АҚШ мемлекеттік хатшысы және Ресей сыртқы істер министрі телефонмен сөйлесті

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио (оң жақта) және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Джиддада.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров телефонмен сөйлесті.

АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарламасына қарағанда Рубио Лавровқа АҚШ Йеменде хуситтерге қарсы әскери операция бастағанын айтқан.

Бұған қоса, Рубио мен Лавров Сауд Арабиясындағы кездесуден кейінгі жұмыстарды талқылап, Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіру бойынша жұмысты жалғастыруға келіскен.

Ресей сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Йемен төңірегіндегі жағдайға түсініктеме берген Лавров «бұдан әрі қантөгіске жол бермеу үшін барлық тараптар күш қолдануын дереу тоқтатуы қажет» деп айтқан.

  • 15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп әскерге Йеменнің солтүстігінің көп бөлігін бақылауда ұстап отырған хуситтердің нысаналарына соққы беруге бұйрық бергенін айтты. Осы жылдың басында Ақ үй хуситтердің «Ансар Алла» қозғалысын террористік ұйым деп таныған.
  • 16 наурыз, жексенбіге қараған түні АҚШ ұшақтары хуситтердің нысаналарына соққы бере бастады. "Ансар Алла" қозғалысының бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі шабуылдан 30-дан астам адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланғанын хабарлады.
  • Марко Рубио мен Сергей Лавров ақпан айында Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта бетпе-бет кездескен. Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары деңгейіндегі кездесу Ресей Украинаға басып кіргелі бері алғаш рет болған. 11 наурызда Рубио Джиддада Киевтің өкілдерімен кездесті.