Атырау облысында төрт вагон рельстен шығып, күкірт төгілді

7 желтоқсанда Атырау облысы Мақат ауданында "ҚТЖ-Жүк тасымалы" компаниясының "ЖТ Атырау бөлімшесі" филиалына тиесілі төрт вагон рельстен шығып, оның екеуі аударылды. Апат салдарынан вагондардың ішіндегі күкірт жерге төгілген.

Ақпаратты Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметі растады.

Жауапты мамандарға вагондарды көтеріп, қалпына келтіру тапсырылған. Апаттың себебі анықталып жатыр.

Күкірт тиелген вагондар Жылыой ауданы Құлсары теміржол станциясынан Алтынкол станциясына дейін жеткізілуі тиіс болған.

Экология департаментінің мамандары күкірт төгілген жерді тексеру үшін сынама алу жұмыстарын жүргізуге оқиға орнына шыққан.

Департамент баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша ақпарат толықтырылатынын хабарлады. "Күкірт қай жерден шығып, қай бағытқа тасымалданып бара жатқаны әзірге белгісіз" дейді департамент баспасөз хатшысы Эльнара Оралқызы.

Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты, яғни, темiржол көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімі қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Олар тергеу құпиялылығын алға тартып, өзге ақпарат жарияланбайтынын айтты.