АҚШ президенті Джо Байден федералды соттар өлім жазасын кескен 40 адамның 37-сінің жазасын жеңілдетті. Бұл туралы CBS арнасы мен басқа да америкалық ақпарат құралдары хабарлады.
Бұл 37 адам өмірінің соңына дейін түрмеде отырады және олар мерзімінен бұрын босап шыға алмайды.
"Жек көргендіктен жаппай қырып-жойды" деген айыппен өлім жазасына кесілген үш адамның жазасы күшінде қалды. Олар – 2013 жылғы Бостон марафоны кезінде теракт жасады деп сотталған Джохар Царнаев, Питтсбургтегі синагогада атыс ұйымдастырған Роберт Бауэрс және Чарльстон қаласындағы Эмануэль Африка методистерінің епископ шіркеуінде тоғыз адамды өлтіргені үшін айыпты деп сотталған Дилан Руф.
АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп қызметіне кіріспес бұрын, президент өкілеті аяқталуына бір айдан аз уақыт қалған Джо Байден федералды соттар шешімін жаппай қайта қарап, өлім жазасын өмір бойғы түрме жазасына ауыстырды.
Байден "федералды деңгейде шыққан өлім жазасынан бас тарту керек екеніне уақыт өткен сайын сенімді бола бастағанын" айтқан. Алайда АҚШ-тағы өлім жазасының басым бөлігі штат деңгейінде шығады. Қазір әртүрлі штатта сот өлім жазасына кескен адам саны екі мыңнан асады.
Байден билікке келгеннен кейін 2021 жылы федералды соттар шығарған өлім жазасын орындауға мораторий енгізілді. Трамп бірінші рет президент болған тұста федералды соттар өлім жазасын кескеннен кейін абақтыда отырған 13 адамға сот үкімі орындалған. Трамп президенттігінің екінші мерзімінде билік өлім жазасы туралы үкімді орындауды жалғастыратын болады деп мәлімдеген.
Желтоқсанда Байден сот түрме жазасын кескен 1500-ге жуық адамның жазасын жеңілдетіп, 39 америкалыққа кешірім берді. Олардың арасында өз ұлы Хантер де бар, заңсыз қару ұстау және салықтан жалтару ісі бойынша үкім күтіп отырған кіші Байден рақымшылыққа ілінді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Байден қылмыстық істер бойынша кінәлі деп танылған ұлына кешірім берді2013 жылғы 15 сәуірде Бостон марафоны кезінде болған жарылыстан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған. Сот бұл шабуылды ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтар жасады деп тапты. Тамерлан Царнаев полициямен атыс кезінде қаза тапқан.
Сот Джохар Царнаевқа 2015 жылы өлім жазасын кесті, кейін соттар оның бірнеше шағымын қабылдамады. Ол қазір Колорадо штатындағы ең қатаң режимдегі түрмеде отыр, ол мекемені "таулы Алькатрас" деп те атайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Царнаев өлім жазасына кесілдіБостандағы теракт ісі бойынша 2015 жылы Қазақстанның екі азаматы жауапқа тартылған. Царнаевпен Дартмут университетінде бірге оқыған Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов "Царнаевтың жарылысқа қатысы бар екенін дәлелдейтін айғақтарды жоюға тырысты" деп айыпталып, сотталған.
Диас Қадырбаевқа сот алты жылға түрме жазасын кескен еді. Айыптау қорытындысы бойынша, Қадырбаев теракт бола салысымен ФБР таратқан суреттердің ішінен жарылысты ұйымдастырды деген күдікке ілінген Царнаевты танып қалып, оның жатақхана бөлмесінен жеке заттарын алып шыққан.
Үкім шығар кезде Қадырбаев "өз ісіне өкінетінін" айтқан. Диас Қадырбаев 2018 жылы түрмеден мерзімінен бұрын босатылып, Қазақстанға депортацияланды.
Дәл осындай айыппен үш жарым жылға сотталған екінші қазақстандық студент Азамат Тәжаяқов 2016 жылы түрме жазасын өтеп шығып, Қазақстанға оралған. Оған да тергеу ісіне кедергі келтірді деген айып тағылған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бостон терроршысы үшін сотталған Қадырбаев босады