Армения ҰҚШҰ-ға жарна төлеуден бас тартты

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен оған мүше елдердің тулары.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен оған мүше елдердің тулары.

Армения Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бюджетіне жарна төлеуден бас тартты. Арменияның сыртқы істер министрлігі Ереван өз шешімі туралы ұйымның хатшылығын ресми түрде хабардар еткенін айтты. Сөз болып отырған жарна былтырғы жылға тиесілі.

"Армения 2024 жылға арналған ҰҚШҰ бюджетін бекіту туралы шешімге қол қоюдан және, тиісінше, ұйымның қызметін қаржыландыруға қатысудан да қалыс қалады", — деп мәлімдеген Армения сыртқы істер министрлігі.

Армения сыртқы істер мекемесі ҰҚШҰ-ның ішкі ережелеріне сәйкес, ұйымның бюджеті жайлы мәліметтер жариялауға жатпайтынын айтты.

Бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрлігі егер Армения 2025 жылдың аяғына дейін ҰҚШҰ-ға берешегін өтемесе, түрлі шаралар қабылдануы мүмкін екенін, бірақ Арменияны ұйымнан шығару ықтималдығы аз деген еді.

Өткен аптада Армения парламенті елдің Еуропа одағына кіру процесін бастау туралы заңды қолдаған болатын, бірақ Брюссель әзірге Арменияға Еуроодаққа мүше болуды ұсынған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Астанадағы ҰҚШҰ саммитінде Путин "Орешникті" мақтап, Киевті көздеуіміз мүмкін деп сес көрсетті

• ОДКБ құрамына Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Армения кіреді.

• 2024 жылдың басында Армения премьер-министрі Николь Пашинян Армения ҰҚШҰ-дағы мүшелігін тоқтата тұратынын мәлімдеп, егер ұйым өз міндеттемелерін орындамаса және жауапкершілік аясын мойындамаса, өз елі бұл ұйымнан шығуы мүмкін екенін айтты. Пашинян мұны 2023 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Қарабақтағы әскери операциясына қатысты айтты. Кейін ол ҰҚШҰ-ны Арменияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін ұйым деп атады.

• Халықаралық құқық бойынша, Қарабақ Әзербайжанға тиесілі аймаққа жатады, бірақ 1990-жылдардың басынан бастап бұл аймақ Бакуге бағынбай келді. 2020 жылы әскери іс-қимылдар нәтижесінде Әзербайжан армиясы аймақтың ауқымды бөлігін бақылауына алды.

• 2023 жылы Әзербайжан Қарабақта қысқамерзімді әскери операция өткізіп, нәтижесінде аймақты толық бақылау орнатты, халықаралық қауымдастық мойындамаған, өзін өзі жариялап алған «Таулы Қарабақ республикасының» дәурені бітті. Аймақта тұратындардың басым бөлігі армян ұлтының өкілдері еді. Шамамен 120 мың адам Әзербайжанның қудалауына тап боламыз деп қорқып, мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болды. Ал Баку билігі болса Қарабақтағы жергілікті халықты Әзербайжан азаматтығын қабылдауға және үйін тастап кетпеуге үндеді.