Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен 9 ресейлік 26 желтоқсанға қараған түні арнайы бортпен еліне әкетілді деп жазды “Лада” сайты. Маңғыстау облыстық ауруханасының бөлім жетекшісі Жанар Сыдыққызы басылымға 9 адамның бірі бала екенін айтқан.
Қазір Ақтау ауруханасында 20 науқас қалған.
“Қалған науқастар ем қабылдап жатыр. Жеті адам – реанимацияда, 12 адам – бөлімде, бір бала – балалар ауруханасында” деді ол.
25 желтоқсанда Ақтау маңында құлаған ұшақта 16 ресейлік болған, оның 7-і қаза болғаны хабарланған еді. Жалпы бортта 67 адам болған, 38-і қаза болған, 29-ы тірі қалған.
Ұшақ бортында 6 қазақстандық болған. Қазақстанның төтенше жағдай министрлігі 25 желтоқсанда ұшақ апатында қаза болған Қазақстанның алты азаматының аты-жөнін жариялады. Олардың екеуі - Астанадан, үшеуі - Маңғыстау облысынан, біреуі Қарағанды қаласынан.
Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалған, тергеу жалғасып жатыр.