АҚШ Конгресі шілденің соңында Ресейге АҚШ-та 2016 жылы өткен президент сайлауы науқанына араласқаны және Қырымды аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерге дем бергені үшін қосымша санкция салу туралы заң жобасын мақұлдаған еді.
Жаңа заң Ресейдің энергетика компанияларының операцияларына шектеу қояды. Заңға сәйкес, АҚШ президенті Дональд Трамп Конгрестің мақұлдауынсыз Мәскеуге қарсы енгізілген санкцияларды жұмсарта алмайды.
Ресей президенті Владимир Путин заң жобасын Конгресс мақұлдаған кезде ашулы реакция танытқан әрі заң бекітілмей жатып, шілденің 30-ы күні Ресейдегі АҚШ-тың дипломатиялық қызметкерлерін 755 адамға қысқарту туралы бұйрық берген. Мәскеудің бұл шешімі Ресейдің Украинадағы агрессиясы, Сирия соғысындағы рөлі мен 2016 жылғы АҚШ сайлауына араласуы тудырған Вашингтонмен арадағы шиеленісті одан сайын күшейтіп жіберді. Ресей АҚШ-тың санкция салуын "өзін жөнсіз оқшаулау" деп айыптаған.
Ресейге салынған санкциялардың Еуразия экономика одағы аясында Мәскеудің серіктесі саналатын Қазақстанға әсері туралы қоғамдық белсенділер бұған дейін де айтып келген. Мәселен, кей сарапшылар Қазақстанда соңғы апталарда теңгенің долларға шаққандағы бағамының күрт өсуін осы санкциялармен байланыстырған.
Тамыздың 8-і күні премьер-министр Бақытжан Сағынтаевпен кездесу кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Үкімет қызу жұмыс жүргізіп отыр деп есептеймін. Жылды жақсы нәтижелермен қорытындылау үшін бәріңізді ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамын. Тәуекелді тұстар да жоқ емес. Энергия тасымалдаушыларымызға, шикізат өнімдеріне деген бағаның өзгерісі. Бәлкім, батыстың Ресейге қатысты санкциялары әсер етер. Осыны ескеру қажет", - деп айтқан.
Батыстың Ресейге салған санкцияларының Қазақстанға ықпалы қай тұрғыда, қандай салаларда болуы мүмкін? Ең алдымен бұл ықпалдан кім зардап шегеді? Санкция әсерінен сақтану жолдары бар ма? Осы және өзге де сауалдарға AzattyqLIVE эфирінде экономист Тоқтар Есіркепов жауап берді.