25 қарашада, қас қарайған кешкі 17:30-дар шамасында камерадағы сөремде көз шырымын алып жатқанмын. Бір уақытта камераның есігі айқара ашылып, бірнеше ер адам сау етіп кіріп келді. Олардың саны есімде қалмапты. Барлығы азаматтық киім – пальто киген жас жігіттер. Қатты қорқып кеттім, көз алдыма қыркүйектің 23-і болған оқиғалар келді: сол жолы дәл осылай камераға бірнеше ер кісі кіріп келіп, мені камерадан итеріп шығарып, жеке бөлмеге апарған, онда мені майор Ягубов ұрған еді.
Оның соққыларының кесірінен күн сайын басым қатты ауыратынды шығарды, жүре алмай қалдым, басыма жылы орамал тақпай ұйықтауым мұң болды...
Бұл жолы кіріп келген еркектер камераның бұрыш-бұрышына тұра қалды. Қара пальто киген біреуі менің сөремнің қасына келді. Жиіркенішті түрде мырс еткен ол ернімен және қолымен әдетте жезөкшелерді, көшеде тұратын қыздарды көрсететін ишара жасады...
Қатты дірілдеген менің «Сіз кімсіз?!» деп айқайлағанда жан даусым шықты. Зорлағысы келгендей ыржия қараған ол қасындағы еркектерге бір қарап қойып, қасыма тіпті жақындай түсті. Қатты қалшылдап, айқайға бастым, өмірімде ешқашан бұлай шыңғырмаған шығармын. «Кетіңдер! Сендерге берілмеймін! Оңбағандар! Жетесіздер! Жексұрындар!» - деп айқайладым.
Байбаламға басып, шыңғыра бердім. Олар сәл алыстап кетті де, өзара күбірлеп сөйлесіп, камерадан шығып кетті. Жаным байыз таппай, таңға ұйықтамай шықтым.
Жасы үлкен, ауру кісіге кекесінмен қарап, мазақ еткеннен ләззат алатын осындай еркектер қайдан шығады екен?
Ертесінде таңертең камераға тергеу изоляторының форма киген қызметкерлері кірді. Тағы да қатты шошып кеттім. Олардың не айтқандарын түсінбедім, әйтеуір құр жылай бердім. Олар кетіп қалды. Түске қарай қайта келді де, маған дәрігерлерді зәбірлегенім үшін үкім шығарылғанын айтты (??!).
Денемде сау-тамтық қалған жоқ...
Олардың мақсаты – мені мазақ етіп, қорлап, психикамды түбегейлі бұзу.
Лейла Юнус.