18 желтоқсанда Ресейдің тергеу комитеті мен федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Ресей қарулы күштерінің радиациядан, химиядан және биологиядан қорғаныс әскерінің басшысы Игорь Кириллов пен оның көмекшісінің қазасына күдікті ұсталды деп хабарлады. Ресей органдары күдікті – Өзбекстан азаматы деді.
ФСБ оны Украинаның арнайы қызметі жалдаған деп мәлімдеді. Тергеу комитетінің хабарлауынша, "олар күдіктіге 100 мың доллар төлеуге уәде берген".
Тергеу комитеті күдікті жарылғыш затты генерал тұрған үйдің подъездіндегі электр қуатымен жүретін құралға орнатқан, Кирилловты бақылау үшін жалға алған көлікке камера қойған деді. Терактіні ұйымдастырушылар камераға түсірілген материалды Днепр қаласынан қарап отырған-мыс. Тергеу комитетінің ақпаратынша, әскери қызметкерлер подъезден шығып бара жатыр деген видеосигнал түскеннен кейін жарылғыш зат қашықтан қосылған.
Вашингтон Кирилловтың өліміне АҚШ-тың қатысы жоқ деп мәлімдеді. "АҚШ бұл туралы алдын ала білген жоқ және оған қатыспады", – деді мемлекеттік департамент өкілі Мэтью Миллер 17 желтоқсандағы брифинг кезінде.
Миллер Ресей генералы Кирилловтың "бірқатар қылмысқа қатысы бар" деп айтты. "Ол Украина әскеріне қарсы химиялық қару қолдануға араласқан. Оның басшылығы тұсында Ресей күштері майданда халықаралық құқықты бұзып, улы заттар қолданды", – деген мемлекеттік департамент өкілі. Бұл туралы Deutsche Welle жазды.
Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бұған жауап ретінде "Киев режимін құрып, оған демеу болып, ақша беріп, бақылаусыз қару жеткізіп жатып, қатысымыз жоқ деген жалған сөзді тыңдау күлкілі" деп мәлімдеді. Захарова Мәскеудің қолында АҚШ-тың мәлімдемесін жоққа шығаратын "нақты дәлелдер" бар деді.
Your browser doesn’t support HTML5
17 желтоқсан күні таңертең генерал-лейтенант Кириллов пен оның көмекшісі Мәскеудегі үйдің бірінде болған жарылыстан қаза тапты. Кириллов 2017 жылдан бері Ресей қарулы күштерінің радиациядан, химиядан және биологиядан қорғаныс әскерінің басшысы болған. Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін Кириллов көп брифинг өткізген, соның бірінде Украинада АҚШ-тың көмегімен биологиялық қару жасалып жатыр деп мәлімдеген.
ВВС агенттігінің Украина қауіпсіздік қызметіндегі дереккөзі Игорь Кирилловтың қазасы Украинаның арнайы қызметінің операциясы болды деп айтқан. The Wall Street Journal басылымына бұл жайлы құпия қалуды өтінген Украина шенеуніктері хабарлаған.
Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк The Breakfast Show эфирінде Киев террористік әдістер қолданбайды, бірақ "қандай да бір генерал туралы шешім майданда қабылданады" деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Лас бомба деген не және Ресей оны неге қозғап отыр?