Балуандардың антирекорды және Баландиннің қоласы

100 метрге брасс әдісімен жүзуден қазақстандық Дмитрий Баландин Джакартадағы Азия ойындарында қола медаль алды. Ол 2014 жылы Инчхонда бұл қашықтықта Азия ойындарының чемпионы атанған. 

 Баландин 200 метрге брасс әдісімен жүзуде Рио олимпиадасының чемпионы атанған. Бірақ ол жарақатына байланысты 200 метрлік жарысқа қатыспағанын айтты. 

Жарыстан кейін Баландин Азаттық тілшісіне қола медаль алғанына қуанышты екенін, дәл қазір қарсыластары одан мықтырақ екенін айтты. 

Грек-рим күресінен 120 келі салмақта 2010 және 2014 жылғы Азия ойындарында алтын алған қазақстандық Нұрмахан Тынәлиев Джакартада күміс иеленді. Ол финалда өзбекстандық Муминжон Абдуллаевтан (жасыл формада) 0:8 есебімен жеңілді. 

Тынәлиев (сол жақта) Азия ойындарының марапаттау рәсімінде. 

Грек-рим күресінен Азамат Құстыбаев 87 келіде қола алды. Азамат алғашқы кездесуінде өзбекстандық Рустам Ассакаловтан жеңілді. Кейін Ассакалов финалға шығып, Құстыбаев қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды. Ол үшінші орынға таласта үндістандық Харпреет Синхты жеңді. Күрес ережесі бойынша, финалға шыққан балуаннан жеңілгендер кейін "жұбаныш кездесулері" арқылы қолаға таласады.

Құстыбаев Азия ойындарының қола медалін алған сәт.

Грек-рим күресінен Ерұлан Искаков 97 келіде Джакартадағы Азия ойындарының қола жүлдесін иеленді. Ол алғашқы айналымда оңтүстік кореялық қарсыласы Чо Ху Чулдан жеңілген. Кейін корей балуаны финалға шығып, Искаков қолаға таласуға мүмкіндік алды. 
Қазақстан балуаны төрт жыл бұрын Инчхонда да үшінші орын алған. 

Таэквондодан 80 келіде Нұрлан Мырзабаев жартылай финалда Ли Хва Джуннан (Оңтүстік Корея) 15:16 есебімен жеңіліп, қола жүлде иеленді.
 

Нұрлан Мырзабаев (оң жақта) Азия ойындарының марапаттау рәсімінде. 

Семсерлесудің сабля түрінен Қазақстан әйелдер құрамасы командалық жарыста үшінші орын алды. Олар ширек финалда Гонконгты жеңгенімен, жартылай финалда Қытайды жеңе алмады. Семсерлесу ережесі бойынша жартылай финалда жеңілген команда бірден қола медаль алады. 

Семсерлесудің шпага түрінен Қазақстан ерлер құрамасы командалық жарыста қола иеленді. Олар ширек финалда Гонконгтан басым түскен. Ал жартылай финалда Жапонияға есе жіберді.