Полиция ғимаратындағы бір топ адамның азаптау қылмысы: прокуратура тергеу жүріп жатқанын хабарлады

Түрме дәлізі. Көрнекі сурет.

Қазақстан бас прокуратурасына қарасты құқықтық статистика органының ресми сайтында Алматы қаласы Түрксіб ауданының полиция басқармасы ғимаратындағы қызметтік кабинеттердің бірінде азаптау болғаны жөнінде ақпарат пайда болды. Ақпаратқа алғашқылардың бірі болып CMN.KZ сайты назар аударды.

qamqor.gov.kz сайтындағы мәліметке қарағанда, 12 наурызда Рихард Зорге көшесіндегі №14 үйде бір топ адам азаптау қылмысын жасаған. Бұл факт бойынша іс тіркелген. Аталған ғимаратта Алматы қаласы Түрксіб ауданының полиция басқармасы орналасқан.

Азаттық Азия бас прокуратурадан түсініктеме сұрады.

"18 наурызда Алматы қаласының Түрксіб аудандық прокуратурасы «К» есімді азаматтың азапталуына байланысты Қылмыстық кодекстің 146-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша «Бір топ адамның алдын ала сөз байласып, адам азаптау» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады" деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қылмыстық іс аясында сараптама тағайындалған, тергеу-шаралары жүріп жатыр.

Бас прокуратура өкілдері іс бойынша қанша күдікті бары және оларға қатысты қандай да бір шара қолданылды ма, жоқ па, жұмыстарын жалғастырып жатыр ма деген сұрақтарға жауап берген жоқ.

Ақпан айының ортасында Алматының қылмыстық істер жөніндегі соты екі полицейді адам азаптағаны үшін кінәлі деп тауып, шартты түрде соттаған еді. Прокуратураның айтуынша, сот айыпталушылардың кінәларын мойындағанын ескерген.

Қазақстан азаптауға қарсы халықаралық актіні ратификациялаған. Халықаралық құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде азаптау тыйылмай отырғанына алаңдап, мұндай қылмысқа кінәлілердің көп жағдайда жазасыз қалатындығын айтқан.

Қазақстан билігі елде «азаптау қылмысына төзбеушілік» бар деумен келеді. 2019 жылдан бастап азаптау бойынша сотталғандар рақымшылық, істің ескіруі, өкіну және тараптардың татуласуы негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды. 2023 жылдан бастап азаптау бойынша айыпталғандарға шарты жаза берілмейді. 2023 жылдың наурызында Қазақстанда азаптауға қарсы шара ретінде түрмелер мен полиция орындарын міндетті түрде бейнебақылаумен жабдықтау туралы ереже күшіне енді.

Прокуратураның 2025 жыл қаңтарындағы мәліметіне сәйкес, елде азаптау бойынша 126 адам сотталған. Олардың алтауы шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан.

Қазақстандық Адам құқығы бюросының дерегінше, 2009 жылдан бері Қазақстаннан БҰҰ-ға азаптау бойынша көп шағым түскен, бірақ Қазақстан билігі БҰҰ шешімдерінің заңды күші жоқ және тек рекомендация сипатында деп есептейді, осылайша жауапкершілікті өзіне алмайды.