АҚШ Украинаға жаңа әскери көмек пакетін дайындап жатыр. Оған дүркіндете ататын HIMARS жүйесіне арналған зымырандар, дрондарға қарсы жүйелер мен жаяу әскерге қарсы қолданылатын миналар кірмек. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.
Украина миналарды пайдаланып, Ресейдің Курск облысындағы қарымта шабуылын бәсеңдетпек жоспары бар деді агенттік. Associated Press дереккөздері жаңа пакетте алысқа ұшатын ATACMS зымырандарының бар-жоғын нақтыламады, алайда Украина Ресейдің ішкі жағындағы нысандарға соққы бере алатын зымырандарды көптеп алу үшін Ақ үйге қысым жасауды жалғастырып жатыр.
Reuters агенттігі бұған дейін әскери көмек пакетінің жалпы құны 725 млн долларға бағаланады деп хабарлаған. Араға бір мерзім салып, АҚШ президенттігіне қайта сайланған Дональд Трамп әкімшілігі Украинаға әскери көмекті азайтуы мүмкін деген қауіп аясында қазіргі президент Джо Байден Конгрестің Украинаға бөлген барлық қаржысын президенттік өкілет мерзімі аяқталғанға дейін беруді жоспарлап отыр.
Украина – жаяу әскерге қарсы қолданылатын минаға тыйым салу жөніндегі конвенция мүшесі, бірақ шартқа қосылмаған Ресей сияқты оларды соғыста қолданады. Байден әкімшілігі 2022 жылы мұндай минаны үшінші елдерге бермеуге және оларды Корей түбегінен тыс жерде пайдаланбауға уәде берген деп жазды The Conversation.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей Днепрді жаңа зымыранмен атты, Қазақстан қауіпсіздік шараларын "шұғыл" күшейтпек