AP: Курск облысында жүздеген Солтүстік Корея сарбазы жараланған және қаза тапқан

Ресейдің Курск облысында жүздеген солтүстіккореялық сарбаз жараланған және қаза тапқан. Бұл жөнінде Пентагонның жоғары лауазымды шенеунігіне сүйенген Associated Press және The New York Times басылымдары хабарлады. Бұл Ресей жағында соғысып жатқан Солтүстік Корея әскерінің шығыны жөнінде жарияланған алғашқы дерек.

Агенттіктің дереккөзі қанша адам қаза тапқанын нақтыламаған, бірақ едәуір адам шығынына Солтүстік Корея әскерінің соғыстағы тәжірибесіздігі себеп болғанын айтқан.

АҚШ мәліметінше, солтүстіккореялықтар Ресей әскерімен бірге және олардан бөлек те қимылдап жатыр.

Солтүстік Корея әскерінің шығыны жөнінде бұған дейін Пентагон мен Ақ үй хабарлаған, алайда жай-жапсарын айтпаған еді. Associated Press-тің жазуынша, Ресей күн сайын 1200-ге дейін сарбазынан айырылып жатыр.

АҚШ және Оңтүстік Корея барлаушыларының мәліметінше, қазан айында Ресейге 10-12 мың солтүстіккореялық сарбаз әкелінген, бір бөлігі Курск облысындағы шайқастарға араласқан.

AP мәліметінше, осы күнге дейін Ресей әскері тамыз айында Курск облысына басып кірген украин күштері бақылауға алған жердің 20 пайызын қайтарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украина Курск облысында "қаза тапқан солтүстік кореялық әскерилердің" фотосын жариялады