Картинадағы әкім мен жаңа "Алтын адам"

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Тоққожа Қожағұловтың «Тоқтақын» портреті. 

Көрме қонақтары мен оған қатысып жатқан өнерпаздар танымал скульптор Әлібек Мергеневтің «Жайлау» (қола, металл) туындысын көріп тұр. Мергенев Еуропа мен Шығыс пластикалық дәстүрлерін біріктірген.  

Көрмедегі туындылар баяндайтын ең арғы оқиға - қазақ жасағы мен қалмақ қолы соғысқан Орбұлақ шайқасы. Бұл ұрыс 1643 жылы болған деген дерек бар. Талдықорғандық суретші Сымбат Сарсембаеваның картинасында шайқас алдындағы сәт бейнеленген.  

«Алашорда» лидері Әлихан Бөкейханның образы көрмеде бірнеше рет кездеседі. Соның бірі -мына картина. Оның авторы, суретші Сырлыбек Бекботаев «Алашорда» жетекшілері - Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатов бірге түскен танымал фотографияны басқаша салып шыққан. Автордың не айтқысы келгені белгісіз. Алайда сурет тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы СССР кезінде басқаша жазылғанын еске түсіретіндей. 

Көрмеде 1917 жылғы Қазан төңкерісі тарихы осы бір суретпен ғана берілген. «Революция» картинасының авторы - алматылық суретші Мәлік Жұмағұлов. 

Көрмедегі екі туынды сталиндік репрессияларға арналған. Суретте: тараздық суретші Мұратжан Рахимжановтың «Тергеуде» картинасы.  

1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасы тақырыбында бірнеше картина қойылыпты. Соның бірі - «Желтоқсанның қызыл қары». Картина авторы – Рахманғазы Мақажанов.

Көрмеге Қазақстан суретшілерінің ақсақалы, 80 жастағы Тұрсын Әбуовтің туындылары да әкелінген. Автор «Көшпенді» скульптурасының (ағаш) жанында тұр. 

Шәміл Гулиевтің «Алтын адам» туындысы. Оны көрген жанның жүзіне күлкі үйіріледі. Гулиевтің шығармашылығында мысқыл басым. Мәселен осы бір туындысы қазіргі кәсіпкерлер мен шенеуніктерді елестететін сияқты.  

Суретте: Әлібай Бапанов пен Галина Скобелеваның гобелендері. Алдыңғы жақта Мәлика Жүнісбаеваның «Ауыл» (ағаш, тас) скульптурасы. 

Көрмеде қазіргі саясаткерлер ішінен Алматы әкімі Бауыржан Байбекті ғана кездестіруге болады. Оның портретін суретші Марат Тұрғымбай салған. Картина «Менің жас республикам» деп аталады.