Ақтаудағы ұшақ апатында зардап шеккендер арнайы рейспен Әзербайжанға жеткізілмек

Ұшақ құлаған аумақ. Ақтау маңы, 25 желтоқсан 2024 жыл.

Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза болғандардың денесі жуық арада Бакуға жеткізіледі деп хабарлады Әзербайжан төтенше жағдай министрлігі. Бұл жөнінде Қазақпарат жазды.

Бұған қоса, апаттан зардап шеккендерді тасымалдау үшін арнайы рейс те қарастырылған. Алайда Azerbaijan Airlines әуе компаниясы өкілдерінің айтуынша, дәрігер рұқсат берген жағдайда ғана зардап шеккендер Бакуға әкетілмек.

Бір күн бұрын Бакудан Грозныйға қарай ұшқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer-190 ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Ұшақ бортында 67 адам болды: экипаждың бес мүшесінен бөлек, Әзербайжанның – 37 азаматы, Ресейдің - 16, Қазақстанның - 6, Қырғызстанның 3 азаматы болған.

Әуе апатынан 38 адам қаза болды, 29 адам тірі қалған. Олар Ақтаудағы ауруханаға жатқызылған, жеті адамның жағдайы өте ауыр екені хабарланды. Тірі қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалған, үкімет комиссиясы құрылған. Апат себебіне байланысты әзірге, тек болжамдар айтылып жатыр.

Грозный әуежайы қалың тұманға байланысты ұшақты Махачкалаға жіберген, одан әрі ол Ақтауға жіберілген. Ресейдің әуе транспорты агенттігі әуе апатына «ұшаққа құстардың соғылуы» себеп болған деді. Ұшақ құлай сала оның салонында әлдебір баллон жарылды деген де долбар шықты, бірақ кейін ол туралы ешқандай түсініктеме болмады.

Әзербайжандық телеграм-арналары Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines компаниясының жолаушы ұшағының артқы бөлігінің видеосын жариялап, құйрық жағында шұрық-тесік көп екенін айтып жатыр. Әзірге олардың неден пайда болғаны белгісіз.

25 желтоқсан кешке үкімет комиссиясының жетекшісі Қанат Бозымбаев ұшақ апатына қатысты тіпті алдын ала тұжырым жасау мүмкін емес деп мәлімдеген.