал екіншісі – "шығыс рухында тәрбиеленген ұлттық-діни интеллигенция".

1917-1919 жылдары Қазақстан осы екі ағымның арасында жүрді деуге болады.

РЕСЕЙДІҢ ДОМИНИОНЫ ҚАЗАҚСТАН

1917 жылғы төңкеріс басталғанға дейін Бөкейхановтың қолында қазақ халқының саяси даму бағдарламасы дайын тұрды.

1911 жылы Бөкейхановтың үзеңгілесі Барлыбек Сыртанов "Қазақ елінің уставы" деген атаумен ел Конституциясын жазып, ол 1917 жылы "Алаш" партиясы бағдарламасының бір бөлігі болған еді.

Осы құжатқа сәйкес, "Қазақ елі" Ресейдің доминионы болуы керек еді (бұл уақытта әлемде Канада, Австралия, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка сияқты доминиондар бар болатын). Ұлттық Мәжіліс түріндегі жоғарғы орган президентті, ал президент министрлерді сайлайды деп бекітті.

Әйтсе де, ең қызығы "Құқықтар мен бостандықтар" бөлімінде болды. Мұнда дініне, жынысына, әлеуметтік жағдайына я ұлтына байланысты кемсітуге жол бермеу, ер мен әйел теңдігі, сөз еркіндігі мен ар-ождан бостандығы туралы айтылды. Ол уақытта мұндай талаптар әлемнің төрт-ақ елінде – Австралия, Жаңа Зеландия, Финляндия (Ресей құрамында) және Норвегия елдерінде ғана жүзеге асқан болатын. Совет одағында ер мен әйел теңдігі жөніндегі конституциялық бап тек 1936 жылы пайда болды.

Дәл осы мәселелерді Бөкейханов 1917 жылдың қазан айында өткен Сібір облыстық съезінде айтты (сол жерде оны министр етіп сайлаған, алайда, Қазан төңкерісі салдарынан бірде-бір шешім орындалмады). Ол автономия мәртебесін, ұлттық, жыныстық және таптық теңдікті конституцияда бекітуді ұсынды.

1918 жылдың қыркүйек айында Уфада өткен Мемлекеттік жиналыста да (бұл жиында Алашорда да, басқа барлық "облыстық үкіметтер" де ресми түрде жойылды) автономия туралы айтып, "Ресей демократиялық федеративтік республикасымен" бірлік жөнінде сөз қозғады.

"Автономиялық облыстар әлемдік державалардың жанында ешқандай рөл ойнамайды... Біз мұны жақсы түсінеміз, бірақ ендігі жерде бұдан бас тарту керек деп санаймыз. Себебі Ресей федеративті, демократиялық, бірыңғай ел, біз ұлы, бақытты Ресейді орыс халқымен бірге құрамыз".

Иосиф Сталин, 1913 жыл.

Совет өкіметі де автономияны қолдайтындай көрінді. 1913 жылы Венада жазылған "Марксизм және ұлт мәселесі" мақаласында саяси эмигрант Иосиф Сталин де осыны айтқан: "Жалғыз дұрыс шешім (ұлт мәселесінде) – облыстық автономия, Польша, Литва, Украина, Кавказ және т.б. сияқты анықталған автономиялар". Ұлттар жөніндегі халық комиссары Иосиф Сталин 1918 жылдың қараша айында "Правда" газетінде жарық көрген мақаласында "облыс үкіметтеріне" облыстық болғаны үшін емес, "табиғатынан буржуазия" болғандықтан көңілі толмайтынын жазған.

Іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. Шын мәнінде большевиктердің қолында ұлттық құрылыс туралы ешқандай нақты құжат болған жоқ, сондықтан тіпті 1918 жылғы Конституцияда да жай ғана "республиканың" "автономиялық республикадан", "автономиялық облыстан" қандай айырмасы бар екені, ал олардың бәрі жиылып келіп губерниядан несімен ерекшеленетіні туралы түсіндірме болған жоқ.

1920 жылы Алаш автономиясы құлаған жерде совет өкіметі Қазақстан еңбекшілерінің еркін қанағаттандыруға асығып, РСФСР құрамындағы Қырғыз АССР-ін құрды, бұл АССР советтердің Құрылтай съезін өткізуінен бір жарым ай бұрын болды. Шартты түрде астанасы деп жарияланған Орынборды жаңа автономияның құрамына енгізбеді, мұны түзетуге советтік Қазақстан құрылғаннан кейін бір ай мерзім өткенде ғана мүмкіндік туды.

