Украина әскері мен үкімет сарапшылары Ресей әскері Киевке қысым жасап, келіссөзде Мәскеудің позициясын күшейту үшін жаңа шабуылға көшеді деп болжайды. Бұл жөнінде Associated Press агенттігі жазды.
Агенттік дереккөзінің айтуынша, алдағы айлары Кремль мың шақырымға созылатын майдан сызығында жаппай шабуыл бастауды жоспарлап отыр.
27 наурызда Париждегі саммитте Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері Украинаның Сумы, Харьков, Запорожье облыстарына шабуыл жасауға дайындалып жатқанын айтқан. Ол Ресейді "көбірек жерді жаулап алу үшін" келіссөзді әдейі созбалақтап отыр деп айыптады. Бұл бағалаумен "Үлкен жетілік" елдерінің екі дипломатиялық өкілі келіседі.
Ресей Украинамен атысты тоқтату туралы келісімге қол қоюды әдейі созып отыр деген пікірді бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп та айтқан.
АҚШ өкілдері 23-24 наурызда Эр-Риядта украин және орыс делегацияларымен кездескен. 25 наурызда Ақ үй АҚШ соғысушы тараптармен Қара теңізде атысты тоқтатуға және энергетика нысандарын атқылауды доғаруға келіскенін мәлімдеген.
Кремльдің айтуынша, Ресей Қара теңізде атысты ресейлік өндірушілерге, тасымалдаушыларға қарсы салынған санкция алынғаннан кейін және Россельхозбанкті SWIFT төлем жүйесіне қосқаннан кейін тоқтатпақ. Трамптың сөзінше, Вашингтон Ресейдің шарттарын зерттеп жатыр.