Сүрілетін саяжайдың сүреңсіз тірлігі

Астана маңындағы "Май" бау-бақша серіктестігінде қазір жүзге жуық отбасы тұрады. Мұндағы адамдар қалада тіркеуде тұрғандықтан өздерін Астана тұрғыны санайды.

"Май" саяжай қонысы Астанадағы "Алау" спорт кешенінің сыртында орналасқан.

"Май" саяжай серіктестігіндегі үйдің арғы жағында алыстан "Алау" спорт кешені мұнартып көрінеді.

2014 жылы "Май" саяжай қонысы тұрғындарына қала әкімдігі олар тұрып жатқан жер телімдері "мемлекет қажетіне" алынатыны туралы хабарлама жіберді. Кей тұрғындар баспанасы мен жер теліміне мемлекет берген өтемақыны алғаннан кейін бұл жерден көшіп кеткен. Өтемақы көлеміне қанағаттанбаған өзге тұрғындар жергілікті билікпен соттасып, саяжайда әлі тұрып жатыр.

Жанар Темірғалиева алты сотық жер теліміне 2004 жылы салған үйде үш баласымен тұрып жатыр. Әйел мемлекет ұсынған өтемақы мөлшерімен келіспеген соң билік өзін сотқа бергенін айтады.

"Май" саяжай қонысында тұратын Мұхамет Машанло өзіне билік ұсынған өтемақымен келіскенін, бірақ кейін ісі сотқа берілгенін айтады. Оның сөзінше, сот шешімінен кейін бес миллион теңгеден астам ақша жылжымайтын мүлік орталығы шотына түскен, бірақ тұрғын ол ақшаны ала алмаған. Ол ақшаға жер телімін сатып алуды жоспарлаған Машанлоның үмітін теңге девальвациясы үзген. Мұхамет Машанлоның бес баласы және төрт немересі бар. Бұл үйде қазір ол әйелімен және бір баласының отбасымен бірге тұрып жатыр.

 Есіпхановтар отбасының "Май" саяжай қонысында тұрып жатқанына 15 жылдай болған. Олар кейін біртіндеп сатып алатын болып келісіп жалға алған жер теліміне үй салғандарын айтады. Отбасының сөзінше, саяжайдағы үйлерді сүре бастаған соң олармен жасалған жалға алу туралы келісімді бұзған. Есіпхановтар отбасын бұл мекен-жай бойынша уақытша тіркеуге де алмайды.

Гүлжазира Маданова кезінде педагогикалық білім алғанын, бірақ балаларға қарап ұзақ уақыт үйде отырып қалғанын, қазір жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтады. Әйелдің сөзінше, үш баласының екеуі жақында қаланың екі бөлек тұсындағы мемлекеттік балабақшаға орналасыпты.

Гүлжазираның тоғыз жасар ұлы Диас Есіпханов Түркістан көшесінде орналасқан 76-мектепте оқиды. Ол бірінші сыныптан бастап мектепке өздігінен, жол-жөнекей екі автобусқа ауысып мініп барады.

Саяжайдағы отбасылардың көбі жалғыз бөлмелік баспанада тұрып жатыр. Жалғыз бөлмеде ас дайындап, тамақ ішеді, қонақты да сонда күтеді және сол бөлмеде барлығы ұйықтайды. Жылда үй сүруге келіп қала ма деп алаңдап отырғандықтан тұрғындар бау-бақшаға жеміс-көкөніс екпейді, қыс мезгіліне қажет көмірді де алдын ала сатып алмайды. Көпшілігі отынды үнемдейді, күндіз от жақпайды. Тұрғындар көршілер бір-бірінен көмір ұрлайды деп шағынады.

Галина Иманболова Астанаға 1990-жылдардың соңында көшіп келген. 2002 жылы "Май" саяжай қонысынан алты сотық жер телімін үйімен қоса сатып алған. Ұзақ уақыт ауырған жұбайы осыдан екі ай бұрын қайтыс болған. Соңғы кездері буындары қақсайтынына шағым айтқан әйел бөлме ішінде әрең қозғалады.

Галина Иманболова биыл қыста алғаш рет үйінен сыртқа шықты. 2-топтағы мүгедек әйелдің отынсыз отырғанын естіген астаналық тұрғындар оған көмір жеткізіп берді. Бұған сырқат әйел қатты қуанып, қамқорлығы үшін алғысын айтты.

Баспаналары сүруге жатқызылған саяжай тұрғындары бұл жерде қандай құрылыс салынатынын білмейді. Оларға жергілікті биліктен келген хабарламада саяжай орнынан 240 орындық балабақша салу жоспарланғаны жазылған. Кейбіреулер мұнда тұрғын үйлер салынбақшы десе, енді біреулер ұлттық компаниялардың бірі осы жерді сатып алыпты-мыс дейді. Осы кезге дейін үйлері сүрілген жер телімдері әзірше бос жатыр.

Саяжайда айына 20-30 мың теңге төлеп баспана жалдап тұратындар аз емес. Көпшілігінің тұрақты жұмысы жоқ.

Кей тұрғындар метал сынықтарын қабылдап, көмір сатуды кәсіп етеді.