Орынборды астана етудің артықшылығы, мұнда жұмысшы көп, ал қазақ аз еді. Құрылтай жиналысына сайлауда қазақтар "Алашты" қолдаса, әскери гарнизондар мен жұмысшы казармалары орналасқан қалалар большевиктерді жақтап дауыс берген. Мәселен, Омбыда большевиктер барлық дауыстың 27,5 пайызын иемденді ("Алаш" – 0,4 пайыз), ал Семей гарнизонында 51,3 пайыз алды. "Алаш" гарнизонда аз дауыс жинағанымен, жалпы Семейде – 33,3 пайыз, ал Семей уезінде 85,6 пайыз алды.

Сөйтіп, ақыры Қырғыз автономиялы республикасы (1925 жылдан Казак, 1936 жылдан – Қазақ) болғанымен, қазақ ұлтының өкілдерін басшы қызметке отырғыза қойған жоқ. Аз ғана уақыт қызметте болған Мұхамедхафия Мырзағалиевты айтпағанда (1921 жылдың қаңтар айынан шілдеге дейін басшылық етті), республиканың жоғарғы партия билігіне Қазақстанда туып-өскен азаматты тек 1946 жылы ғана қойды. 1920-1921 жылдары автономиядағы он аймақтың басшылары арасында 19 орыс, 3 латыш, 2 украин, 1 еврей мен 3-ақ қазақ болды. 1936 жылға қарай да жағдай өзгере қойған жоқ: 8 аймақтың үшеуін ғана қазақ басқарды, одан басқа 2 орыс, 2 еврей, 1 армян және 1 саха басшы болды.

ШАРУАШЫЛЫҚ ПЕН ҰРПАҚҚА ЖАСАЛҒАН ТӘЖІРИБЕ

Большевиктермен салыстырғанда, Әлихан Бөкейхановтың қолында нақты шаруашылық бағдарламасы болды, соның ішінде бірінші кезекте жер мәселесін шешуді көздеді.

Бұл бағдарламаны Бөкейханов ауадан алған жоқ, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ол бірнеше экспедиция құрамында Қазақстанның солтүстігі мен орталығын тегіс аралап шыққан болатын. Экспедиция мүшелері мал басын түгелдей есепке алды (бұл бос сөз емес, мәселен, Бөкейханов туып-өскен Қарқаралы уезінде 584 180 қой мен 57 241 ешкі тіркелген).

Мәліметтер мұқият жинақталып, қазақтардың нан мен ет тұтыну статистикасы жасалды: орыс шаруаларымен салыстырғанда, қазақтар етті алты есе көп жесе, нанды олардан екі есе аз жейтіні анықталды. Бұдан шығатын қорытынды: "Қой шаруашылығы кейбір ғалымдар айтып жүргендей қарабайыр, пайдасыз, дамымаған деген бос сөз, шын мәнінде қоршаған ортаның жағдайына бейімделе отырып, адам мен табиғаттың мызғымас байланысы сақталған мыңжылдық тәжірибеге негізделген шаруашылық жүйесі".

Бөкейханов бас қатырған тағы бір мәселе – орыс шаруалары еді. 1879 жылы орыс переселендеріне Қазақстанға келіп қоныстануға ресми рұқсат берілді, ал Столыпин реформасы тұсында тіпті оларды ынталандыра түсті. Соның нәтижесінде 1910 жылға қарай Торғай облысында олардың үлесі халықтың 22 пайызына тең болса, Петропавл мен Көкшетауда халықтың 69 пайызы орыс шаруалары болған.

Мәселе мұнда ғана емес еді, 1860-жылдардың аяғында патша үкіметі қазақ даласының жері мемлекеттің меншігінде деп жариялаған болатын. Бір сәтте қазақтар өз жерінің қожасы емес, уақытша жалға алушы болып шыға келді. Бұл кез келген сәтте отырған жерінен айдап шығуды білдіретін.

Расында да, переселендерге бөлінген жер қайдан алынды? Олардың бәріне жер қазақтардан тартып алған жер қорынан үлестірілді, ал жер иелерін Орталық Қазақстанға, құнарсыз жерлерге көшіріп жіберді. Бөкейхановтың есептеуі бойынша, 1917 жылға қарай қазақтардан 45 миллион десятина жер алынған. Бұл шамамен 413 мың шаршы шақырым жер, салыстыру үшін айтсақ, қазіргі Швецияның аумағына сәл ғана жетпейді.

