Денесіне ауыр жарақат түскен белгілі продюсер әрі тележүргізуші Баян Есентаева қазір ауруханада жатыр. Полиция күдікті ретінде ұстаған оның күйеуі екі айға қамауға алынды. Қазақстанда көпшілікке танымал Баян Есентаеваның жағдайын әлеуметтік желіде қолданушылар қызу талқылап жатыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғасын қоғам талқысына салып, кінәліні жазаға тарту керек пе, жоқ әлде мәселені «отбасының ішкі шаруасы» деп елеусіз қалдырған жөн бе деген сауал төңірегінде әлеуметтік желідегі пікір екіге жарылып отыр.
Есентаеваның басындағы жайт отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы әлеуметтік топтың кез-келгенінде кездесетін құбылыс екенін тағы да көрсетті. Сонымен бірге ондай оқиғалар көбіне «елден ұят болады» деген желеумен отбасынан аспай, «жабулы қазан» күйінде қалатыны да рас дейді желі қолданушылары.
Тұрмыстағы зорлық-зомбылық Қазақстан қоғамына ғана тән құбылыс па? Бұл проблеманы талқылаудан қашқақтауды ұлттық менталитет ерекшелігімен ақтауға бола ма? Мұндай жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күресуге болады?
AzattyqLIVE хабарында Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының төрайымы Зүлфия Байсақовамен тұрмыстағы зорлық-зомбылық және оған қоғамдағы көзқарас жайын талқылады. Орыс тілінде өткен хабардың толық видеосын мына сілтеме бойынша көре аласыз.