Атырауда күйдіргі жұқтырған тағы бір адам тіркелді

Атыраудағы мал базарда жұмыс істеген тағы бір қызметкерден күйдіргі анықталды. Ол да шаруа қожалық қызметкері. Ақпаратты облыстық әкімдіктің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев растады.

Оның сөзінше, аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде науқас медициналық көмекке жүгінген. Диагноз зертханалық зерттеулердің нәтижесінде расталды. Қазір ауруханада ем қабылдап жатыр.

Бұған дейін 25 қарашада Атыраудағы мал сою пунктерінің бірінде істейтін жұмысшыдан күйдіргі анықталғаны белгілі болған еді. Пунктіге карантин енгізілген.

Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары барлық сою цехтарында, ірі базарлар мен сауда орындарында сынама алғанын хабарлаған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, өнімді сақтау және сату орындары (сөрелер, стеллаждар); сою және тасымалдауға арналған жабдықтар; саудаға шығаруға арналған малдың ұшалары; топырақ, мал азығы және биоматериалдар тексерілген.

Барлығы 67 нысан зерттеліп, 700-ден астам сынама алынған. Сынама нәтижесінде күйдіргі бактериялары анықталмағаны айтылды.

Облысқа жұқтырылған немесе құжатсыз малдың әкелінуін болдырмау үшін қала сыртында төрт бақылау бекеті орнатылды. Мұнда полиция және ветеринарлық мамандар құжаттарды, оның ішінде вакцинацияны растау құжаттарын және малдың жағдайын тексеріп, дене температурасын өлшейді.

Карантин аумағында тұрған 225 бас малға вакцина егілген деп айтылады.

Руслан Жұмағазиевтің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарына сүйеніп, “күйдіргі адамнан адамға жұқпайды. Адам тек ауру малмен немесе оның өнімдерімен тікелей байланыс кезінде жұқтыруы мүмкін” дейді. Осыған байланысты облыс тұрғындарына сақтық шараларын қатаң сақтау және тексерілмеген өнімдерді тұтынбау туралы ескерту жасалған деп айтылады.