Атырауда орталық базардан күйдіргі белгілері анықталып, ет павильоны жабылды

Ет павильоны. Көрнекі сурет.

Атырау қаласында сауда орындарына жүргізілген тексеріс барысында ең ірі сауда орны “Дина” базарынан күйдіргі белгілері табылды. Базардағы ет сату павильоны уақытша жабылып, толық дезинфекциялық шаралар жүргізілді. Бұл ақпаратты Атырау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің баспасөз қызметі растады.

Ресми ақпаратқа қарағанда, "жедел тестілеу кезінде ет кескен пышақта қалған ет бөліктерінен аурудың белгілері табылған". Павильонда жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің тізімі жасалып, 14 күн бойы медициналық бақылауда болады.

- Бұған дейін санитарлық қызмет мамандары қаладағы 65-тен астам сауда орнын тексеріп, 700-ден астам сынама алған. Барлық сынама теріс нәтиже көрсеткенімен, қайта тексеру кезінде алынған сынамалар қазір ұлттық сараптама орталығында тексеріліп жатыр. Нәтижелері жақын күндері белгілі болады, - дейді СЭС баспасөз қызметі.

Халыққа етті тек ветеринарлық бақылаудан өткен орындардан сатып алу, етті 70°C-тан жоғары температурада мұқият пісіру, шикі етпен жұмыс істегеннен кейін қолды және құралдарды жуу, қайта сойылғаны белгісіз малдардың етін тұтынбауға кеңес берілген.

- Күйдіргі адамнан адамға жұқпайтынын, тек жануарлардан немесе олардың өнімдерінен жұғатынын есте ұстаған жөн. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп жатыр, - деді баспасөз қызметі.

Қала тұрғындары қазір ет алуға қорқып отыр. Олардың бірі бүгін облыс әкімдігінің телеграм арнасынан ресми ақпарат сұрап, алаңдайтындықтарын жеткізген.

Бұған дейін Атырауда мал базарда жұмыс істеген және қасапханада істеген екі адамнан күйдіргі анықталып, ауруханаға жатқызылған еді. Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары барлық сою цехтарында, ірі базарлар мен сауда орындарында сынама алғанын хабарлаған.