Бұл аз болса, жерді орыс шаруалары емес, жемқор шенеуніктер сатып алды. Бөкейхановтың қолындағы мәліметтерге сүйенсек, соңғы Мемлекеттік дума төрағасының жолдасы Сергей Варун-Секрет Қазақстанда 20 мың десятина жерге иелік етсе, граф Тимофей Потоцкий 15 мың десятинаны иемденген, тағысын тағы.

Сондықтан да "Алаш" партиясының бағдарламасында былай деп жазылды: "Жер алдымен түземдіктерге, содан кейін ғана переселендерге берілсін. Бұрын қырғыздардан тартып алынған жердің барлығы қайтарылсын". Сондай-ақ жерге жеке меншікті алып тастауды ұсынды (солай жасады да). Мұны Бөкейханов былайша түсіндіреді: "Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді" ("Мен кадет партиясынан неге шықтым?" мақаласынан, 1917 жылғы желтоқсан). Қазіргіше айтсақ: алаяқтардан қорғау үшін мемлекеттің патерналистік саясат жүргізуі.

Әлихан Бөкейханов

Алаш автономиясын тас-талқан еткен большевиктер, керісінше, бүкіл ел көлемінде ауыл шаруашылығы социалистік тәсілмен, бірдей жүруге тиіс деп есептеді. Сондықтан да Қазақстанның кезекті басшысы, нағыз большевик Филипп Голощекин қазақтарды күштеп отырықшыға айналдырып, бай-манапты тап ретінде жоюға кірісті. Мұның ақыры 1932-1933 жылдардағы ашаршылыққа әкеп соқты, түрлі бағалау бойынша, аштық салдарынан Қазақстанда 2,3 миллионнан 3,5 миллионға дейін адам қырылып қалды.

Большевиктердің Қазақстанда жүргізген ауыл шаруашылығы саясаты республика халқының шамамен 20 пайызының өмірін жалмады (оның жартысы қазақтар), бұл Украинадағы әйгілі аштық – Голодомор жоқ қылған адам санынан бір жарым есе көп (халықтың 13 пайызы қырылған).

Бұған саяси қуғын-сүргінді қоссақ (100 мыңнан астам адам өлген), көптеген әлеуметтік эксперименттің нәтижесін есепке алсақ, Алаш автономиясы сақталған жағдайда қазіргі Қазақстанда 20 млн емес, 40-50 млн адам тұрып, Ресейдің азиялық бөлігінен екі есе көп болар еді деуге болады.

"ҚОЛ ҚУСЫРЫП ОТЫРДЫҚ..."

Әлихан Бөкейхановта саяси одақ мәселесінде аса бір таңдау болған жоқ. Батысында қай кезде де большевиктер болды. Ал оңтүстікте, 1918 жылы Қоқан автономиясының көзін құртқаннан кейін, тағы да сол большевиктер қалды. Уақытша Сібір үкіметіне арқа сүйеуге тура келді, оның үстіне Бөкейхановтың өзі идеологиялық жағынан оларға жақын болатын әрі табысты, табанды еді.

1918 жылғы шілденің ортасында Бөкейханов Уақытша Сібір үкіметіне хат жазып, өзара екі автономияны мойындауды, сібірліктермен одақтас өз әскерін құруды, сонымен бірге "Алаш автономиясы аумағындағы мемлекеттік банктер мен басқа да қаржы мекемелері әзірге Уақытша Сібір үкіметіне бағынатындықтан, сібір үкіметі Алашорданың қарыз алуын қамтамасыз етуді" сұрады.

Тамыз айында Уақытша Сібір үкіметі Алашорданың ұсыныстарын талқылап, мынадай қаулы шығарды: өзара тану туралы тармақты "талқылаудан алып тастау", Алаш автономиясына олардың ақшасын беру туралы тармақты "комиссия құрамында қаржы министрлігінің өкілдері болмауына байланысты уақытша талқылаудан алып тастау, Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейхановқа бұл мәселені қаржы министрлігімен шешуді тапсыру". Басқаша айтқанда, мәселенің мәніне үңілмей, бюрократия күресініне лақтыра салды.

Үлкен бастықтардың мұндай ойыны Колчак үкіметі кезінде де жалғасты, өйткені мұнда қызмет еткен шенеуніктер Вологодский үкіметінен қалғандар еді. 1919 жылғы 11 ақпанда ішкі істер министрінің орынбасары Петр Коропачинскийдің басшылығымен өткен "Казак-қырғыз халқының алдын ала белгіленген мекемеаралық құрылымы" деген отырыстың жазбасы сақталған.

