Астана мерейтойына аймақтардың тартуы
Бұдан он жыл бұрын Қарағанды облысы Астанаға музыкалық фонтан сыйлаған. Фонтанның айналасында цирк әртістері мен жануарлардың қоладан жасалған он мүсіні орналасқан. Ал ортасында алтын түсті эквилибрист ұлдың мүсіні бар. Кешеннің биіктігі – 15 метр. Оны дайындауға 40 тоннаға жуық металл, 220 тонна гранит жұмсалған.
Қарағанды облысының Астананың он жылдығына тартуының мында бір бөлігінде ашық жатқан кітап бейнеленген. Кітап парақтарында: «Ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қаласы – Астананың 10 жылдық құрметіне Қарағанды облысынан. 6 шілде 2008 жыл» деп қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған сөздер бар.
2008 жылы Қызылорда облысы Астана қаласына мүсінші Жәркен Ысмағұлов жасап шығарған "Қорқыт қобызы" скульптуралық композициясын тарту еткен.
Онда түйе мініп, қолына қобыз ұстаған Қорқыт ата бейнеленген. Аңыз бойынша, қобызды өмірге Қорқыт ата әкелген.
Маңғыстау облысы сыйлаған сквер "Нұр Астана" мештінің қасында орналасқан.
Маңғыстау облысы ел астанасына тарту ретінде "Нұр Астана" мешітін жаңғырту жұмыстарын жүргізіп шыққан.
Әйгілі майдангер батыр қыз Әлия Молдағұлованың мемиориалды кешені – Ақтөбе облысының Астанаға жасаған тартуы. Ол Молдағұлова атындағы көше мен Жеңіс даңғылының қиылысында тұр. Облыс орталығы Ақтөбе қаласындағы ескерткіштің дәлме-дәл көшірмесін Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Бақытжан Әбішев жасаған.
Ал Жамбыл облысы Астанаға даңқты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішін сыйлаған. Батырдың ескерткіші Астанадағы Момышұлы даңғылы мен Тоқпанов көшесінің қиылысында тұр. Ескерткіш скульпторы – Темірхан Қолжігіт, сәулетшісі – Бақытжан Сыздықов.
Қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың ескерткіші – Алматы облысының тартуы. Тәшенов көшесіне қойылған ескерткіштің скульпторы – Нұрлан Далбаев, сәулетшісі – Қазбек Жарылғапов.
Он жыл бұрын Астана мерейтойына билік, аймақтардың шығыс қаржысы мен демеушілерден түскен ақшаны есептемегенде сегіз миллиард теңге жұмсаған еді. Қазақстан астанасының жиырма жылдық мерейтойына 18 миллиард 800 миллион теңге (шамамен 57 миллион доллар) жұмсауды жоспарлап отыр.