Ақпарат министрлігі БАҚ-қа мониторинг жүргізу ережесін дайындап жатыр

Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ-қа мониторинг жүргізу ережесін әзірлеп жатқанын, онда "мәдени, адамгершілік және отбасы құндылықтар" нормасы анықталатынын айтты. Бұл жөнінде министрліктің жазбаша жауабына сүйенген "Власть" сайты жазды.

Басылымның хабарлауынша, ресми жауапта дегенмен құжатты әзірлеуге кім қатысып жатқаны нақты айтылмаған. Бұған дейін министрлік өкілдері жобаны әзірлеуге журналистер мен үкіметтік емес ұйым өкілдерін қатыстыруға уәде берген.

Ведомствоның айтуынша, ереже жобасы жуырда "Ашық құқықтық нормативтік актілер" порталында жарияланбақ.

Медиа қауымдастықтың сынына ұшыраған, биыл қабылданған жаңа "Масс-медиа туралы" заңда, "адамгершілік, мәдени және отбасы құндылықтарына" қайшы материал жариялап, ереже бұзғандарды анықтау үшін жаңа мониторинг түрі енгізілетіні айтылған. Ақпарат министрлігі өкілдерінің айтуынша, бұл құндылықтар заңмен бекітілмегендіктен нормативтік-құқықтық база яғни, қосымша министрліктің қаулылары мен бұйрықтары әзірленбек. Онда құндылықтар нормасы анықталады. Мониторинг нәтижесінде заңнама бұзғандар анықталса, министрлік материалды түзетуді немесе алмастыруға кеңес бермек. Мониторингті арнайы мамандандырылған қызмет жүргізбек.

Басылымның жазуынша, ақпарат министрлігі 2025 жылы "мемлекеттік ақпарат саясатын жүзеге асыру үшін" қолданылатын бірыңғай медиаплаторманы да ашуды жоспарлап отыр. Жоба аясында мемлекеттік емес ақпарат құралдарына да грант беру қарастырылған.

"Министрлік мемлекеттік сатып алу порталы арқылы байқау негізінде бірыңғай медиаплатформаны әзірлеушіні анықтайды. Бюджеттен бөлінетін қаржыны респубикалық бюджет комиссиясы анықтайды" деп жазылған хабарламада.

Биыл маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медиа сарапшылар мен журналистер сынаған "Масс-медиа туралы" заңға қол қойған. Ал "БАҚ туралы" және "Телерадиохабарларын тарату туралы" заңдар күшін жойған.

Құжатта құқық қорғаушылар мен медиа қауымдастықты алаңдатқан өзге жайттармен қатар, "қоғамның адамгершілік дамуына зиян келтіру және жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты" мониторинг жүргізу туралы да норма бар. Осыған дейін халықаралық Human Rights Watch ұйымы бұл бап журналистердің өзіне-өзі цензура қоюына әкелуі және олар жаза алатын тақырыптарды шектеуі мүмкін деп айтқан.

"Масс-медиа туралы" заң "елде сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігіне қауіп төндіреді. Қазақстанның халықаралық серіктестері ел билігіне сөз бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындауды ескертіп, жаңа заңды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге шақыруы керек" деген еді HRW маусымдағы мәлімдемесінде.