Астана аспанында парашютпен қалықтау
Аспанда парашютпен қалықтауға дайындық жерде басталады. Парашютпен шұғылданатын спортшылар алғаш рет секіретіндердің парашютін жинастырып отыр.
Астанада парашют спорты федерациясы 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Мұндағылар осы уақытқа дейін парашюттері әуеде үнемі дер кезінде ашылып келгенін айтады. "Ең келеңсіз жағдайды айтар болсақ – денені ауыртып алған кездер болған", - дейді ұйымдастырушылар.
Парашютпен секіруге тілек білдіргендер жаттығуды өз еркімен жасайтындығы және оның салдары үшін жауапкершілікті мойнына алатыны туралы құжатқа қол қойып жатыр.
Парашютпен секіруді жаңадан үйренушілерді әуелі жерге дұрыс қонудың қыр-сырымен таныстырады. 800 метр биіктіктен жалғыз секірмес бұрын мұны білу – аса маңызды. Қалғаны техниканың шаруасы: егер жаттығу кезінде ұшақтан секірген адам әуеде парашютті өздігінен аша алмаса, сәлден кейін парашют автоматты түрде өзі ашылады.
Парашютпен секірер алдында жаттығуға қатысушылардың қан қысымын тексереді, жерге түскенде мертігіп қалмасы үшін табан сүйектерін бинтпен мықтап байлайды.
Жаңадан үйренушілер дайындалып жатқан шақта кәсіпқой спортшылар парашютпен кезекті мәрте секіріп үлгерді. Тимофей Меркулов – әскери қызметкер, кәсіпқой шебер 2011 жылдан бері парашютпен айналысады.
Жел басылған соң ұйымдастырушылар парашютпен алғаш секіретіндерге ұшаққа отыруға рұқсат етті. Олар мұны төрт сағат бойы күтті. Астананың қатты желі басылғанын сағаттап күтуге тура келетін кездер сирек емес. Кәсіпқойлар бүгінгі ауа райы "ұшуға қолайлы" екенін айтады.
Осы ұшаққа мінген спортшылар тобы 3000 метр биіктікке көтеріліп, парашютпен жекелей және топтасып секіруге бара жатыр. Астанада парашют спортымен кәсіби негізде айналысатын 15 адам бар. Әуесқойлардан айырмашылығы - олар халықаралық авиация федерациясы (FAI) берген халықаралық спорттық лицензияға ие.
Кәсіпқойлар аспанда жұптасып парашютпен еркін қалықтаған сәтін GoPro камерасына түсіріп алған.
Парашютпен секіруші ауа ағынымен аспаннан жерге қарай "шиыршықтала" қонып келеді.
Міне, жерге табан тиер сәт тіпті жақын қалды. Ұшар алдында үйреткендей, жерге дұрыс қону – аса маңызды.
Менеджер болып істейтін Анатолий Бочуля парашютпен секіру - көптен бергі арманы екенін айтады. Бүгін сол арманы орындалып, өмірінде тұңғыш рет аспаннан парашютпен секірді.