Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің үстінен қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар деп мәлімдеді. Ұйым оны қудалауды Қазақстандағы "азаматтық қоғамды басып-жаншудың бір бөлігі" деп атады.
Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мэри Стразерс Қазақстан билігін Еңсебекті қамаудан босатуға және оған тағылған айыпты алып тастауға үндеді.
"Бұл – Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі "алауыздық қоздыру" деген бұлыңғыр және ауқымы кең анықтамаға сүйенген және азаматтық қоғамды неғұрлым басып-жаншудың бір бөлігі саналатын саяси астары бар қудалау. Сөз еркіндігі – қылмыс емес, билік өзгеше ой-пікір мен сын айтушылардың үнін басуға қолданылатын қылмыстық заң мен "алауыздық қоздыру" деген айыпты теріс пайдалануды тоқтатуы керек", – деді Стразерс.
Алматының Алмалы аудандық соты Темірлан Еңсебектің ісін қарауды 21 ақпанға жылжытқан. Бұл туралы оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлады. Айтуынша, процесс прокурордың өтінішіне байланысты кейінге қалдырылған. Бұл ақпарат 14 ақпанда негізгі сот талқысы басталардан бір сағат бұрын белгілі болды.
Темірлан Еңсебек - Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы. Instagram-да 70 мыңдай фоллоуері бар бұл парақша көбіне саяси тақырыпта шындыққа жанаспайтын әзіл пост шығарумен танылған.
Бірақ Алматы қаласының полиция департаменті 21 қаңтарда оның үстінен іс қозғауға сатиралық жазбалары емес, автордың "бүтін бір этнос өкілін қорлайтын, ұлтаралық алауыздық қоздыратын белгілері бар материал жариялағаны" себеп болды деп мәлімдеді.
"Қазақстан – көпұлтты ел, сондықтан мұндайға жол берілмейді, Конституцияға сәйкес, ешкімді шығу тегі, ұлты, тілі, дінге көзқарасы я кез келген басқа жағдай бойынша кемсітуге болмайды. Мұндай іс-әрекеттер Қазақстанның негізгі қағидаттарының бірі саналатын этносаралық келісім мен халық бірлігіне нұқсан келтіреді". Полиция баспасөз қызметі осылай деген.
Темірлан Еңсебектің тергеу ісіне "Йоу, орыстар" деген ән себеп болған. Сатиралық паблик мазмұнында дөрекі сөздер бар даулы әнді осыдан бір жыл бұрын, ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда "орыс тілі кемсіту көріп жатқаны" жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде жариялаған еді (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесінен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан). Былтыр жазда Алматыдағы рэп-фристайлда "Йоу, орыстар" әнін айтқан видео желіде тарап кеткеннен кейін Алматының әкімшілік соты әнді айтқан белсенді Мария Кочневаны 10 күнге қамаған еді.
Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздыру" деп аталатын 174-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бапта айыппұл, шектеу немесе бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
Медиа саласына маманданған заңгерлер арасында іс қозғауға себеп болған былапытқа толы әннің өзі Интернетте бұрыннан бар екенін, оған тыйым салынбағанын айтқан. Еңсебек те өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады және істің саяси астары бар деп санайды.
Your browser doesn’t support HTML5
"Йоу, орыстар", қолдау мен айыптау. Темірлан Еңсебек ісінің мән-жайы
Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамауға алды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздық қоздыру" деп аталатын 174-бабы бойынша іс қозғалған. Бұл бапта айыппұл, шектеу немесе бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған.
Медиа саласына маманданған заңгерлер Қазақстанда бұл бап көбіне саяси мақсатта қолданылады деп есептейді. Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қамауға алынған танымал паблик авторын қолдағандарды қудалау жалғасып жатырБұған дейін International Partnership for Human Rights, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен "Журналистерді қорғау комитеті", Article 19 ұйымы Қазақстан билігін Темірлан Еңсебекті босатуға үндеген. Сатиралық паблик авторының үстінен іс қозғалғанын тәуелсіз сарапшылар да сынға алған. Белсендінің жақтастары Темірлан саяси астармен қудалауға түсіп жатыр деп біледі.
Қазақстанның бірнеше қаласында журналистер мен белсенділер Темірлан Еңсебекке қолдау білдіріп, жалғыз адам пикетін өткізген. Олардың арасында екі журналист 15 күн әкімшілік қамауда отырып шықты, бірнеше белсендіге сот айыппұл салды.
Темірлан Еңсебектің істі болып, қудалауға түскені алғаш рет емес. 2021 жылы мамырда полиция оның пәтеріне тінту жүргізген. Ол жолы тергеу орындары "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Сол іс бойынша "қорғауға құқығы бар куәгер" атанған Еңсебек өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тұрғымбаев мырза, сізге хат келді. Amnesty сатира үшін қудаланған қазақты акциясына қосты