Аштық жарияламақ болып, қамалған Жаңаөзен тұрғыны әкімдік алдында тағы акция бастағанын айтты

Жаңаөзен әкімдігі алдында отырған Жоламан Тұрғанбаев. 3 сәуір 2025 жыл.

Жаңаөзен әкімдігі алдында отырған Жоламан Тұрғанбаев. 3 сәуір 2025 жыл.

Ақпан айында Жаңаөзен әкімдігі алдында аштық жариялауға оқталғаннан кейін "ұсақ бұзақылық" бойынша ұсталып, бес күнге қамалған 28 жастағы Жоламан Тұрғанбаев 3 сәуірде әкімдік алдында тағы аштық акциясын бастағанын айтты. Ұзақ уақыттан бері жұмыссыз жүргенін айтқан тұрғын кедейшілік пен тұрмыс тауқыметі өзі мен өзінің отбасын қатты қысқанын, сондықтан биліктен тұрақты жұмыс талап етіп келіп отырғанын жеткізді. Азаттыққа жіберген суретте оның әкімдік ғимаратының маңында отырғаны көрінеді.

Айтуынша, былтыр мамырда Жаңаөзенде бір топ жұмыссыз азамат тұрақты жұмыс талап етіп, бір айға жуық бейбіт шеруге шыққан. Аштық жариялаған күні оларды полиция ұстап әкетіп, 77 500 теңге көлемінде айыппұл салған.

"Қазіргі күнде айыппұл көлемі үш есеге көбейіп 232 000 теңге болды. Өзім отбасылы азаматпын. Бір балам бар, ол балам ауырады. Бір жылдай бері дәрі ішуге мәжбүр, ал менің дәрі түгілі күнделікті азық-түлік алуға жағдайым жоқ, себебі тұрақты жұмысым жоқ, яғни жұмыссызбын. Әйелім де жұмыссыз. Басымда жеке үйім жоқ, пәтер жалдап тұрамын" деді Тұрғанбаев Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында.

Оның сөзінше, бұған дейін ол аштық жариялауға рұқсат сұрап, жергілікті атқару органдарына арыз жазғанмен рұқсат болмаған.

Азаттық онымен түскі сағат 3-ке таман сөйлескен кезде ол аппарат басшысының өзін ішке шақырып, "келісуге" тырысып жатқанын айтты.

Оның шешесі Халима Мұсаеваның сөзінше, ақпан айында қамаудан шыққаннан кейін Жаңаөзен әкімі оны әкімдікке шақырған. Онымен бірге әке-шешесі де ілесе барған. Әкім жұмыс тауып беруге "ықпал ететінін" айтқан.

"Ұлымның есепшоттары жабылып жатыр. Мойнында қарызы көп. Жұмысы жоқ. Өзі жалдамалы пәтерде отыр. "Қашан ықпалыңыз болады?" деген кезде әкім сәуірдің ортасында болады деді. Ол да белгісіз нәрсе. "Мен қазір бір жұмысқа жіберейін" деп жіберген. Ондағылар алты айға 120 мың теңгемен аламыз деген. 120 мың теңге ол ештеңеге жетпейді. Тым болмағанда 200 мыңның төңірегінде болса жақсы еді. Бұлар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз деп алып, басын алып қашып отыр" деді анасы Азаттыққа.

Азаттық тілшісі 3 сәуірде Жаңаөзен әкімдігіндегі бірнеше телефонға үзіліссіз бірнеше рет телефон соқты. Бірінде телефон тұтқасын алған хатшы және жанындағы қызметкер журналист екенін естігеннен кейін тұтқаны қоя салды. Қайта бірнеше рет хабарласқан кезде жауап болмады.

Әлеуметтік желідегі жазбаларға сүйенсек, Жоламан Тұрғанбаев ақпанда "күнкөріс қиындап, қымбатшылық қысқанына наразылық ретінде аштық жариялайтынын" айтқаннан кейін ұсталған.

Шамамен 150 мың халқы бар Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында көп жылдардан бері жұмыссыздық мәселесі шешілмей келеді. Жұмыссыздар жергілікті биліктен тұрақты жұмыс беруді талап етіп, бұған дейін талай наразылыққа шыққан. Ал жергілікті билік өкілдері "өңірдің барлық тұрғынын мұнай-газ саласына орналастыру мүмкін емес" деген жауапты жиі қайталайды.