Трамвай депосындағы көрме

Фестиваль мен Алматы трамвай депосындағы көрме бір мезгілде ашылды. Жабық кеш форматында өткен шараға көп адам жиналды. 70 жыл бұрын салынған зәулім цехтың ішіне экспонаттар қойылған, ал дәл сыртында – фуршет ұйымдастырылды.

Сыртында 1002 деген нөмірі бар трамвай – 2015 жылы қыркүйектің 23-і күні болған жол апатына «кінәлінің» нақ өзі. Сол оқиғадан соң Алматыда трамвай қозғалысы белгісіз мерзімге тоқтатылды. Алматы, 9 тамыз 2016 жыл.

Трамвайлары қаңтарылып тұрған депо ауласын арам шөп басқан. Алматы, 9 тамыз 2016 жыл.

Суретшілер мен азаматтық белсенділер қаңырап тұрған депо ғимаратының ішінде өз көрмелерін ұйымдастырды. Алматы, 2 қыркүйек 2016 жыл.

Көрмедегі бірнеше жұмыстың тақырыбы қоғамдық көлікпен байланысты, ал кейбірінен Алматы әкімдігінің шешімімен жабылған трамвай қозғалысына деген сағыныш сарыны байқалады. Солардың бірі – Далида Алиеваның инсталляциясы. Ол қабырғаға поливинилхлорид (ПВХ) материалынан жасалған тақтайшалардан құрастырылған трамвайдың суретін салған. 

Көрме каталогында Мира Евгеньевна деп аталған қыз қабырғадағы «Құлақ салыңыз» («Прислушайтесь») деген жазудан, дыбыс күшейткіштер мен аудиодан тұратын инсталляция жасаған. Егер дыбыс күшейткішке құлағыңызды тоссаңыз бір жағынан осы заманғы жаңалықтарды, ал екінші жағынан – «Алаш» партиясы, «Алашорда» қайраткерлерінің сөздерін естуге болады. Бұл инсталляция «қазіргі заманғы адамның тоқырауы» жайлы, білімнен жұрдай адам туралы ойдың жемісі.

Әнуар Мүсіреповтің «Харам» атты видеоперфомансы – Қазақстанға төнген радикалды ислам қаупі тақырыбын қозғайды. Видеода ақ бас киімдегі қаба сақалды ер адам киіз үйдің шаңырағын тақтаймен жауып, бітеп жатыр. Бұл көріністен көз алдыңда жарық сөніп, табытта қалғандай жайсыз сезім пайда болады. Әнуардың пікірінше, дінді радикалдандыру қазақтар үшін өз-өзін отарлауды және ежелден үлкен күреспен сақтап келген ұлттық болмыстан жұрдай болуды білдіреді.

Ресей суретшілер одағының мүшесі Яна Малиновская (Мәскеу) шыққан тегі – ресейлік немістер отбасы. Оның отандастары жыл сайын 28 тамызда 1941 жылы совет үкіметінің Еділ бойындағы неміс ұлттық автономиясын жойып, немістерді депортациялағанын еске алады. Яна Малиновская осынау қасіретті оқиғаға арнаған инсталляциясын «Ұлтты кінәлі жасау» («Национальная провинность») деп атаған. Қабырғада ілінген мониторда шиені сүйегінен тазалап жатқан сәт көрсетілген. Үстел үстінде шиеден жасалған бәлішті одан ауыз тиетіндер үшін кесіп, дайындап қойған. Бәліштің астында – немістерді депортациялау туралы үкімет жарлығы басылған газеттің көшірмесі төселген. Яна Малиновскаяның ата-әжесінің үйінің айналасы толған шие ағашы болыпты. Шие піскен кезде әжесі немістердің дәстүрлі бәліш түрі – ривен кухен әзірлейді екен. Яна Малиновская фотода оң жақ шетте тұр.

Далила Қанағат «Мен – жанмын» («Я – душа») атты бұл плакатында адам жаны жайлы өз түсінігін беруге тырысқан.

Заринэ Киракосянның «Цикличность» атты перформансы. Тұғыр үстінде тыр жалаңаш күйі еңкіш тартқан (автордың ойы бойынша, бұл ар-ұятты білдіреді) қыз тұр. Денесінің ақ түсі тазалық пен пәктікті білдіреді. Жамбастан бастап денеге айналдыра оралған қызыл мата (ұзындығы 30 метр бұлдың екінші шеті қыздың ту сыртында шұбатылып жатыр) – «өмірлік циклдың» ұңғыл-шұңғылын меңзейді. Заринэ бұл перфомансы арқылы жас қыздар мен әйелдер жеткілікті көңіл бөлмей, салғырт қарайтын маңызды жайтқа –  өмірге сәби әкелетін мүшелердің қабынуы тәрізді проблемаларға назар аудартқысы келгенін айтады.

Қабырғаға салынған мына үлкен суреттің авторы – Nurakhmet. Ол бұл жұмысын «Цензура» деп атаған. Автордың ойы бойынша, бұл – көкейіндегіні айтқысы келетін, бірақ сөз бостандығының жоқтығынан және өз пікірін білдіргені үшін жазаға ұшыраудан қорқып көпшіліктен таса немесе өзгелер танып-білмейтін кейіпте қалғысы келетін адамның портреті.