Атырауда "жерді сатпауды" талап етті
Атырауда 24 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 14:00-де Қазақстанда ауылшаруашылығы жерін «шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсылық» жиыны өтетіні жайлы хабар әлеуметтік желілер және «ұзынқұлақ» арқылы тараған болатын.
24 сәуір күні Атырау қаласы орталығындағы Исатай мен Махамбет батырлардың ескерткіші алдындағы алаңға сағат 12:00-ге қарай жүздеген адам жиналды.
Митингте сөйлегендер жерді шетелдіктерге сатуға және 25 жылға жалға беруге қарсы екендерін айтты.
Ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге жалға беруге қарсы шеруге қатысушылар.
Митингте сөйлеген азаматтық белсенді Макс Боқаев алаңға келген Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа халық биліктен ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және жалға беру туралы баптарды Жер кодексінен алып тастауды талап етіп отырғанын айтып, осыны Ақордаға жеткізуді сұрады. Сонымен бірге жұртшылық әкімнен жергілікті белсенділерге қарсы іс қозғап, қудалауды тоқтатуды талап етті. Облыс басшысы Ноғаев белсенділерді қудаламауға уәде берді.
Қарсылық жиынында тұрған жас азаматтар.
Азаматтық белсенді Талғат Аян ауылшаруашылығы жерін "шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсылық" жиынында тұр. Бүгінгі шеруге келетінін әлеуметтік желі арқылы күнібұрын хабарлаған белсенді осыдан бір күн бұрын жергілікті полицияға тергеуге жауап беруге шақырылғаны туралы қағаз алған.
Алаңда жиналған жұрт шетелдіктерге жер сатуға және жалға беруге қарсы екендері жазылған петицияға қол жинады.
Алаңда жиналған жұрт өз талаптарын орындау үшін билікке бір ай мерзім беретіндерін мәлімдеді. Оның нәтижесін 21 мамырда өтетін келесі жиында талқылайтынын айтты.