Ақтөбеде көлігімен ерлі-зайыптыны қағып өлтірді деп айыпталған полиция майорына үкім оқылды

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Алтынбек Сабыров полиция майорына үкім оқып тұр. Ақтөбе, 11 қараша, 2024 жыл.

11 қараша күні Ақтөбе соты жеке көлігімен ерлі-зайыптыны қағып өлтірді деп айыпталған полиция майорына үкім шығарды. Сот үкімі күшіне енсе, ол алдағы 9 жылын түрмеде өткізеді. Өмір бойы көлік жүргізу құқынан, майор шенінен айырылады.

Тергеу материалдарына қарағанда, 34 жастағы майор ішімдік ішіп алып, Kia Sportage көлігін сағатына 121 шақырым жылдамдықпен жүргізген. Жол жиегінде велосипедпен кетіп бара жатқан ерлі-зайыптыларды қағып өтіп, оқиға орнынан кетіп қалған.

Тергеу органдары бұрынғы полицейге «масаң күйде көлік құралын басқарып, көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзды, соның салдарынан екі немесе одан да көп адам өлді», «жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалды» деген екі баппен айып таққан. Сотталушы өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады.

Сот полиция майорының айыбы толығымен дәлелденді деп санайды. Үкім шығарған кезде сотталушының бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын, кішкентай екі баласы барын ескерген. Ал оның полиция қызметкері ретінде сертін бұзуын сот қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жай деп таныды. Полиция майорына кесілген үкімді оның әріптестері кемінде 10 ұжым онлайн тыңдап отырды.

Оқиға 2024 жылғы 23 шілде күні Ақтөбенің шетіндегі Ақжар ауылы маңында болған. Сол түні ерлі-зайыптылар велосипедке мінгесіп, қонақтан қайтып келе жатады. Отызға толмаған ерлі-зайыптылар жол-көлік оқиғасы болған жерде қайтыс боп кеткен. Олардың кәмелетке толмаған екі баласы жетім қалды.

Сот үкімі шыққаннан кейін жәбірленуші тарап пікір білдіруден бас тартты. Ал сотталушының адвокаты Ербол Меңдібаев үкімге риза емесін, апелляция алқасына шағым жазатынын айтты.