8 қаңтарда Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Баку–Қазан-Баку бағыты бойынша рейсі ұшпай қалды. Қазан қаласында "Ковер" жоспары енгізіліп, әуе кеңістігі жабылған. Рейс соған байланысты тоқтаған.
"Azerbaijan Airlines қауіпсіздікке басымдық береді, халықаралық стандарттарды қатаң сақтайды" деді компанияның баспасөз қызметі.
25 желтоқсанда Әзербайжан астанасы Бакудан Шешенстан орталығы Грозныйға ұшып шыққан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Embraer E190 ұшағы Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған. Борттағы 67 адамның 38-і қаза тапқан еді.
Ақтаудағы ұшақ апатынан кейін бірқатар әуекомпаниясы Ресейге ұшатын кейбір рейстерін уақытша тоқтатқан. Арасында қазақстандық Qazaq air да бар.
Ақтауда апатқа ұшыраған AZAL әуекомпаниясына тиесілі Embraer ұшағы Баку - Грозный бағыты бойынша ұшқан. Алайда негізгі болжам бойынша, Грозныйда ресейлік әуе қорғаныс жүйесінің шабуылына ұшырағаннан кейін бағытын өзгертуге мәжбүр болып, Қазақстанда апатқа ұшырады. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев апатқа Ресей өкілдері кінәлі деп мәлімдеп, Ресей жағы өтемақы төлеуі керек деген талап қойған.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Әлиевке ұшақ Ресейдің әуе кеңістігінде апатқа ұшырағаны үшін кешірім сұраған. Ресей билігі әзербайжан ұшағы Грозныйға қонбақ болған кезде украиналық дрондарға байланысты қала төбесінде әуе қорғаныс жүйесі іске қосылып тұрғанын мойындаған.