Вашингтондағы (Колумбия округі) федералды округтік соты 25 наурызда Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігіне (USAGM) қарсы берген талап-арызында көрсетілген осы медиаұйымға қаржы беруді доғару туралы шешімді уақытша тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырды.
Сот бұл істің барлық мән-жайын мұқият зерттеп, тиісті шешім шығарғанға дейін агенттік Азат Еуропа/Азаттық радиосын жабуды көздейтін әлдебір шара қабылдамай күте тұрсын деп пәрмен берген. Ондай шараға 15 наурызда USAGM басшысының бас кеңесшісі Кэри Лейк жариялаған АҚШ Конгресінің Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының жұмысын қаржыландыруға грант бөлу туралы келісім-шартын тоқтату жайлы шешімі де кіреді.
Бұл істің мән-жайын сот алдағы апталарда қарамақшы.
Судья Ройс Ламберт 10 беттен тұратын қаулысында USAGM шешімін орындау АЕ/АР медиакорпорациясына "орны толмас зиян" келтіретінін айтқан.
"USAGM басшылығы жалғыз ауыз сөзбен және еш негізсіз АЕР/АР-ді жұмысын тоқтатуға мәжбүрлей алмайды – тіпті ондай бұйрықты президент берсе де", – деген судья.
Сотта енді Азат Еуропа/Азаттық радиосының биылғы жылғы жұмысына бұған дейін АҚШ Конгресі бөлген грант қаржысы – шамамен 77 миллион долларға байланысты медиакорпорацияның берген өтініші қаралмақ. Конгресс бекіткен бұл ақша АЕР/АР жұмысын 2025 жылдың қыркүйек айының аяғына дейін қаржыландыруға жұмсалуы тиіс еді. Кэри Лейктің 15 наурыздағы хабарламасында АЕ/АР-ға осы қаржыны беру доғарылатыны айтылған.
"Судья Ламберт Конгрестің ерік-жігерін USAGM-нің елемей қоюына мүмкіндік бермейтін ойластырылған әрі кесімді шешім қабылдады деп бағалаймыз. Қаржы жылының қалған бөлігіне Конгресс бөлген қаржыны бізге бермей қою Конституцияға қайшы деген позициямыз алдағы уақытта да алға жылжиды деп күтеміз", — деп мәлімдеді АЕ/АР президенті әрі бас директоры Стивен Капус.
Сот қарсаңында АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі Азат Еуропа/Азаттық радиосына АҚШ Конгресі бөлген қаржының бір бөлігін беруге келіскен. Бұл жөнінде 24 наурызда агенттіктің өзі, АЕ/АР медиакорпорациясы мен USAGM басшылығы арасындағы сот отырысынан бұрын хабарлаған. Нәтижесінде АЕ/АР 1-14 наурыз аралығындағы грантты қамтитын 7,46 млн доллар соманы алады.
- Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 18 наурызда ұйымның жұмысына конгресс бөлген қаржыны тоқтату әрекетін болдырмау үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін және оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті сотқа берген.
- Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
- АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. Агенттік әлемге хабар тарататын Азат Еуропа/Азаттық радиосынан басқа да медиаұйымдарды басқарады. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына конгресс бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты. USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған.
- Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, үрлі пікір айтты.