AstraZeneca екпесін салуды бірнеше ел тоқтатты. Неге? Түсіндіреміз

Германия, Франция, Италия және Испания сияқты оннан аса ел AstraZeneca компаниясы мен Оксфорд университеті бірігіп жасаған вакцина қолдануды тоқтатып қойды. Оған Дания мен Норвегияда тіркелген шағымдар түрткі болды. Өткен аптада осы екі елде коронавирус вакцинасын салдырған кей адамдарда қанның ұйықтары (тромбылар) анықталған. Әзірге ұйықтардың пайда болуы вакцинадан екені дәлелдене қойған жоқ.

Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қолда бар деректе қан ұйықтарына вакцинаның жауапты екенін көрсететін дәлел жоқ деп, екпе салуды жалғастыруға шақырды.

Сонымен AstraZeneca вакцинасынан қауіптенуге негіз бар ма? Ғалымдар не дейді? Түсіндіреміз.

МӘСЕЛЕ НЕДЕН БАСТАЛДЫ?


AstraZeneca вакцинасын салуды тоқтатып қойған бірінші ел – Дания. Бұл шешім өткен аптада екпені салдырған бірқатар даниялықта қан ұйықтары анықталған соң қабылданды. Қанында ұйықтар пайда болған азаматтардың бірі екпе салдырғаннан 10 күн өткен соң қайтыс болған. Елдің денсаулық сақтау жөніндегі құзырлы органдары AstraZeneca екпесін қолданудың кемі екі аптаға тоқтағанын, осы уақыт аралығында тіркелген жағдайлардың тергелетінін мәлімдеді. Бірақ мекеме вакцина мен қан ұйықтары арасында байланыс бар деп қорытуға әлі ерте екенін ескертті.

Даниядан кейін AstraZeneca екпесін салуды Норвегия, Исландия, Таиланд және Конго елдері де тоқтатты. Сенбі, 13 наурыз күні Норвегия үкіметі AstraZeneca екпесін салдырған жасы 50-ге жетпеген төрт адамда тромбоцит мөлшерінің қалыптан тыс төмен болғанын айтты. Бұл – қанаудың ауыр түріне әкелуі мүмкін жағдай.

Ирландия мен Нидерланд та AstraZeneca вакцинасын қолдануды тоқтата тұратынын мәлімдеді.

"Біз әрдайым сақтыққа басымдық беруіміз қажет, сол себепті алдын алу шарасы ретінде үзіліс батырмасын басқанымыз қисынды" деді Нидерланд денсаулық сақтау министрі Хуго де Йонге.

Өткен аптада вакцинаны қолдануды жалғастыра беретінін айтқан Германия дүйсенбі, 15 наурызда жаңа шағымдар пайда болған соң екпені салуды доғара тұратынын мәлімдеді. Франция да AstraZeneca екпесін қолдануды тоқтата тұратынын, шараның кемі сейсенбі, 16 наурыздың түскі уақытына дейін жалғасатынын айтты. Бұл шешімді ел президенті Эммануэль Макронның өзі мәлімдеді. Осыдан кейін екпені пайдалануды тоқтатып қойған елдер қатарына Италия мен Испания қосылды.

Бұған жауап ретінде AstraZeneca компаниясы Еуропа бойынша екпе алған 17 миллион адамның дерегін мұқият шолып шыққанын, қан ұйығы 37 адамнан анықталғанын айтты. Компания екпенің қан ұйығы қаупін арттыратыны туралы дәлел жоқ; осы ауқымдағы адамдардың арасынан қан ұйығы ауруына табиғи түрде шалдығатындар бұдан көп болушы еді дейді. Компанияның сөзінше, қан ұйығына шалдыққан адамдар деңгейі коронавирусқа қарсы өзге вакцинаны қабылдағандардыкінен жоғары емес.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстанда вакцинациялау қалай жүріп жатыр?

ҚАН ҰЙЫҒЫНА ВАКЦИНА СЕБЕП ДЕЙТІНДЕЙ ДӘЛЕЛ БАР МА?

Жоқ. Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі бұл жағдайға вакцинаның әкелгенін көрсететін дәлел жоқ дейді. Агенттік тергеу басталғанын, барлық мәліметтің "қатаң тексеріліп" жатқанын айтты. Еуроодақ мекемесінің сөзінше, AstraZeneca вакцинасының пайдасы қосалқы әсер жөніндегі қауіп-қатерден басым түседі.

Еуропаның дәрі-дәрмек агенттігі 16 наурыз және 18 наурыз күндері сарапшылардың басын қосып, алдағы шаралар жөнінде шешім қабылдайтынын айтты.

AstraZeneca екпесін 11 миллион дозасын салып үлгерген Ұлыбританияда қан ұйығы екпені алған 11 адамнан анықталған. Олардың ешқайсысында тромбылардың вакцинадан пайда болғаны дәлелденбеді.

Кей дәрігерлер вакциналау науқаны егде жастағы адамдардан басталғанын алға тартып, ондай адамдарда қан ұйығы мәселесі осыған дейін пайда болуы ықтимал дейді. Сарапшылар қан ұйығына вакцинаның жауапты екенін дәлелдеу қиынға соғатынын айтады.