1918 жылдың қыркүйек айында Сібір үкіметі барлық автономияны, соның ішінде Алаш автономиясын да жойғаннан бастап, жарты жылдай уақытқа дейін жиналыс өткізуге уақыт таба алмағанына қарағанда, бұл шенеунік аса маңызды мемлекеттік істерден босамаған секілді. Бөкейханов бір айдан кейін "Алашты басқару жөніндегі бас уәкіл" болып бекітілген, алайда оған ешқандай нақты нұсқау бермеген. Өзінің жазуына қарағанда, "1918 жылғы 22 қазандағы жарлықтан кейін әрі қарай не істерімізді білмей, қол қусырып қарап отырдық".

Бөкейханов комиссиядан көп нәрсе сұрады деу қиын: сот өндірісін қазақ тілінде жүргізу, ауылдық жерде өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруды тапсыру, большевиктермен күресу үшін милицияға қару-жарақ беру, жер мәселесін шешу еді. Жиналысқа төрағалық етуші оған: милиция мәселесін әскери министрмен, жер мәселесін ауыл шаруашылығы министрімен, ал сот өндірісін әділет министрімен шешіңіз, жиналыс тәмам, баршаңызға рақмет деп жауап қатқан.

Колчактың жеңіліп қалуының басты себебі шенеуніктерге тән мәнерден шыға алмауы болса керек. Айтпақшы, Колчактың күйреуіне қазақтар ғана емес, башқұрттардың да қатысы бар. 1918 жылдың қараша айында Колчак башқұрт үкіметін жою туралы шешім қабылдады, ал 1919 жылдың наурыз айында башқұрттар большевиктер жағына шықты.

"РЕВКОМ МЕН АЛАШОРДА АРАСЫНДА ЕШҚАНДАЙ КЕЛІСІМ БОЛҒАН ЖОҚ"

Большевиктердің басты ерекшелігі олардың не моральдық, не құқықтық принциптерінің болмауы еді. Аса білімді, заңды жолмен, төте сайлауда озып шыққан Әлихан Бөкейханов заң аясында жұмыс істеуге тырысса, большевиктер ойына келгенін істеді.

1917 жылдың қараша айында олар "Үш жүз" партиясын құрып, оларға қаржы бөлді. "Үш жүз", олардың есебінше, "Алаш" партиясына оппозиция болуы керек еді. Алайда, бұл партия сайлауда күйрей жеңілді, мәселен, Петропавл уезінде Алаш 1113 дауыс алса, "Үш жүз" 23-ақ дауыс жинаған.

Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Жақабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейханов, Райымжан Мәрсеков. Екінші қатарда: сол жақтан екінші Мұқан Жәкежанұлы, одан соң үшінші - Көкбай Жанатайұлы тұр. Семей, 1918 жыл.

Одан кейін Ленин мен Сталин 1918 жылдың наурыз айында келіссөзге келген Алашорда көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұхамедовті сатып алуға тырысып, совет билігін мойындау ақысына қаржы да ұсынды, Алаш автономиясын мойындауға уәде берді. Досмұхамедов сәуір айында Саратов депутаттар кеңесіне кіріп, мамыр айында Қазақстанның батысында "Ойыл уәләяты" құрылғанын мәлімдеп, өзін хан деп жариялады. Қыркүйек айында Бөкейханов оны хандықты қойып, қайтадан үкімет мүшесі болуға көндіріп, ақыры "Ойыл уәләяты" Алашорданың Батыс бөлімшесіне айналды.

1919 жылғы 1 желтоқсанда большевиктер Алашорданың астанасы Семейді алды. Бұдан кейін Бөкейханов пен үкіметтің басқа да мүшелері тоғыз ай бойы далада жасырынып жүріп, ақырында даладағы жаңа совет үкіметі – Қырғыз әскери ревкомымен келісімге келді.

Әскери революция комитеті Алаш автономиясының көсемдерін Орынборға шақырып (қазақ даласының қай тұсынан іздеп жүрмек), рақымшылық жариялауға және "Алашорданың кейбір мүшелерін Қырғыз әскери ревкомы құрамына" кіргізу жолымен Қазақстанды басқаруға қатыстыруға уәде береді.

Алашордалықтар келіскенімен, әлбетте, оларды алдап соққан еді. Рақымшылыққа қарамастан, қазақ даласынан жер аударды, үкіметте жұмыс істеуге рұқсат бермеді ("қырғыз халқының бір бөлігі дұшпандық көзқараста болғандықтан"), бұған қоса мынадай қаулы шығарды: "Газеттерде Ревком мен Алашорда арасында ешқандай келісім болмағанын, ал бұл алашордашылардың рақымшылық шартымен өткенін жариялау".

