Астана соты бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы берілген арызды қабылдамады

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы. 9 желтоқсан, 2024 жыл.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Өскемен қаласының тұрғыны Серікжан Ахметжановтың бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы арызын қабылдамады. Сот шешімі 18 желтоқсанда шықты. Ахметжанов Азаттық тілшісіне шешімге келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.

– Мұнымен тоқтамаймын, апелляциялық сот, Жоғарғы сот, Конституциялық сотқа жүгінемін, одан да қайран болмаса, халықаралық сотқа барамын, – деді ол Азаттық тілшісіне телефонмен.

Серікжан Ахметжанов судьяның шешімі негізсіз деп санайды.

– Судьядан арызымды неге қабылдамағанын түсіндіруді сұрадым. Бірақ түсіндірмеді. Шешімге шағым түсіре аласыз дегенді ғана айтты, – деді Серікжан Ахметжанов.

"Власть" сайтының жазуынша, Ахметжанов сотқа онлайн қосылған. Ол шешімді түсіндіруді сұрап қайырылғанда, судья сот отырысын жабық деп жариялап үлгерген.

TengriNews сайтының хабарлауынша, сот өз шешімін "үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуін енгізуге заңды өкілеті бар" деп негіздеп, арызды қабылдамаған.

19 қарашада Серікжан Ахметжанов Қазақстан үкіметінің бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы қаулысын заңсыз деп тануды сұрап, Астана сотына жүгінген. Ол үкімет шешімінің ғылыми негізі жоқ, комиссия құрамында Шығыс Қазақстан облысының өкілдері болмады және Шығыс Қазақстан өңірі тұрғындарының пікірі ескерілмеді деген.

Ал үкімет өзінің мұндай шешім қабылдауға құзіреті бар екенін айтқан.

Your browser doesn’t support HTML5

Бірыңғай уақыт белдеуі мен жарықтандыру мәселесі “адам өміріне қауіп төндіре бастады”

Биыл 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшті. Үкімет осылайша "өңірлер арасындағы уақыт кедергісі жойылып, бизнес пен мемлекеттік мекемелер жұмысы жақсарады, көлік қатынасын үйлестіру оңайлатылады және елдің көп бөлігі табиғи уақыт белдеуіне жақындайды" деді.

Алайда шешімге бұрын UTC+6 белдеуімен өмір сүріп келген өңірлерде тұратын жұрт наразы болды. Әсіресе жерінің көп бөлігі UTC+6 белдеуінде орналасқан Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жиі қарсылық білдіріп келеді. Олардың айтуынша, жаңа уақыт белдеуі қабылданғалы таң ерте атып, қараңғы ерте түседі, соның салдарынан ұйқы азайып, адам шаршап-шалдығады. Мал мен бау-бақшаны күтіп-баптауға да уақыт қолайсыздық туғызады. Наразылар бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды сұрап петиция жариялаған, бірақ сауда және интеграция министрлігі қабылдамады.

6 қыркүйекте мәжілістің бірнеше депутаты халыққа үндеу жасап, бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы үкімет шешімін "асығыс қабылданды" деп сынға алған.