Қолда, аяқта және өзге мүшелерде түзілген қан ұйықтары кейде босап шығып, жүрекке, миға не өкпеге қарай барып, инфарктіге әкелуі мүмкін не қан айналымын кісі өліміне әкелетіндей етіп тоқтатып қоюы ықтимал.

ЕНДЕШЕ ЕЛДЕР ASTRAZENECA ЕКПЕСІН САЛУДЫ НЕГЕ ТОҚТАТЫП ҚОЙДЫ?

Қандай да бір вакцина жалпы қолданысқа шыққанда ғалымдар денсаулықтың нашарлауы жөніндегі шағымдарға дайын тұрады. Тіпті кейде кісі қайтыс болып жатады. Өйткені зертханада әзірленіп, адамдардың шектеулі тобында сыналған вакцинаны миллиондаған адамға салады. Мұндай шағымдардың көбі кінәратқа вакцинаның жауапты екенін көрсететін дәлелдің тапшы болуымен аяқталады. Бірақ Covid жағдайында вакциналардың көбі әлі де сынақ сипатында – бұл екпелер жөнінде ұзақ мерзімді дерек жоқ. Сол себепті ғалымдар қосалқы теріс әсерге әкелуі мүмкін әрбір жағдайды тергеуі тиіс.

ДДСҰ "адамдардың дүрбелеңге бой алдырғанын" қаламайды деді осы ұйымның бас ғалымы Сумья Сваминатан (ханым). Ғалым осы күнге дейін әлем бойынша коронавирус вакцинасының 300 миллион дозасы салынғанын айтып, "Covid вакцинасына қатысы бар деген өлім құжат жүзінде тіркелмеді" деді.

COVID ЕКПЕЛЕРІНІҢ ӨЗГЕ ТҮРЛЕРІ ЖӨНІНДЕ АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БАР МА?

Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі қазір Pfizer-BioNTech, Moderna және AstraZeneca компаниялары әзірлеген вакциналардың ағзадағы тромбоцит мөлшерінің азаюына әкелетінін-әкелмейтінін тексеріп жатыр. Ағзада тромбоциттердің азаюы көгеруге және қанауға түрткі болады.

ASTRAZENECA ЕКПЕСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ӨЗГЕ МӘСЕЛЕ БАР МА?

Вакцинаның ересек азаматтар үшін қолдану елуден астам елде мақұлданған. Ал Ұлыбритания, Бразилия және ОАР секілді елдерде жүргізілген зерттеу екпенің қауіпсіз әрі тиімді екенін көрсеткен. Бірақ вакцина жөніндегі мәліметтердің жарық көруіне байланысты сұрақтар бар. Франция президенті Эммануэль Макрон секілді кей Еуропа лидерлері вакцинанының егде жастағы азаматтар арасындағы тиімділігі жөнінде ақпарат аз дейді.

Ұлыбритания AstraZeneca вакцинасын бастапқы зерттеулер негізінде мақұлдап жіберген. Ол зерттеу екпенің тиімділігі 70 пайыз деп көрсетті. Алайда екпені әзірлеу кезіндегі қателік зерттеудің сенімділігіне күмән келтірді. Қателіктің салдарынан сынаққа қатысушылардың кейбірі бірінші екпеде жарты доза алған. Зерттеушілер бұл қателікті бірден байқамаған. Ұлыбритания вакцинаны мақұлдап қойғаннан кейін барып Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі екпенің тиімділігі 60 пайыз деді.

Екпенің егде жастағы азаматтар арасындағы тиімділігі жөніндегі ақпарат та толық болмады. Осының салдарынан кей Еуропа елдері бастапқыда екпені жасы үлкен азаматтарға салудан бас тартты.

АҚШ-та Азық­-түлік және дәрі-дәрмек әкімшілігі 30 мың америкалықтың қатысуымен жүретін сынақты алты аптаға тоқтатып қойды. Мекеме Ұлыбританияда тіркелген қосалқы теріс әсері туралы ақпаратты күтті.

"AstraZeneca вакцинасы туралы біз танысқан деректің бәрі оның өте қауіпсіз екенін және адамдарды коронавирустан көз жұмудан аман алып қала алатынын көрсетті" деді Шығыс Англия университетінің медицина жөніндегі профессоры Пол Хантер. "Мұның бәрі қабылдау мәселесі болуы мүмкін, өйткені вакцина төңірегінде мәселе туған сайын ертелі-кеш "AstraZeneca" атауы естіледі".

САРАПШЫЛАР ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕДІ?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі – сондай-ақ бірнеше елдің құзырлы органдары – адамдарды екпені алуын жалғастыра беруі тиіс, вакцина салдырудың болмашы қаупін төніп тұрған қатермен қатар қоюға болмайды дейді.

"Қоғамның қауіпсіздігі әрдайым бірінші орында" деді Ұлыбританияның дәрі-дәрмек жөніндегі құзырлы мекемесі. "Адамдар өтініш жасалғанда әлі де Covid вакцинасын салдыра беруі керек".

Associated Press ақпарат агенттігінен аударылды