БАӘ соты раввинді өлтірген деп айыпталған үш өзбек азаматына өлім жазасын кесті

Біріккен Араб әмірліктерінде кісі қолынан қаза тапқан раввин Цви Коган

Біріккен Араб әмірліктерінде кісі қолынан қаза тапқан раввин Цви Коган

Біріккен Араб әмірліктерінің соты Өзбекстанның үш азаматын израильдік раввин Цви Коганды өлтіргені үшін айыпты деп танып, үшеуіне де өлім жазасын кесті. Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растады, бірақ істің егжей-тегжейі әлі белгісіз қалып отыр.

The Times of Israel басылымының хабарлауынша, үкім Әбу-Дабидің федералды апелляциялық сотының мемлекеттік қауіпсіздік палатасында қаралған іс бойынша шығарылған. Өлім жазасына кесілген үшеу – 29 жастағы Олимбой Тохирович (тегі көрсетілмеген) пен онымен жасты Махмуджон Абдурахим және 34 жастағы Әзизбек Комилович (тегі көрсетілмеген). Осы іс бойынша айып тағылған төртінші адам өмір бойына түрмеге жабылды, сот оны қылмысқа қатысы бар деп таныған.

Тергеу айыпталушылардың раввин Коганның жүріп-тұрғанын аңдып, шабуыл жасауды алдын ала жоспарлағанын анықтаған. Прокуратура сотқа айыпталушылардың қылмыс жасағанын мойындаған куәліктерін, сот-медициналық сараптамалар қорытындыларын, өзге де мәліметтерді, кісі өлтіруге қолданылған құралдар туралы ақпаратты және куәлердің айтқандарын ұсынды.

"Хабад" еврей қозғалысының өкілі, 28 жастағы раввин Цви Коган 2024 жылдың қараша айында Әбу-Дабиде хабар-ошарсыз кеткен. Бірнеше күннен кейін Оманмен шекараға жақын Әл-Айн қаласынан өлі табылды. The Wall Street Journal басылымы қылмыскерлер раввинді ұрлап әкетіп, Оманға жеткізбекші болған, қылмысқа күдіктілердің бір бөлігі Түркияға қашып кеткен деп жазды.

Израиль билігі бұл қылмысты "антисемиттік террорлық акт" деп бағалады. Біріккен Араб әмірліктерінің билігі осы іс бойынша шығарылған үкім "терроризммен күресуге деген мызғымас табандылық" пен "әділет жүйесінің жоғарғы стандарттарын" паш етеді деп мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Біріккен Араб Әмірліктерінде бес өзбек азаматы экстремизм күдігіне ілінді

Цви Коган кісі қолынан мерт болғаннан кейін Әбу-Даби билігі себебін түсіндірместен Өзбекстанның көп азаматын ел аум ағына кіргізбей қойды. Оларды әуежайдан ұстап, келген жағына қайтарып жіберді. "Газета.uz" басылымы Біріккен Араб әмірліктеріне кіре алмаған, себебін ешкім түсіндірмеген өзбекстандық ер азаматтардың хикаялары туралы жазды.

Бұған дейін Өзбекстанның сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Израильдің елшісі Гидеон Лустигке көңіл айтып, Өзбекстан тарапы қылмысты тергеу ісіне БАӘ мен Израиль биліктеріне жәрдем танытып, ынтымақтаса жұмыс істейді деп сендірген.

Өлім жазасына кесілгендер Біріккен Араб әмірліктері федерациялық жоғарғы сотына апелляциялық шағым бере алады.