"СОВЕТ БИЛІГІН ЖАҚСЫ КӨРМЕЙМІН, БІРАҚ МОЙЫНДАЙМЫН"

Совет мемлекеттік органдарда бірқатар қызмет атқарғаннан кейін Әлихан Бөкейхановты Мәскеуге жіберді де, артынша Қазақстанға баруына тыйым салды. Осылайша оны сайлаушылардан алыс ұстады.

Мәскеуде ол Совет одағы халықтары орталық баспасының қазақ секциясында әдеби қызметкер болып істеді. 1937 жылдың қыркүйек айында "Алаш ісі" аясында (Совет одағындағы тәуелсіз ұлттық интеллигенцияның көзін жоюға бағытталған ондаған істің бірі) Бөкейхановты "террористік ұйымға" қатысы болғаны үшін ату жазасына кесті. Соңғы сөзінде ол "совет билігін жақсы көрмейтінін, бірақ мойындайтынын" айтты. Үкім сол күні-ақ орындалды.

Бөкейхановпен бірге қып-қызыл коммунист, 1924-1929 жылдардағы Қырғыз (Қазақ) АССР Халық комиссарлары советінің төрағасы Нығмет Нұрмақов та атылды. 1937 жылдың желтоқсан айында Бөкейхановтың үзеңгілесі, Алашорда мүшесі, көрнекті қайраткер, Қазақстанның бірінші халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынов атылды. Үш жылдан кейін 1917 жылы "Алашорданың" Бішкек бөлімшесінің көшбасшысы, ал кейін советтік Қырғызстан көсемдерінің бірі болған Әбдікерім Сыдықов ату жазасына кесілді.

Советтік Қазақстанда Әлихан Бөкейхановтың аты аталған жоқ. Ресми тарихи құжаттарда Бөкейханов пен оның жақтастарын "феодал буржуазия өкілдері" деп атады. 1989 жылы Әлихан Бөкейханов ақталды. 2021 жылы тәуелсіз Қазақстанның елордасы Астана қаласында Алашорда қайраткерлеріне ескерткіш орнатылды.

2024 жылы Қазақстан Баспасөз бостандығы индексінде 180 елдің ішінде 142-орында болса, Демократия индексінде (The Economist) 167 елдің ішінде 120-орында. Алаш автономиясын жойғаннан бері 100 жыл өтсе де, сол кездегі нәтижеге жету мүмкін болмай тұр.

Әдебиет:
1. Алаш-орда. Сборник документов. Алма-Ата. Айкап. 1992.
2. Аманжолова Д.А. Большевистская элита Казахской АССР 1920-1930-х гг.: эволюция социально-политических характеристик // Мир большого Алтая. 2019. №2. С. 248-259.
3. Аманжолова Д.А. Казахский автономизм в 1918 г.: конкуренция проектов и динамика альянсов // Российская история. 2021. №1. С. 63-78.
4. Аманжолова Д.А. Казахский этнополитический проект в 1917 г.: динамика приоритетов и поиск альянсов // Петербургский исторический журнал. 2020. №1 (25). С. 169-182.
6. Аманжолова Д.А. Советский федеративный проект и коллизии нациестроительства в 1920-1930-е гг. // Вестник Российского университета дружбы народов. Серия: История России. 2024. Т. 23. №1. С. 30-40.
6. Букейханов А. Киргизы. Формы национального движения в современных государствах. (Под ред. А. И. Костелянского), СПб, 1910.
7. Исмаилов С.С., Кожирова С.Б. Вопросы формирования Казахско-Российской границы в 1920-1930-е годы // Вестник ЕНУ им. Л. Гумилева. Серия: Исторические науки. Философия. Религиоведение. 2022. Т. 141. №. 4. С. 50-66.
8. Казиев С.Ш. Ислам, тюркизм и становление казахской этнонациональной идентичности в начале XX века // Вестник Северо-Восточного федерального университета им. М.К. Аммосова. 2015. Т. 12. №1. С. 75-83.
9. Коробейников А.С. Воображая Алаш: анализ деятельности казахской интеллигенции в контексте кризиса Российской империи. 1905-1917 гг. // Россия и Казахстан: исторический опыт сотрудничества и перспективы интеграции. 2015. С. 68-76.
10. Красовицкая Т.Ю. Федерализм тюркских элит в модернистских и большевистских схемах // Мир большого Алтая. 2019. Т. 5. №2. С. 260-279.